Сәрсен Бек Сахабат

Туындылары


ШІЛДЕ


Жегіп алған күймесіне жарау ат,
Шілдедегі күннің көзі ғаламат.
Тас төбеден шаншылғанда жойқын от,
Көзге терің құйылады домалап.

Шалжимайды сәскелікте жай тұрып,
Шаруақор жұрт ерте өреді қайқиып.
Қанша тілде қаншама аңыз келеді,
Күн туралы жер бетінде айтылып.

Талма түсте естілмейді ән тіптен,
Өң қашыпты өсімдіктен, жәндіктен.
Шілдеқоңыз шырылдайды шаршаусыз,
Шықпай үйден бұғып қалған жан біткен.

Шілде күні – оттан шыққан таба нан,
Терді сүртіп, шаңды сілкіп жағадан.
Ұлан – асыр ұлы көшті ұзатып,
Сезіп тұрмын жер ыстығы табаннан.