Туындылары
* * *
Шың басынан сырғыған көшкін мен едім,
Өстім демедім, немесе өштім демедім.
Басып та, жаншып жүргенмен әлде біреулер
Телмірмеді әйтеуір ешкімге өлеңім.
Ләуку-Махфузда не барын пенде білмеген,
Сондықтан да емделдім мен де жырменен.
Тәспінің тасы тобаға тоқтатып ойды
Ақын ба ақын дұға оқып жерде жүрмеген.
Тылсымы – сиқыр бәйітім данаға мәлім,
Салауат айтып шендіні жағаламадым.
Әшкере оқып көрмедім дұғамды, сосын,
Айналды теріс шын сеніп «Ағалағаным».
Елеусіз елге сіңдім де, қаландым, мәлім,
Илеуде қалған сүйектей таландым, жаным.
Кітапқа қарап атымды қойыпты әкем
Өмірдің жарық етер деп қараңғы жағын.
Жұбатқанымен тірліктің балқаймақ әні,
Заһары кетпес өткеннің таңдайдан әлі.
Өздерін өзі әр пенде пайғамбар санап
Біздің елде адамдар қалмай барады.
Шың басынан сырғитын көшкін мен едім,
Сырдың суын шайқап бір кештім демедім.
Қабылдар деймін оқырман мына бізді де
Айтқаннан соң өлеңім естің дегенім.