Атанбек Наурыз

Туындылары


ҚАРА ҚАСПАҚ

Бала ғой бұл, не біледі деді ме,
Көрші жеңгем кенет кіріп келді де:
- Апаңды сәл күте тұр, - деп, жайғасты,
Маған төсек салып беріп төргі үйге.

Көз жұмулы, сезем тысыр-тасырды,
Әне, әне, қара қазан ашылды.
Сылан шайы киген жеңгем қаталдау,
Көтеруге мұрша бермес басымды.

Баса да алмай жарық берер тетікті,
Дем жетпестей бала көңіл ентікті.
Ия, сол түні көрші үйінде анамның
Жүрегі ұстап, доғдыр алып кетіпті.

Аңсарымды талай күдік жасқады,
Апамды ойлап, қараң қалды бас қамы.
Ау, айтпақшы, қазандығы тамақтың,
Қалыпты тек қалың қара қаспағы.

Дәмді қаспақ от қарыған, тұз сіңген,
Жеген сайын дарығандай күш бірден.
- Ботақаным, асықпай же, тойып ал,
Ана дауысы жаңғырады үстімнен.

Бауырында сол елестің жылынып,
Алдан қашқан бұлдырайды бір үміт.
Қаспақ соңы ащы тартып барады...
... Тап сол күні анам кетті ... үзіліп ...

Қара қазан жоқтағандай от жалап,
Қара ошақтан түспей қойды апталап.
... Содан бері қаншама жыл сырғыды,
Қара жолға із тастадым соқталап.

Өмір маған енді жыли бастады,
Күннен қалған аптап сынды тастағы.
Бірақ, іште тас секілді жібімей
Қалған сурет : анашымның қаспағы.