Сабырбек Нұрманұлы

Туындылары


ШАШТЫ ӘЗІЗ


Ғасырға ғасырларды жалғастырған.
Хас ұлға асылдарды жолдас қылған.
Нар сынды ел қадамын оң бастырған.
Қолына құран ұстап малдас құрған.
Келерін ұрпағының ойластырған.
Ашылып өзіңізбен алғаш құран.

Алла деп бата берген Шашты Әзизім.
Біздерге қасиетті басқан ізің.
Құранның оқығанда жатқа сөзін.
Күймеген жалын шашқан отқа жүзің.
Алладан болмай бөлек басқа үзірің.
«Ислам» болды сенің бас дәлізің,
Жанын да құрбан еткен бір Құдайға,
Өзіңмен тірілдік біз, Шашты Әзізім.

Ниет ақ келдік бүгін асқа атаған.
Тартылған киіз үйге, қосқа тағам.
Жат болған өз дініме мен емес ем,
Нала боп ренжіме босқа маған.
Өскендей елсіз құмда таста – балаң,
Ақ жолын ұғып енді, бастады аман.
Жалғанда жол жоқ еді басқа маған.
Сондықтан жанарымды жас қамаған.

Түсініп жіберген мол қатамызды.
Ес кіріп таныдық кеш атамызды.
Өзіңіз шын әулие атам ізгі
Берсеңіз, Түкті Баба, батаңызды.

Ана Тілде,Сұранам,
                     Сөйлеңдерші!

Желтоқсан жаңа ғасыр белесінде,
Желтоқсан ұлы көштің кемесінде,
Тірілерге тіл қатқан періштенің,
Үні ұйқымнан оятар, сенесің бе?

«Сенші, аға, жаламен қамағанға.
Қыз болсам да аяусыз сабағанға.
Талатқанға тәнімді жалаңаштап,
Қанішерлер айдақтап қабағанға.

Жегізгенмен адамзат жемегенді,
Желтоқсанның қадірі бөлек енді.
Соңғы демім шыққанша арпалыстым,
Кеңейтуге қазақы керегемді.

Боршаландым тілім мен ділім үшін,
Еркіндігін аңсаған күнім үшін
Ана тілде өтінем, сөйлеңдерші,
Арнамда мың үзілген гүлің үшін.

Қазақ болып туылар ұлың үшін,
Тірліктегі жалғыз – ақ құның үшін.
Ана тілде сұранам, сөйлеңдерші,
Тым болмаса келешек ырым үшін».