Әбдінағым Көшер

Туындылары


ТӨРТ ӘПЕНДІ НЕМЕСЕ «БОРАНДЫ КҮНІ ДӘРЕТ ҚЫШТАЙДЫ»
(Юморлық әңгіме)


       «Боранды күні «кәкәй» қыштайды» дегендей Егеуәліні түлен түртті. «Есік ашамын» деп қыңыр жабыдай төрт тағандап тұрып алды. Өзінің бабымен келмеген ашу қайбір оңады. Егеуәлінің айтқан сөзіне сразым ашуланған Аңырақай шал астына отты қатты жаққан қазандағы қуырдақтай сырты күйіп, іші шала пісті:
       – Ой, ит! – деді ол баласына. – «Боранды күні күшік пен бала құтырады». Бала дейін десем мұртың бар, ал ит дейін десем туған әкең «явно», менмін. Сонда дені сау екі аяқты да осындай үскірікте жынданатыны болғаны ма? Дайындық жоқ, мата-сата жоқ, мал жоқ, киім-кешек жоқ, неңмен барасың, не апарасың, бізді ұятқа қалдырмақсың ба?
       – Саңырақ атамды көрмегелі алты айдан асып барады, тіпті келініңіз қасына жолатпай жүр соңғы кезде, «Есік ашпасаң, көрпемді ашпайсың» деп шарт қойды, қайтем енді, әкетайым-ау?! – деп Егеуәлі барлық шынын әкесінен жасырмады. Мынадай жауапқа Аңырақай шалдың тіпті екі көзі шапыраштанып кетті:
       – Өй, жасық неме, «Жаман қатын байымсақ, жаман күйеу қайынсақ», – деп Аңырақай шал жан-жағына қарап қарманды. Қапелімде қолына ештене ілікпегесін, тура қасында отырған менің басымдағы «ондатр» құлақшынымды жұлып алып, сүмірейіп отырған Егеуәліге қарай кіжіне лақтырды. Тап осы жолы шалға қатты қарным ашты. Әй өзінің басындағы қырық жамау жаман тымағы тұрғанда менің су жаңа құлақшынымды қару қылғаны несі-ей?! Алжиын деген екен мына шал, алжиын деген екен, – деп кейкидім ішімнен.
       Егеуәлі бұғып үлгеріп еді, құлақшын төбесінен әрмен өтіп кетті. Әшейінде он рет айтып орнынан тұрғыза алмайтын Саңырақова осы жолы пысықсынып пешке көмір салып, тойыс салмақшы болып жатыр екен. Әлгі төркіні туралы әңгіме қозғалғанын есітіп, шешімі не болар екен, итогі не шығар екен деген түлкі пиғылмен келген-ау, сірә. Анықтап қарадым, көмір әкелмепті, әшейін көмір салып жатқандай болып, пештің ауызғы қақпағын ашып, көсеумен көсіп отыр екен. Менің ондатр құлақшыным да осы сәт барып пештің өңешіне кіріп кетті. Саңырақова дым білмегендей көсіп отыр. Құлындағы даусымыз шығып, Егеуәлі екеуміз қатар жетіп бардық.
       – Әй, неғып отырсыз, шығарсаңызшы пештен құлақшынды! – деп, Саңырақоваға қарап еміндік. Ол түкке де түсінбеген кейіп танытты. Барлық ойы төркінінде, есік ашуда болып отырып, тіпті менің құлақшынымның пешке сүңгіп кеткенін байқамаптыда. Шіркін-ай, бейқамдық десеңізші.
       Құлақшын бырысып-тырысып үлгеріпті. Аңырақай шал арқамнан қағып-қағып қойды:
       – Құдай қаласа, келесі күзде Шу бойына ондатр аулауға шығамын, сонда обизәтілнә саған екі құлақшындық тері беремін. Сен анау жаман шешеңе «құлақшынымды мастықпен байқамай пешке тығып алдым, басым мен шашымның күймегеніне қуаныңыз» дерсің, – деп жалынышпен жұбату айтты. Жаңағы Егеуәліге көрсеткен ашудан бір шымшым да қалмапты.
       – Егерде Егеуәліні есік аштыруға жіберсеңіз, онда мен де шешеме айтпауға уәде берейін, – деп мен өзіне «шах» бердім.
       – Онда ертеңге дайындала қойыңдар, күйеу жолдас болып сен барасың, ал қыз жолдас болып...
       – Қыз жолдас болып темекіші-Түлкібақтың қызы – Гүлкімкелді барсын, – дедім іле-шала.
       –Барса, бара қойсын, – деп шал бесін намазын оқу үшін жайнамазын іздей бастады.
       Гүлкімкелді мұндай абыройға ие болғанын естіген сәтінде әбден ісініп-кеуініп, алғашқы минуттарда тіпті бізді адам қатарына қоспай біраз тыраштанды. Тағдырын мына мен және құлақшыным шешкенінде тіптен шаруасы жоқ. Осы дәрежеге өз еңбегімен, адал маңдай терімен жеткендей, паң, немқұрайды және үкіметше.
