Мұрат Бекей

Туындылары


ЖАЛҒЫЗ АҒАШ


Жалғыз ағаш жапанда,
Басын кімге сүйемек.
Жететін жер-жаһанға
Саясын ит иелеп.

Қанша көзді мөлитті,
Шығарған шөл ығырын.
Түсімде де сол иттің
Мазалайды ырылы.

Шапағаты саяның
Көзден бұл-бұл ұшты ма.
Бұтағына аядым
Қона алмаған құсты да.

Ақыры ағаш қурады,
Жанарын жас шылаған.
Тамырына су-дағы
Тамыза алмай бір адам.

Көк желегін жел тарап,
Күндер өткен жан тербер.
Еске алады бір қарап
Жасын түскен өртеңге ел.

Басқа қолда кілті оның,
Амалың жоқ тағдырға.
Итке,бірақ,ит-өлім,
Нәсібі елдің алдында.

Жалғыз ағаш жоғалған,
Сая айналып сағымға.
Келем сонда сан арман
Сансыратқан шағында.

Беріп ерік көп тұрам
Қиялға алыс жол шегер.
Көктеріне жоқ күмән,
Тамыры есен болса егер...