Туындылары
ҚАРА БУРА
Естігенмін мен Сізді, Қара Бура,
Мына дала киеңмен жаңаруда.
Жырларына өзіңді қосты бүгін,
Қайнар бұлақ секілді бала Бура.
Тапталғанмен бұл дала кілең жатқа
Мекеніңді аңыздан білем жатқа.
Ғайып Ерен-Қырық Шілтен үкілеген,
Өлеңімді ұшырғам Түмен бапқа.
Жерім аман сансыз бап-Сайрам да аман,
Бірақ қазақ кезінде ойланбаған.
Әлдеқайдан келіп Сіз желмаямен.
Ояттың-ау еліңді, қайран бабам.
Шашты Әзіз жатқан жер – жер төресі,
Сиқырлы тылсымы мол ертек осы.
Баптар бабы жебеген Арыстан бап,
Қожа Ахмет тербеткен өлкем осы.
Біткен кезде енді-енді санаға жан,
Сені іздегем қырдағы сағанадан.
Аман-есен жатыр ма қасыңызда,
Кәландалар өзіңді жағалаған.
Мына дала киеңмен жаңаруда,
Қара шаңырақ – Қаратау – Қара бура.
Жырларына өзіңді қосты бүгін,
Қайнар бұлақ секілді Бала Бура.