Ақмарал Леубаева

Лебіз


Біз бір топ аналар Ақмарал Леубаева бастаған, «Анаға хат» атты шығармашылық әдеби кеште балалардың өз аналарына арнап жазған хаттарын тыңдадық. 49 мектеп арасында 300 баладай қатысыпты, соның ішінен іріктеліп 10 бала алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар алды. Әрбір баланың жазған өлең, қара сөздерін тыңдап, жүрегіміздегі аналық сезім оянып, сол балаларға қатты жаным ашыды. Бірақ, бір Алланың панасында болсын деп ойладым. Әр баланың оқыған өлеңінен кейін, өнер адамдары өз әндерін шырқады. Көңіл күйіміз көтеріліп, осындай іс-шара өткізген Ақмарал Пернебекқызына үлкен алғысымды айтамын. Бұл аудандық көлемде өтсе, енді облыстық көлемде өтіп, теледидардан әрбір бала көрсе екен деп тілер едім. Ананы құрметтеп, қадірлеп, қастерлейтін балалар да аз, соны естіп тыңдаса көпшілік ойланар ма еді.

Сапаркүл ТАСТАНБЕКОВА
Ұстаз, тәлімгер



Сырыма бүкпей сыр қостым,
Жырыңа титтей жыр қостым.
Шынайысын тапқан ешкім жоқ,
Анадан артық шын достың- деп жырлаған екен Ақмарал өзінің «Анама» атты кезекті бір жырында. Ия, анадан артық шын достың жоқ екеніне еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі кеудесінде жүрегі бар, әрбір адамзаттың көзі жеткелі қашан. Біз сөз еткелі отырған Ахметқызы Тойтан Тойбала Леубай келіні аналардың ішіндегі ең бір ақылдысы, ең бір ажарлысы еді. Жаратқан Ием, Тойтан апаның жүзіне нұр, тіліне жыр, бауырына ел мақтаған қыз бен ұл берген жан еді.
Бүкіл облыс, республика ғана емес шетелдегі қазақтар айтысын құмары қана отырып тыңдайтын Ақмарал Леубаева осы Тойтан анамыздың бес баласы, бес жұлдызының ішіндегі жарық жұлдызы десек артық айтқандық емес. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтың өзі: «Біз Ақмаралды мақтамауымыз керек, біз Ақмаралмен мақтануымыз керек» - деген еді ақын қызымыздың белгілі бір айтысынан соң. Қазақ айтысының туын биікке көтеріп жүрген Ақмаралдың өзі: «Ақындық маған ана сүтімен келген», – дейді ағынан жарыла. Ел еркелеткен Ақмаралымыздың өзі өмірге қапа болып, жазған жырына көңілі толмай анасынан ақыл сұрағанда:
«Өмір қиын, қызым жеңіл ойлама.
Қадамыңды абайлап бас, ойлана,
Өлең дейтін өлмейтұғын қазына,
Киесі бар ойнама.
Даңқ, дәреже бәрі болар, тілегім.
Бағың жансын, құлыным», – деп жауап береді екен Тойтан ана.
Азғантай ғана өмірінде аурудың азабын қанша тартса да, қайсар ана еш қаймықпады. Қашан көрсең кеудесін тік ұстап, әрбір сөзін шегедей нық сөйлеп, әулеттің ақылшысы бола білді. «Менің өлеңімнің құдіреті, сенің өлеңіңнің құдіретінен күштірек. Сенің айтыстарыңа мен барсам сен айтыса алмай қаласың»-дейді екен Ақмаралға әзіл-шынын араластырып. Соңғы кезде өмірден өтетінін сезді ме, бұрын-соңды ең жақын адамынан айрылып көрмеген ұл-қызыма ауыр тимесін де деді ме Ақмаралды қасына алып, қазақтың дәстүрінде кісіні соңғы сапарға жөнелту жөніндегі жөн-жоралығыларды айта отырып, өзінің жерленетін жеріне дейін айтып кеткен анаға қалай таң қалмассың. Елу алты жасқа қараған шағында өмірден өткен асыл ананың аруағына бас иген ағайын-жегжаттар мен жан жары және бес перзенті бейітінің басына күмбез орнатты. Күмбезге ойып тұрып:
Алладан тілек тіледік,
Алдыңды жарық етсін деп.
Артыңда қалған бес балаң,
Арманыңа жетсін деп, –
Тілек жазыпты. Ия, ананы ардақтаған ел әрайым арманына жетпек.

Маржан ЕСЖАНОВА
Айтыскер ақын, ОҚО Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға
арналған өнер мектеп интернатының директоры