Туындылары
ТОМАҒА ТҰЙЫҚПЫН
Томаға тұйықпын,
Мен өзі жүректің түбінен өртеніп шыққан күйікпін.
Талықсып барып, талмай қалған жайым бар,
Солай, мен сондаймын, сүйіктім.
Сен менің асыл сәттерімнің куәсі,
Сен менің өртенген күндерімнің күәсі.
Жүрегіңмен жанымды түсін де жылашы,
Жүрегіңмен жанымды түсін де бәріне шыдашы.
Аяулым, сен менің айым ба едің,
Сен менің басымдағы уайым ба едің?
Мен мынау тасбауыр дүниенің тасбауыр перзентімін,
Болды осы, бары осы, дәл осы жайым менің.
Жанымның ішін жарып бір ызғарлы үн шықты,
Ызғарын шашып, ырқынан тасып ақыры тұншықты.
Дауылдың күші бар оның бойында,
Түсінбейсіңдер сендер жанымды дауылдай ауыр мұң сықты.
Тасып барады мұңым, тасып барады биік кемерінен асып,
Жүрегім менің тереңін жарып шыққан өнеріне ғашық.
Жанымның тереңінде алай-дүлей бір соғыс боп жатыр,
Жайқалар күні болады оның да желегін шашып.
Жайқалады ол әлі желегін шашады
Оқығандар жүрегінің желігін басады.
Өлеңім осы-Алланың сыйы, ұлы Алланың сыйы,
Болды енді тоқтайын көңілім босады.
Тарпаң бір мінез бар оның күшінде долы,
Жүрегінің ішінде өртеніп жүргендер түсінеді оны.
Асаулар ғана түсінеді оны, Алланың құлдары ғана түсінеді оны,
Әлемге дархан даладай бір сыйлық қой Алланың жолы.
Ақылдың нұрлы асын ішейік кел, досым, келші,
Сен менің өлеңімді оқып жүрегіме енші.
Жалындап барып, жалындап жанып, дамылдап та алам азырақ,
Өлген соң қайта жалындап жану немесе дамылдап бағу бар сен, досым, сенші.
Тасынып барып, талықсып қалам кейде мен,
Жүрегім жанбай еріннің сөзін сөйлемен.
Жалғанда мынау желігіп кетем кейде мен,
Жалғаннан мынау жерініп кетем кейде мен,
Жатырдан шығып жалаңаш күйде жалғанға,
Кетем бе бір күн жалаң бір қабат жейдемен?!