Атанбек Наурыз

Туындылары


АРМАН – ӨМІР

Жас қозыдай, ал кейде лақтаймын,
Тұрған емес басымда сынаптай мұң.
Өзгелердей жүректі жылатып ап,
Түні бойы емексіп, жұбатпаймын.

Тұлымымды тарайтын жебеушім көп,
Дем береді: «Тынысың кеңейсін!» - деп.
Майы азайып,кей түннен қалып кеткен,
Шам секілді жанбаймын өлеусіреп.

Шыққан тегім ақ сәуле, алдым да – аппақ,
Айдыныма аққу – қаз қонды қаптап.
Керген жіпке ілінген орамалдай,
Жел өтінде тұрмаймын жалбырақтап.

Таңсық емес басқаның мансұқ бағы,
Күміс көмей мен үшін ән жұптады!
Сыңар етік секілді жатқаным жоқ,
Қара суға тұншығып шалшықтағы.

Айбынымнан айдарлы арлан бұғар,
Әр сөзімнің тау жығар салмағы бар!
Осындай бір өмірді кешіп кету,
Жұмыр басты пендеге арман шығар?