Атанбек Наурыз

Туындылары


ҚЫЗҒАНЫШ КҮШ

Сені көріп,көңілім жалқын атып,
Құшқандай боп тұрған ем жарты бақыт.
Кіріп келді ол құттықтап той иесін,
Бүкіл бойын алтындай жарқыратып.

Әскердегі киімнің сәні - бөлек,
Инеліктей белі де елден ерек.
Айналып жүр ауылдың әздіктері,
Сен де кеттің солармен мың дөңгелеп.

Өткір кездік әлде бір ішімді іреп,
Жүрегімді жұлқыды жылымшы леп,
Тиіп кеткен шашына саусағыңды
Тақай бердің ерініңе күлімсіреп.

Тынысымды тарылтқан ыс па, қалай?
Өртке тастап, тағдырдың қыстағаны-ай!
Қос аяғын көтеріп, аспанға атқан.
Кербестідей атылдым тысқа қарай!

Тоқтау білмес ауылдың сотанағы ем,
Лақтырды мылқау күш одан әрмен.
Қамыс бойлап, шалшыққа мың сүрініп,
Өксігімді бөлістім бақалармен.

Ұстар тұтқа таба алмай қиналған жан,
Қалпын бұзып, кеудеме симады арман!
...Сеңнен қалған көпірге төсеп шықтым,
Бөренені өткенде арнап жиған.