Туындылары
ЖАНЫМ АНАМ
Жаным анам,
Қасымда өзің жоқсың жаным алаң.
Сені ғана жүрекпен түсінемін,
Сені ғана жаныммен сағына алам.
«Айналайын» деуші едің жаның еріп,
Жаны берік жан едің, тәні берік.
Енді өзіңді аңсасам елесіңмен,
Балалықтың келеді сағымы еріп.
«Жарығым-ау» деуші едің мейірленіп,
Мейірімге болмысың бейім келіп.
Құшағыңа басушы ең, шашымды иіскеп,
Бұл жалғанда жоқ ерек пейілге еніп.
«Шырағым-ау» деуші едің «шырағым-ау»,
Сендей жан жоқ жалғанда сірә мынау.
Сен өмірден өткенде, шынарым-ау,
Шыбын жаным шырқырап жыладым-ау,
Сендей жан жоқ жалғанда сірә мынау.
«Құлыным-ау» деуші едің «құлыным-ау»,
Сенсіз өткен өмірдің сұры мынау.
Қадіріңді қалайша білмегенмін,
Жаны жомарт, біртуар ұлығым-ау?!
Кей сәттерде жүрегін мұң арбаған,
Өзің жайлы ойлауға құмар балаң.
Содан кейін жанының жасын сығып,
Саған жәннәт сұрайды бір Алладан.