Туындылары
ҚҰСБЕГІ
Атам кірсе, от көзі ойнап тұрған,
Тарап бойын, тұмсығын қайрап тұрған,
Қыран қағып қанатын қомпаңдаса,
Сымбатына қызығам жайнап тұрған.
Жау шақырған аумайтын нар тұлғадан,
Томағалы тариқым – жарты ғалам.
Қарап тұрған секілді, тамсанып кеп,
Шырайланған өлкеге қартым аман.
Қолғап киіп сүйсініп қолына алып,
Саусығымен тарайды жонын жарып.
Қарш – қарш шайнап хас қыран кешегі етті
Бөліп беріп жатқандай соғым салып.
Бір қуанып дауысы саңқылдайды,
Қос жұлдыздай көздері жарқылдайды.
Елестейді көзіме Самұрық құс
Боршалап жеп жатқандай жарты тайды.
Сылап – сипап кеудесін, қанаттарын,
Елемейді – ау, күн өтіп баратқанын.
Атам құсқа, ол бұған ғашықтардай,
Сырласатын сиқырлы тағат барын.
Көргендер осы күні жыр етеді,
Айтқан сайын жаныңды түлетеді.
Аңыз шығар кейінгі көрмегенге,
Бұл құсбегі сырының бір етегі.