Туындылары
* * *
Бұл фәнидің түңіліп көжесінен,
Шарап іштім әкеліп көзесімен.
Өлең де мас, мен де мас би биледік,
Жарық дүние айрылып өз есінен.
Сырдың суы келмеді сирағымнан,
Басыртқы жеп жырымның құймағынан,
Естен шықты бәрі де, бәрі, бәрі,
Өлтіруге ақынды қимады лаң.
Лапылдадым іштегі шерді төгіп,
Ата-баба әруағы келді көріп.
Жүрегімді үстелге қойып тұрып,
Жан-жағынан аямай пергіледік.
Ой салды ма жасаған лаңы көп,
Бізге қояр жүректің сұрағы жоқ.
Жуып-шайып сол күні бар күнәсін,
Қаны ағып, солқылдап жылады кеп...
Мен фәнидің түңіліп көжесінен,
Алып келдім шарапты көзесімен.
Ет жүрек те мас болды бір кездері,
Тайып кеткен жаңылып өз есінен.