       Сонымен қысты күнгі боранда «Саңырақ шалдың ауылы қайдасың» деп, үстіндегі тентасы жаңа, ал өзі ескі «Газалпыстоғызды» міне сала жүріп кеп бердік. Жүгіміз көп: Саңырақ шал мен кемпіріне басынан аяғына дейін бір-бір сыпыра киім, тойыс діз киім, 27-ші размерлі екі нәски, екі капрон шұлық, басқаларына бір-бір таза тауарды есептемегенде он бес туысқанына он бес қоян ішік, тоғыз «Тоғыз» яғни тоғыз костюм-шалбар, тоғыз көйлек (таза жібек) тоқсан тоғыз шұлғау, тойыс тоқсан тоғыз метр таза бөз, тоғыз мәсі (сиырдың таза көнінен тігілген), «мұрынбоқтары» үшін таза бумазиден тігілген тоғыз ползунки, құдаларымыздың үйі көрші ауылдың өзбекше мектебіне жақын орналасқандықтан соларға әбден мақтансын деп, солардың өте қадірлейтін екі сом сексен тиындық тоғыз ала тақиясы, тә-ә-әк бес тоғыз болдыма?! Ендігі қалган төрт тоғыздың біреуін көршіміз темекіші-Түлкібақ қосты. Оның мектеп-интернатта завхоз болып істейтін кәсібі бар еді. Таза атластан тігілген тоғыз халат әкеліп берді. Өйтіп-бүйтіп «авансовый отчет» тапсырып, складтан жырыпты. Шіркін, ауыл көрші-қолаң деген дарқан екен ғой. «Көп түкірсе – көл» деген осы. Құдайы көршіміз Тайлыаяқ ауыл ауруханасының қоймашысы еді, ол да әлі пәшкісі бұзылмаған күйінде, қағазы жыртылмаған қалпында тоғыз дізкиім әкеліп қосты. Апам пенсиясына тоқсан сом алатын, үстіне тоғыз сом қосып, соны қойды. Тоғызыншы «тоғыз» таза мал болуы керек деген соң, Кеңсірік кемпірдің інісі тауық фермасының басқарушысы болғандықтан, тоғыз бройлер тауық қосты.
       Сонымен ауылдан шықтық-ау, тойыс шығайын деп қалдық-ау, себебі шығуға енді бір көше қалған еді. Сол шеткі көшеден бұрылып, үлкен жолға түсетін көшеге іліне бергенімізде алдымыздан қызыл лента керулі тұрғанын көрдік. Тормоз бастым. Ыржақ-ыржақ күліп Хуторбек алдымыздан шықты:
       – Әй, сені жын қақтыма, арқан керу қызды үйінен алып бара жатқандағы ырым емес пе, ал сенің қызды үйіне апара жатқанда керетін қай мазағың?! Тұр былай жолдан! – деп ақырдым оған.
       – Сабыр, Әкәуәлі сабыр, – деді бір жақтан қылтиып шыға келген Тіріжан.
       Хуторбек, Тіріжан – бәріміз бір класта оқығанбыз, әрі бір жағынан «бөтелкелес другтеріміз».
       – Бір бөтелке ашпасаңдар, арқан алынбайды, – деп Хуторбек тамағын шерткіледі.
       – «Есектің артын жу да, мал тап» деген тегіннен-тегін беретін жалғыз да жартылығымыз жоқ! – дедім Саңырақованың сараңдығын байқатпақшы болып.
       – «Ат аунаған жерінде түк қалады», – деді Хуторбек.
       – «Доңыздан түк тартсаң да пайда», – деді Тіріжан.
       – Әй, мақұлықтар, мақалдарыңды бастарыңа шайнап жағыңдар да жолдан былай тұрыңдар, күн кешкіріп барады, – деп Саңырақова ісінді.
       – Біреуін аша салайықшы, – деп Егеуәлі еміне беріп еді:
       – «Есекке де жоңышқа ма?», пірп, – деп Гүлкімкелді ернін шығарды. Гүлкімкелдіге қатты риза болып калдым. Мақалға мақалмен жауап берген білімділігіне тәнті болдым. Хуторбек дәу бөренені машинаның алдына домалатып әкеліп, үстіне өзі отырып алды. Айналып өтуге жол жоқ. Кейін шегінейін десем, артқы дөңгелекке тырманың темірлерін қойыпты. Шегінсем баллон жарылады.
       Сараң жеңгем мынадай шешімі жоқ есепті көріп амалсыздан ериін деді. Бір ырымын жасамаса болмайтынын, тойыс төркініне жетуі киын екенін түсінді. Түсінді де өзі астына басып отырған жәшіктен бір қылмойынды сопаң еткізіп алып, Тіріжанға ұстатқан. Ұстатқанда:
       – Мә, құлқыныңды осымен біте! – деген.
