Туындылары
* * *
Табыстым құран оқып ұлы күнмен,
Өзімнің болмысыммен, тұнығыммен.
Мұхамед – пайғамбарым, құраным – шын,
Құдайдың, әлхамдулла, құлымын мен!
Құранды қасиетті жоғары ілдім,
Ғұмырда көргеніме тоба қылдым.
Түгелдеп құбыламды есім барда,
Тағы да тәспір айтып, жоба құрдым.
Дұғасын кейінгілер маған да арнар,
Ей, шайтан, тозаққа көш санамды арбар.
Бекерге қалам ұстап жүргенім жоқ
Ортадан орын беріп каләндарлар.
Ақыры тобаға кеп, бас білдім-ау,
Аузымда салауатым, тәспім мынау.
Пірлерім жеті кәміл сәлде ораған,
Қолымды өздеріңе тапсырдым-ау.
Болар ма кешірімді алжығаным,
Бір Алла бұйырта ма бал жұмағын.
Майданда екі ұдай сезімменен
Ертеңгі жайымды ойлап зар жыладым.
Ей, Алла, қоғамдағы дүбірменен
Бүлінсем, пенделікпен бүлінген ем.
Түмен бап әлдилеген бесігінде
Түнімен күбірлеген құлың мен ем.
Түкірдім иманы жоқ қызығыңа,
Тойындым жын-перінің ызыңына.
Мол еді шапағатың пенделерге
Барайын мұсылман боп құзырыңа.
Табыстым құран оқып, ұлы күнмен,
Өзімнің болмысыммен – тұнығыммен.
Мұхаммед – пайғамбарым, құраным – шын,
Құдайдың, әлхамдулла, құлымын мен.