Аймақ Әбілда

Туындылары


* * *

Дәл қазір аса қиын шақта жүрмін,
Я құдай, ақ тілеуін ақта жырдың.
Менің бір титтей сөзім сенде болса
Кейінгі ұрпақ үшін сақта, құрбым!

Жан емен бәз біреуді қайталаған,
Толқыған өрт сезімді шайқап ағам.
Жоқ екен мені ешкім керек етер,
Кіреді көңіліме шайтан арам.

Оралмас көктемдерім қайта маған,
Өлеңді кейінгі де айтар адам.
Тірлікте жалғыз қалып, дір-дір етіп
Шашыма ақ кіргенде ой талаған.

Дәл қазір алай-дүлей кезімдемін,
Ойлап-ақ өлеңімді көз ілмедім.
Кімге дәрі осы күн дәуіт, қалам,
Кімге керек өлмейтін сезімдерің!?

Дәл қазір аса қиын кезде тұрмын,
Өлеңнің жоғалмауын қөзде, құрбым!
Мен деген әр адамның көңіліне
Көшіп-қонып жүретін кезбе гүлмін...