       – Цых, – деді Тіріжан, – «Өле ішкеннен бөле іш» деген. Хім-ма, әрі пайдалы, «Біреуден екеу, екеуден төртеу». Хмм, «Ас иесімен тәтті, іс сәрсенбіден сәтті», – деп өлердегі сөзін айтып, алып жіберді. Сондай-сондай сөз айтып бәрімізге ішкізген. «Мәгәрки осыны ішпесең бүгін үйіңе жете алмайсын», – деп еді, Саңырақованың өңешінен сразым екі стақан өтіп кетті.
       – Байғұс-ай, аулыңды шынымен-ақ әбден сағынған-ақ екенсің-ау, – деп Хуторбек көзіне жас алған болды.
       Кеш батты. Бәріміз кәйіппіз. Саңырақова мен Хуторбек, Гүлкімкелді мен Егеуәлі билеп жүр. Тіріжан екеуміз баяғыдан қалған өнбейтін жауыр әңгімені соғып отырмыз. Анау билеп жүргендер кейде жерде шашылып жатқан бес-алты бөтелкеге сүрініп-шалынып құлап қала жаздайды. Қарным ашайын деді. Сингалды басып-басып жіберіп, биші жұртты өзіме қараттым:
       – Тап қана әтесіне нәлет, өзіміздің жұтқыншағымыздан артық ешнәрсе жоқ, жолдастар, давай битейік, – дедім.
       – Қайтейік? – десті бәрі шиебөрідей шуылдаса.
       – Мынау машинадағы тоғыз «малдың» біреуін сойып, Тіржанның үйіндегі Қиқымсұлугүл құрдасқа астырайық.
       – Біреуің не-ей сенің, ең болмаса үшеуін десейші-ей, – деп Хуторбек телмірген. – Достардан несін аяйын, төртеуін, – деп Саңырақова ақ түйенің қарнын жарып-ақ тастады.
       Таңертең тұрсам, басым «дың-дың», «зырқ-зырқ». Кешегіден бір нәрсе қалды ма екен деп, үйдің ішін тіміскілей бастадым. Сөйтсем, ас үйде Егеуәлі мен Тіріжан стақандарын енді соғыстырмақшы болып отыр екен.
       – Бас жазар көбейсін!.. – дедім көзім жайнап.
       – Әй, менсіз қалай бастап кеткенсіңдер-ей? – деп, осы кезде Хуторбек те кіріп келді, сырттан.
       Бұл келіс Қиқымсұлугүлге жақпады. Тағы да қазан көтеремін деп қорықты-ау деймін. Күйеуін бүргедей шағып алды:
       – «Тышқаққа шыбын үймелегіш» демекші, әне, сенің үйіңе тек «алқаштар» жиналады, – деп аяғын сидаң-сидаң басып шығып кетті. Бет-ауыздары көлбіреп ісіп кеткен Саңырақова мен Гүлкімкелді шаштары қобырап, төсектерінен ербиіп тұра бастады.
       Жүртты қайдам, өзім әйтеуір қырлы стаканмен шімпілдетіп тартып жіберіп едім, көзім шайдай ашылып, басымның зырқылдауы қолыма-қол қоя қойды.
       Жалынғандай болып отырып Қиқымсұлугүлдің бір аяқ шайын ішіп, далаға шықтық. Енді Хуторбек жата жабысты:
       – Қыс түсті дегенше сендер тұратын шетпен біздің тұратын шет қарым-қатынасты үзеді, себеп біздердің достықтарымыздың нашарлығынан емес. Ауыл ортасынан ағып өтетін арықтың көпірінің қыста іске аспай қалуынан шығар. Хоо-оошш. Ал, енді өйтіп-бүйтіп бергі бетке өткен екенсіңдер. Давай, үйге жүресіңдер, – деп қоярда-қоймай үйіне ертіп барды. Қойшы құрысын, ол жерде де құр бармайықшы деп тауықтың екеуін бердік. Мұрынбоқтарына үш ползункіні тастап, Хуторбектің қосағы – Эвалина Кристаллинская Мрылқызына интернаттан келген халатты кигіздік. Мұндай да Саңырақова бір-бір килограмнан арықтап қалады, байғұс. Итшілеп жүріп төртінші күні дегенде ауылдан шыктык-ау, әйтеуір.
       Ауылдан екі шақырымдай ұзай бергеніміз еді. Жердегі қар дөңгелектің осіне дейінгі биіктікте. Яғни, қалың. Шыңылтыр аяз бет қариды. Аспан торлама қауынның түсіндей алабажақ. Шығыс беткейден суық жел еңіреп-ақ тұр.
       Тура тауық фермасының тұсына келіп қалғанбыз. Жел тауық ферманың иісін мұрнымызға тыққыштай бастады. Не деген сасық, ащы иіс, мұнан у да тәтті шығар.
       Ескінің аты қанша дегенмен ескілігін қылады екен. Біздің ескі «Газалпыстоғыз»» тура осы кезде тоқтады да қалды. Ескі мотор үнін лезде өшірді. «Тфу» – деп жерге түкіріп жібердім. Тауық ферманы желдің өтіне қай ақымақ архитектор салды екен? – деп қатты қынжылдым.
