Туындылары
* * *
Тентегім-ау,
Келіп қалған қалаға ерке елік-ау.
Бал бұлақтың суындай сыңғырлаған,
Таусылмайтын бір күйді шертемін-ау.
Тентегім-ау,
Күйіп-жанып сен мені өртедің-ау,
Өзің сыймай өзіңе лапылдадың,
Кездеспейтін өмірде ертегім-ау.
Болмысы да, бітімі бөтен- бөлек,
Көңіліме көгершін мекендемек.
Кездеспеген қырық жыл қуаныштан,
Қорықтым-ау шашылып кетем бе деп.
Отырушы ем әшейін қалғып атта,
Ер салайын жаңадан арғымаққа.
Жүдеп-жадап шаң басқан жүрегімді
Шайып алшы, қарағым, Шарбұлаққа.