Туындылары
ТАҒДЫР
Жас балақай кетер болса көкке өрлеп,
Еркелеткен әке сезім төкпелеп.
Әкесі жоқ мен отырмын булығып
Тәлкек еткен тағдырыма өкпелеп.
Ес кіргелі соңынан мен ермегем,
Әке жүзін мейрім қанып көрмегем.
Бұйырмаған топырағы бір уыс
Бара алмағам оны көмген жерге мен.
Есті жиып түсіп өмір тезіне,
Сұрақ қойдым қайда әкем деп өзіме.
Өксік қысып жоқ екенін сезгенде,
Ыстық жасым тұман салды көзіме.
Бар күнәні көрем өктем тағдырдан,
Ащы уцыты жүрегімді жандырған.
Шырылдатып, жәудіретіп артында
Дәл өзіндей тоғыз жетім қалдырған.
Тағдыр артты қайғы ана басына,
Жеткен жылы отыз екі жасына.
О, тағдыр-ай, сен қатыгез болмасаң
Ақ қонар ма толқындаған шашына.
Соқпақтарда үмітім де қирады,
Өзегімді осы қайғы қинады.
Әкешімнің әз бейнесі жүректе
Өлең сөздің сырлы жолын сыйлады.