       – Мына жерден сәл былай өткесін-ақ тоқтамадық па? Бір түрлі жат иіс бар сияқтаныңқырап тұр-ау? – деп Саңырақова мүңкіген иісті шала сезгендей кейіп танытты. Мұрнын жарып тұрса да мәдениетсінуін, – дедім ішімнен. Бірақ сыртымнан жымиған сыңай көрсетіп:
       – Түк те иіс жоқ ғой, әшейін сізге солай сезіліп тұрған шығар. Түндегі ішкен апақ-шараптың иісі болуы да әбден мүмкін. «Қырсыққанда қымыран іриді» деп қазекем бекерге айтпаса керек, машинаның өшуі де оны дәлелдеп тұрған жоқ па? – деп, дым білмегенсідім.
       Тауықтар «құрқылдап» мазасызданып, жәшікті тесіп жібере жаздап, «көтеріліс» шығарып жатты.
       – Мына иіс жақпай жатқан ғой, тауықтарға. Қой мен бұларды былайырақ шығарайын, – деп Егеуәлі үш тауықты аяғынан және желкесінен ұстап аулаққа алып кетті. Өзі мұрнын иісшіл итше көтеріп кете барды. Екі жүз метрдей жүріп тоқтады. Иіс жоқ шекараға жетті-ау деймін. Тауықтарды жерге қоя беріп еді, үш тауық фермаға қарай қаша жөнелді. Қанаттарын сабалап, қоқылдап безіп барады. Мұны көрген Саңырақова:
       – Қайран туған жер. Сен адам түгілі тауықтарға да ыстық екенсің ғой, – деп, көзі жасаурай тауықтардың соңынан қуып кеп берді.
       Кеш батты. Жел басылды. Иіс те тынды. Егеуәлі мен Саңырақова әліге дейін жоқ. Гүлкімкелдіге «Сен барып хабар алып кел, мен машинаны қарайлай тұрайын, кім білген көлденең ұры-қары машинаның «запас бөлшектерін» ұрлап кете ме, оның үстіне мына тоғыздарды да қарауылдауымыз керек ғой» – десем, Гүлкімкелді аяғын еш аттап баспайды, бадалып. «Онда машина мен тоғыздарды сен күзет, мен барып анау боздақтардан хабар алып келейін» десем тағы қалмайды. Содан амалсыздықтан таңды күттік. Тісіміз тісімізге тимей тоңа бастадық. Қой, қарап отырғанша қысыр әңгіме мен уақыт оздырайықшы деген оймен:
       – Осы бет-қол жуудың несі қиын екен, тазаланып жуынып жүрсең, сенен сұлу, сенен жолы болғыш адам жоқ бұл дүниеде, – деп өтірік мақтағансып едім, ол әжептеуір ісіңкіреп-кеуініңкіреп кетті. Жалма-жан кішкентай қол сөмкесінен алақандай айнасын алып, өз кескініне үңіле телміріп, біраз қарап отырды. Сосын қасы-көзін керіп, бетін сипап-созғылап, шашын олай-былай тарап, ит әуреге түсті-ай бір. Мен оның сұлулығына таңданған кейіп танытып, басымды олай-бұлай шайқап, ауызымды ашыңқырап біраз тұрып, сосын «Пах-пах, әдемісің-ау!» - дегенді айттым. Ол әбден болып-толып қалды. Тіпті, шамалап қос томпақ кеудесін ашыңқырап жіберді. Сосын біраздан соң:
       – Әкәужан, мен тоңып барамын, бір түрлі қорқыныштылау сияқты, мені қысшы. Өтінемін, тоңдым ғой, – деп қолтығыма тығыла түсті. Қап, бекер-ақ мақтаған екенмін-ау, жайыма отырсамшы, енді қайттім? – деп іштей қатты қиналдым. Қиналсам да амалсыздан оның қыпша белінен кысып, өзіме тартқансыдым. Жоқ-әй тоңғанымыз, қалтырап-дірілдегеніміз, ерніміз ернімізге тимей сақылдай жаурағанымыз шым-шымдап басылайын деді. Үлкен тұлыпты жамылып, ұйықтап кеттік. Бірақ біреу ұрлап кететіндей бір қолыммен рульден мықтап ұстап отырдым.
       Таң сәріден ояндым. Күлкімкелді аузынан суы ағып, басын иығыма қойып, ұйқысын соғып жатыр екен. Мен жайыммен кабинадан түсіп, есікті жақсылап жаптым да сыртынан сыммен байлап, тауық фермаға аяндадым.
       Келсем шоқша сақал, жыланбет қарауыл шал мылтығын шошаңдатады:
       – Екі ұрыны ұстап едік енді үшіншісі келген бе? Қозғалсаң табанда атамын! – дейді едірең-едірең етіп.
