Сарыбаев Қаныбек

Өмірдерек


Қаныбек Сарыбаев 1938 жылы 13 наурызда Түркістан қаласында дүниеге келген. 1956 жылы кешкі мектепті бітірді. Еңбекке ерте араласты. Кентау, Арыс, Түркістан қалаларындағы аудандық, қалалық газеттер редакцияларында аудармашы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды.
Өндірістен қол үзбей оқып, 1963 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тамамдады. Өлеңдері он бес жаснан бастап баспасөзде жарияланып келеді. 1986 жылдан КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1958 жылдан қашан тарап кеткенше КОКП қатарында болған.
Ащысай руднигі комсомол комитетінің хатшысы, Фариш аудандық (Өзбекстан) партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болғаны бар.
Екі дүркін: 1967 жылы драмадан, 1987 жылы поэзиядан Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды. В.И. Лениннің 100 жылдығына орай «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Отырар ауданының және Түркістан қаласының Құрметті азаматы.
Он алты жыл Отырар ауданында автоклубты және ақындар мектебін басқарды. Тәушен әбуованы, Жәкен Омаровты, Бекарыс Шойбековты, Айгүл Асаеованы, Маржан Есжанованы, Мақсат Айтжановты айтыс әлеміне алып келген - осы Қаныбек Сарыбаев. Өзі де – белгілі айтыскер ақын.
Үйлі-баранды: төрт ұл, төрт қыздың әкесі, немерелерінің атасы.
Оның «Тұңғыш кітап», «Отырар оттары», «Сезімдер сарайынан репортаж», деген кітаптары мен «Қазақия», «Меккеге тете мекенім» жыр жинақтары бар. Туркияның Анкара қаласында «Отан » деп аталатын тағы бір кітабы жарық көрген.
Сарыбаев Қаныбек 2002 жылдың 12 қазанында өмірден озды.



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу