Гүлнәр Өмірбек

Туындылары


АҚ ҚАНАТТЫ ПЕРІШТЕМ

Жетем деген арманым жүр алыста,
Жүрген жан ем айтеуір бір ағыста.
Айналайын ақ қанат періштем,
Көңілімді бөледің қуанышқа.

Бір бақытқа қашаннан тапшы жаным,
Күміс күннің төгілдір ақ шуағын.
Ең алғашқы періште пәк күлкіңмен
Төріме жағып келдің бақ шырағын.

Көңілімді қалайша сендіремін,
Жан дүнием балбырап, елжіредім.
Бір бақыттан барады бас айналып,
Пәк тіршілік, сен неткен мөлдір едің.

Жанарыңда күлгенде айдай ғалам,
Тамашалап тоймаймын, қайран қалам.
Еркелейсің, жылытып жүрегімді,
«Әжелеген» даусың да балдай маған!