       – Оу, ақсақал олар ұры емес, кәдімгі Аңырақай шалдың жалғызы – Егеуәлі және оның қатыны, тойыс келіні, тойыс Егеуәлінің әйелі немесе дұрыстап айтқанда көрші ауылдағы аты әйгілі саудагер Саңырақтың ортаншы қызы. Қарауыл Саңырақтың атын естігенде жылабеттенген қалпынан шамалы жылынып жібіп еді. «Давай, тұтқындарды кері қайтарыңыз, што такое?» – деген сөзімнен кейін қайтадан суып қалды.
       – Не тантып тұрсың-ей мұрынбоқ?.. Қолыңды көтер!.. Мә арқан... дереу ал да өзіңнің қолыңды өзің байла.. әйтпесе атамын, қазір табан астында! – деп, дікеңдей жөнелді.
       Басқасын қойшы, әлгі «мұрынбоқ» дегені өтіп кетті. Менің әкемнің күшті палуан болғанын, атамның қол басқарып жауға қарсы шапқанын, өзім әйгілі Жалаңтөс батырдың жиені екенімді мына жаман шал білсе де білмегенсіп тұрғаны қанымды қатты қарайтып жіберді. «Күш атасын танымас». Осы байламға келдім де, арқанды қолыма ала салып, өтіріктен білектерімді байлағансыдым. Ойым – үйтіп-бүйтіп қасына жақындау.
       – Тез-тез, мықтылап байла, әйтпесе көзіңді жоямын, «социалистический собственностты» талан-тараж қылдырмаймын, бол тез! Өкіметтің малын жегізбеймін. Кешегі үш тауық үшін үшеуіңді үш жылға айдатпасам қара да тұр! Ондай тауық тек қана біздің фабрикадан шығады. Аяғында белгісі бар, сонысынан таныдым, – деп, қарауыл тап-тап берді. Мен білегімдегі арқаныммен оған жақындай түстім. Көзді ашып-жұмғанша шалды шалып жығып, аузына беторамалымды тықтым да, қолын байлап тастадым. Қалтасынан кілтті алып, кешеден бері қорада қамаулы жатқан «қос боздақты» шығардым. Байқұстар-ай, енді болмағанда өлуге таяныпты. Тоңғандарынан дір-дір етеді. Саңырақованың жүруге әлі әрең келді. Қайсар келіншектің жылағанын алғаш көруім. Егіліп ұзақ жылады. «Кешегі үш тауықты ала кетейік» деп едім, алдырмады. Нағашы қайнағамыздың тоғызға қосқан малы ғой, бірақ керегі жоқ, аулақ жүрейікші, – деп жолатпады. Шалды сол байлаулы күйінде қарауылханадағы жылы пештің қасына отырғызып, мылтығын оқсыздандырып кетіп қалдық. Екі адамның жанынан үш тауықты, артық көрген «социалист-революционер» қарауыл шалға қарнымыз қатты ашты.
       Содан машинаның ауруын емдеп, Саңырақованың ауылына да түс қайта жеттік-ау, әйтеуір. Есік ашу рәсімдері біз келісімен-ақ басталып кетті. «Шаршап келдік», «Қыз келді», «Қыз жолдастың жоралғысы», «Күйеу жолдастың салары», «Сағыныш» атты майда-шүйде жоралғылар жасалынып болғасын табақ-табақ ет келді. Енді асықты жілікті қолыма ала бергенімде, сылаңдаған екі қыз қос табақты көтеріп келіп Егеуәлі екеуміздің алдымызға тартты. «Күйеу табақ» пен «Қосалқы табақ» екенін біле қойдым. Егеуәлінің тұмсығының алдын да майы шылқып төс тұрды. Егеуәліге бұл қиын болды, себебі май көрсе жүрегі лоблып, басы айналатын.
       Рәсім бойынша қосалқы табақтан саусағымның ұшымен қамыр үзіп жедім. Сөйттім де жаңағы ауыз тиген жеріме көкқұлақ елу сомдықты қондырғанмын. Қалта бірте-бірте босап барады.
       Егеуәлі төстің майынан амалсыздан кесіп алды да аузына салғансыды. Жүзі қуарып, әлпеті әлемтапырық болып бара жатқанын біліп-ақ отырмын. Бірақ амал нешік, сыр бермеуіміз керек. Құда жақ сыншыл келеді ғой. Ертең «Ойбай, қызымыздың барған жағы өңшең намыссыз екен, кілең боркеміктер» дегендерінің өзі іремей сойғанмен бірдей емес пе?!
       Егеуәлі бақырайып аспанға қарап отырып, қолын анда-санда табаққа созып қойып қамырынан іліп жеп отыр, Аспанға қарап отырып, қарманып қалтасынан қолына іліккен ақшаны табаққа тастай салды. Ойбай масқара. Бір-ақ сом. Мен шыңғырып жібіре жаздадым, мұнысы несі-ей, ой, намыссыз!...
