Сарыбаев Қаныбек

Туындылары


МЕН – ДӘПТЕР
Мен бір дәптер жазылып әлі бітпеген
Сыңсыған сырлар табар талай жұрт менен.
Қай парақтың қай жолында білмеймін
Өмірімнің таусыларын нүктемен.

Қаласаңдар кәне келіп оқыңдар,
Жанар тауша жалын шашқан отым бар.
Шуылдаған шудаларын лақтырып,
Көкірегімде көкке ұмтылған толқын бар.

Ерін күтіп құдайға әлі жалынар
Менде бірге жесір аналардың зары бар.
О, достарым, кіп-кішкентай болсам да
Ішімде осы дүниенің бәрі бар.

Менің осы өлеңіме қызығар,
Жас арудың жаутаң қаққан жүзі бар.
О, достарым, менің мынау бетімде
Өткен күннің өшпейтін ізі бар.

Мен бір дәптер жазылып әлі бітпеген,
Сыңсыған сырлар табар талай жұрт менен.
Қай парақтың, қай жолында білмеймін,
Өмірімнің таусыларын нүктемен.