Туындылары
ОЛ ЖЕЙХУННЫҢ ҰЛЫ ЕДІ
(Төлеген Айбергеновке)
Жойқын сезім Жейхуннан жұғысқан ба,
Толқынмен Төлеген ұрысқанда?
Арпалысып ағыстан аласұрған
Иірімдер бетінде жымысқанда.
Түтеп кеткен түтіндей...
Асық атым
Жағаға жан жолаудан тосылатын.
Жұлқынумен жұлып жеп қос кемерін,
Сол бетімен Аралға қосылатын.
Табиғаттың заңын да жарты ескеріп,
Бас қайыру бермейтін нар төстеніп.
Құрсауыңа уақытша кесірленген
Мұздары да қататын өркештеніп.
Өр ағыс – ай!
Бұғауды тыңдармысың,
Қызыл сулар айтумен нұрға алғысын.
Қақырата сөккенде сол құрсауды,
Қалатынды адыра мұзжарғышың.
Жан шошытар дауыстар түнде естіліп,
Мұз болғанға пұшайман күй кештіріп.
Шоқпақ қантша уыстап лақтыратын
Соғыстырып сеңдерді, мәңгестіріп.
Сол көрініс көкейде,
Ұмытпадық
Келген ойды сол қалыпты құрықтадық.
Сыртқа атылған киттейінен теңкиетін
Сенделген сең жағаға шығып қалып.
Жанардағы аумай қап жаңа ұшқыннан,
Шағала әні көктеммен табыстырған.
Жағалауда жас ақын желпінетін,
Жырын сомдап жолдағанғарыш сырдан.
...Шақтарды аңсап жайынды, бекірелі,
Бүгін жайдақ су кешкен жетімегі,
Төлеген де көрінбей,
Төлеген де,
Қарс айырылған қарт арна көкірегі...