       – Ей, көзіңе қарасаңшы! – деп оның көк санынан май-май қолыммен бұрап шымшып алған едім, ол көзін сол аспаннан алмаған күйінде қолын қалтасына салып қарманып біраз отырды. Ақыры үлкен құлақтың біреуі ілінді-ау деймін. Суырып алып еді, жүз сомдық шықты. «Ух» деп жүрегімді бастым, сәл болмаған да намысты қолдан беріп қоя жаздағанымызды қарашы-ей.
       Гүлкімкелдіге қарасам, бас-көзге қарамай төпелеп жеп отыр. «Бикеш салды» рәсіміне үш сомдық тастады. «Қыз күлді» ырымына кілең күміс теңгелерден бір сом қырық бес тиындықты санап берді. «Ибай белімге» қағаз ақшадан бір сом салды. «Шашбау сипар» дәстүріне шашындағы «малахит» тас бар «невидимкасын» берді. Бәрін бір қолымен беріп, екінші қолымен етті соғып отыр. «Қаумала жұртым қаумала», «Күрк-күрк», «Жолдас жоралғысы» атты рәсімдерден мен де сүрінбей өтіп, бестік-ондық ақшаларды оңды-солды үлестірудемін. Тамақ та дәмді пісіріліпті. Бір кесек таза ет пен қамырды картобымен қоса алақанымды толтыра аузыма ытқыта беріп едім, «Ойбай, кемпір өлді, кемпір өлді» деген айқай-шу шықты ауызғы бөлмеден. Сөйткенше болған жоқ, бір кемпір көзі атыздай болып алара есіктен кіріп келді де қисалаңдап тұрып-тұрып, бір кезде жерге «гүрс» құлады. Аузы қисайып, көзі аларып жан тәсілім кетіп барады. Мұндай ырым жоралғы біздің ауылда жоқ сияқты еді, сондықтан да мен шынымен-ақ кемпір жүргелі жатқан шығар деп ойладым. Дастарқан басындағы басқа қонақтар жерге шегеленіп қалғандай ешқайсысы орнынан қозғалмайды. Кемпірдің қасындағы жардай келішек:
                     Өлген, құдай бұл кемпір
                     Жүз сом берсең, тірілер
                     Жәрдем еткін, құдалар
                     Жаным сізден сұранар.
       -деп әндетіп, бір боздады дейсің. Аузыма ала берген жаңағы тамақты қайта табаққа саларымды, немесе шайнап-шайнап жұтып жіберерімді білмей, біраз аңырып тұрдым. Гүлкімкелдіге бәрі-бір, «өлмесең, өмірем қап» дегендей кемпірге көзінің қиығында салмады. Егеуәлі аспанға қарап ол отыр. Барлық шешім маған тірелді. Қалтама қол салып едім, тоқсан тоғыз сом төрт тиын шықты. Соны жаңағы жардай келіншекке ұстата салып едім, ол зарлауын жалма-жан қоя қойды да саусағын «тіпалап-тіпалап» түкіріктеп алды да, ақшаны санауға кірісті. Кемпір көзін ашып, қисайған аузын түзете қойып еді, жүз сомға тоқсан алты тиынның жетпейтіндігін біліп қойған жанағы жардай келіншек қайта сұңқылдай бастағанда ол да өңі құп –қу болып қайтадан жата кетті.
       Тоқсан алты тиынды таба алмай, қатты терлеп қиналғанымды Гүлкімкелді көрді де көмекке ұмтылды. Ой, айналайын нарқасқам-ай, осы жақсылығыңды ұмытпаспын-ау. Ол тиын бір сомдықты берді де, төрт тиынды жардай келіншектің қолынан күштеп жұлып алды, әйтпесе ананың оңайлық пен бермейтін түрі бар, жүдә.
       Кемпір жүз сомдықтың күшімен құлаң-таза айығып, орнынан лақтай секіре тұрып, үсті-басын қаққыштап шыға жөнелді. «Шал құлады», «Бала сүрінді» атты дәстүрлер жасалынды. «Ойбай-ай, ақылымды ат тепті» – деп, еңгезердей біреу маңдайын ұстап жетіп келіп еді, «Мә, мынаумен басыңды емдете ғой» деп бес сом отыз тиынды Егеуәлінің қалтасынан алып беріп жібердім.
       Қонақтар тарқады. Үйде өзімізге ғана қарастылар қалды. Егеуәлі ішін ұстап «далаға шығайықшы» деген белгі берген еді, солай еттік. Ол бір езуіне қолын салып жіберді де бағанағы төстің бір уыс майын қолымен өңешінен іліп алып, алысқа лақтырып жіберді.
       – Ух, атасына нәлет, әрең шыдадым ғой. Не жұта алмадым, не тастай алмадым. Әйтеуір, аспаннан көз айырмадым. Көз тайдырсам бітті ақтаратын едім. Күйеу болған қандай қиын, тфу, осы ырым-жырымды қай сайқымазақ ойлап шығарды екен,а? – деп Егеуәлі маңдай терін сүртіп-сүртіп жіберді.
