Абай Қалшабек

Туындылары


САҒЫНДЫМ

Сағындым жаным, сағындым сені сағындым,
Аллаға сені аман болса деп жалындым.
Өзгелік емес, өзімдік болса деп тілеп,
Көзіммен жасқа жүрекпен мұңға малындым.

Жыладым жаным сағынып сені жыладым,
Алладан сені мендік болса деп сұрадым.
Әлдебір күдік әлімді менің құртса да,
Өзіңсіз мүлде келмейді менің құлағым.

Аңсадым сені сағынып жаным аңсадым,
Басымда менің торлаған бұлттай қанша мұң.
Үміттер арай күндерге қарай шақырса,
Күдіктер жатыр сезімге сұғып саусағын.

Дегенмен жаным өзіңді сүйдім жүрекпен,
Өмір сүремін сен мендік деген тілекпен.
Сағынтсаң сағынт, әйтеуір бір күн алдыма,
Естіртші келіп жүрегің үнін дір еткен.

* * *

Мені де жаратты бір Алла
Сені де жаратты бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Жарықты беретін бір Алла,
Жүректі көретін бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Адамды жаратқан бір Алла,
Ғаламды жаратқан бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Тәнге жан салатын бір Алла,
Жаныңды алатын бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Жаныңды алатын бір Алла,
Сұрауды салатын бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Жәннатқа бастайтын бір Алла,
Тозаққа тастайтын бір Алла.
Сөзіме күмәнің болса егер,
Үңіліп қарашы Құранға.

Мені де жаратты бір Алла,
Сені де жаратты бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.