       Ырым-жырым, рәсім-салттардың негізгі «программасы» ойдағыдай өткен соң, Егеуәлі, Саңырақтың үш баласы және мен бесеуіміз шамалы арқамыздың кеңігенін сезінгендей болдық. Сезінгендей болдық та прямой араққа жабыстық. Әнеукүні Хуторбек, Тіріжандармен ішкелі біраз уақыт өтті ғой. Шіркін Егеуәлі екеуміздің жанымыз темірдей сірі екен, содан бері шыдағанымызды айтсаңшы. Шындығы бар ғой, содан бері тиіп-қашып күніге бір шиша, екі бөтелке босатып жүргенбіз. Оның өзінде жасырып ішкенбіз. Бірақ бар ғой «ұрлықы мал – мал емес» дегендей, жасырып ішкен арақтың қайбір дәмі, қайбір рахаты, түптеп келгенде қайбір кәйіпі бар дейсің.
       Бұл жолы бір армансыз сілтедік-ау. Саңырақовтардың үшеуі де қылжия құлап қалды, бір-біреуден дәу-дәу қатынддары бар екен, әрқайсысы өз күйеулерін арқаласып үйлеріне алып кетісті. Егеуәлі жатар алдын да далаға шығып келу рәсімін жасамай, сразым ұйықтау үшін жатын бөлмеге өтті. Күлкімкелді де бізбен бірге шамалы ішіңкіреп, жаңа біразда ұйықтауға кеткен болатын. Саңырақова жеңгем ұйықтау үшін жатын бөлмеге бағана-ақ қарасын батырған. Мен шайқала далаға шықтым. Бөлмеге кіргенімде бағана құдағидың:
       – Үй суықтау, сондықтан да екеуара бір кереуетте аяқтасып жатасыңдар. Жылы болады, – дегені еміс-еміс есіме түсті. Екі кереует екі жақ қабырғада тұр екен. Қараңғыда түртінектеп жүріп оң жақтағы кереуетке бардым. Сипалап көріп едім, екі адамның жатқанын байқадым. Гүлкімкелді мен Саңырақова болды бұлар, онда. Сразым солға қарай жүгірдім. Мұндағысын сипаласам, жатқан бір-ақ адам екен. Аяқ жағын тауып алдымда көрпеге сүңгігенмін. Көрпе іші ып-ыстық жанып тұр. Егеуәлі жылытып-ақ үлгеріпті ғой деп ойлана ұйқыға шомыла бердім. Мен білетін Егеуәлі әрдайым аяғын жуып-ақ жүреді. Сонда да аяғының шуашы бар ма қайдам, иісі мүңкіп мұрнымды бітеп тастады. Біраздан соң бойым жыли бастағанда, мен де аяғымды созбақшы болдым. Созғанда да тікелей Егеуәлінің кеудесінен әрмен асыра, тура мұрнына қарай созғым келіп еді, аяғым жолай қос былқылдақ бірдеңеге тіреліп, әрмен қарай өте алмады. Егеуәлінің кеудесі осыншама үлкен бе еді, ә? Мұндай кеуде штангышы-спортшыларда және қыз- келіншектерде болмаушы ма еді? – деп ойлағанымша, Егеуәлі қолын менің кеудеме қарай созғылаған. Сөйтті де бір пәсте басын бермен қарата, аяғын әрмен жібере қасыма жатты. Денесі немене пәле-ей мынаның? Былқылдақ па, нәзіктеу ме, қалай? Қыздың денесіне ұқсайды. Мен ұйқысыраған болып керіліп теріс аударыла жаттым. Ол енді менің арқамнан құшақтай өзіне тартсын. Әй, мынаны жын соққан шығар, о несі-ей, мені Саңырақова деп ойлай ма екен? Іштің бе тыныш жат, әй, қоя тұр. Ойбай-ау мынауың Егеу емес, тап Саңырақованың өзі ғой. Өле-әә... Орнымнан ұшып тұрып шыңғыра қашқым келіп бір ойландым. Қой, жұрт оянып кетер. Ол қолымен мені құшақтап, өзіне тартып қысып өлтіріп барады. Екі аяғымды өзінің екі санының ортасына қысып, сығып жіберер емес. Түу, шіркіннің ыстығын-ай. Басымды бұрап әкеліп өзінің қос алмасының арасына тығып жіберіп еді, әдемі жұпар иіске еліте тұншығып өле жаздадым. Айқайлауға дауысымды шығармады. Мен торға түскен балықтай бұлқынып жатырмын. Саңырақова дегеніне көндірмекші болып әлек.
       Жүрегім дүрс-дүрс соғып, ұйқым шайдай ашылды. Не істеу керек, а? Тез-тез бір шешім қабылдап, орнымызды ауыстыру керек. Осы кезде тағы бір қызық тірлік есіме түсті. Ол – Егеуәлі мен Гүлкімкелді еді. Ойбуу, масқара жаңа түртінектеп жүргенімде екі бастың түйісе ұйықтап жатқандарын байқап едім-ау. Осы кезде Саңырақова:
       – Егеуім, Егеужаным-ммм! – деп, мені тағы да өзіне қысып, әлек-шәлегімді шығара бастады. Мен жан досым – Егеуәліні ойладым да, аядым. Бұл фәнидегі тазалық, махаббат, шынайылық, пәктік, достық, жолдастық, сыйластық барлығы тек қана осы бір сәт үшін айырбасталып кете бармақ па? Сонда ертеңгі ар-ождан, намыс қайда қалмақ? Ойбай, атама...Жоқ...жоқ. Мен бар күшімді салып бұлқына, жұлқына Саңырақованың құшағынан әрең босанып, Егеуәліге қарай тұра қаштым. Екпіндетіп келдім де Гүлкімкелді екеуінің ортасына қойып кеттім. Сөйттім де Гүлкімкелдіні домалата кереуеттен аударып түсірдім.
       Гүлкімкелді ешнәрсеге түсінбей, көзін уқалап отырды да біраздан соң кереуетке қайта жармасты. Қолыммен қарсыласқанына қарамай, кереуетке мініп алып, тырмысып түсер емес. Осы кезде Саңырақова шам жаққан. Түнере қасымызға жетіп келіп, ұйықтап жатқан Егеуәліні төсегінен жұлып алды.
       – Өй, албасты, өтірік ұйықтағансуын қарашы-ей, тұр былай.
       – Ой, үй-йй, не болды-ей? А, ах? – деп Егеуәлі екі көзін уқалап, мәңіп отырып қалды.
       – Өйтіп жәдігөйсінбей-ақ қой, неге қашасың а, менен? Мына екеуінің жатыстарына жорық болсын? Әй, қыз-әй, бұл не жатыс екі еркектің ортасында?Жүр былай... – деп Саңырақованың енді есі кіріп, Гүлкімкелдіні сүйрелей төсектеріне қарай жөнелді.
       Ертеңіне шаң-шұң дауыстардан шошып ояндым. Құлағымды көрпенің ернеуінен шым-шымдап шығарып тың-тыңдасам, Саңырақ шалдың кемпірі қызына ұрысты салып жатыр екен:
       – Ел емес елге барғансың, жер емес жерге барғансың, не бетімді айтайын жұртыма?! Есік ашуға әкелген дүниесымақтарыңның түрлеріне қара, жарымағырлардың. Ең болмаса Саңырақ әкеңнің дамбалының жыртығын жамауға келмейді. Төрт қапты теңдеп әкелгенге, мен бір кілең «күн –түн», «самолёттан салбырыған», «кимесем өлемін», «Париж сылқымы», «Жапон шалмасы», «Тәнімнің садағасы» сияқты есік ашуға тұратын қымбат-қымбат тауарлар шығар десем, интернаттың халаты ма, бәлністің көйлегі ме, баланың ползонкесі ме? Бұл не мазақтағандарың әй, қу қатын, а? Анау байыңды оят. Анау екі әпендіңді де тұрғыз. Бүйтіп есігімді ашпай-ақ қойыңдар. Ой, өңшең жалаңаяқтар.
       – Ойбай, апа, қойыңызшы енді, ұятты, – деп, қызы қанша басу айтса да басылар болмады.
       – Неменесі ұят екен, ұят болса, ұятты білер болса, өстіп те есік ашар ма адам деген?! – деп кемпір айқайды одан сайын үдетті. Мен Егеуәліні түрттім.
       – Тұрамыз ба? – деді ол.
       – Тұрайық, тап ғана әтесіне нәлет! Қайтайық, – деп қатты кейідім.
       Екеуміз ербиіп тұрып, киініп алдық. Киіне сала сыртқа шықсақ, Саңырақтың балалары машинамызды от алдырып қойыпты. Бәрі түсінікті болды, «қайтыңдар» дегені. Өкпелегенім сонша, мен де кірмедім үйге. Саңырақова жылап, Гүлкімкелді күліп шықты. Үйден бір қызық көріп қойды-ау деймін.
       Ербиіп – ербиіп төртеуміз машинаға міндік. Толып келген қаптарымыз іші бос, табанымыздың астында жатыр. Қалтамыздағы пұлымыз да кеше шашылған. Осы үйден жаңа «ондатр» құлақшын киетін шығармын деген есек дәмемен кеше қызды-қыздымен ескі малақайымды айдалаға лақтырып тастағанмын. Енді өкініп отырмын. Асылы бар ғой, жаңаны оң қолыңмен ұстаған да ғана ескіні сол қолыңмен тастауың керек екен. Осы қағиданы жүрген жерімде айта жүрермін-ау осыдан. Гүлкімкелді де бір сөзінде «құндыз жағалы бір пәлте кигізбесе, үйден шықпай қоямын» деген үлкен жоспарының ұшын сездірген еді. Сонысы есіне түсіп үйден күліп шықты ма екен?
       Сонда да дүние мүлік үшін дымымызды қоймай былғаған Саңырақтың кемпіріне қатты өкпеледік. Алдымызда – ауылымыз. Ондағылар біздің хабарымызды күн санап күтіп отыр. Оларға не айтар екенбіз, ә?