Әбдінағым Көшер

Лебіз


       Әбдінағымның негізгі айтар ойы – кейбір қырсыздардың еңбекке енжар қарап, еңбек тәртібін бұрмалайтындығы, сөйтіп жұмыстан ерте кетіп қалу кемшіліктері юмор тілімен әжуаланады...

М. Шерімов. «Қақпанның» хатшысы,
«Оңтүстік Қазақстан» газеті.
№ 63 (14115), жұма, 30 март, 1984 жыл.



       Әбдінағы Көшеров деген авторды бір танысы Қожекеңе таныстыра кеп: «Сатирик боп беті бедіреймеген, жақсы жігіттердің бірі. Мамандығы – ревизор, сурет те салады» депті, тап бір сатирик атаулының бәрі май жеп жүргендей. Бірақ туындысында сықықшыға қажетті барлық қасиет бар екен...

«Қазақ әдебиеті» газеті.
«Қожанәсір қоржыны, Көпен Әмірбеков»
№ 15, 12 сәуір, 1985 жыл.



       Әзіл-сықық жазуда тынбай еңбектеніп жүрген талапкер сықақшылардың бірі – Әбдінағым Көшеров. Оның жалықпай тер төгіп, көсілте жазатыны көңілге қуаныш ұялатады. Автордың «Ақысына – ресторан» атты әзіл әңгімесі тәп-тәуір жазылған...

М. Шерімов. «Оңтүстік Қазақстан» газеті.
№ 20 (14572) сәрсенбі, 29 январь 1986 жыл.



       Әбдінағым Көшеров мектепті Созақтың сары даласында бітірген. Бір басында жеті өнері бар. Ол дарынды суретші. Осы өзіміздің облыстың айнасы – «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сонау баяғы жылдарда «Қазығұрт сарыны» деген суретімен елге танылды. Өте дарынды публицист...

«Жібек жолы» баспасы және Республика Жазушылар одағының
Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесі, 1993 ж.



       Әбдінағым қазақ жазушыларының ішіндегі сатира жанрынан повесть жазғандардың ілуде біреуі ғана десек қателеспейміз.
       «Өнерді үйрен де – жирен» демекші, бізді Әбдінағымның әдебиеттің әртүрлі салаларынан қалам тартатыны да қуантады.

«Оңтүстік Қазақстан» газеті,
№ 45 (17361), сенбі, 13 сәуір, 2002 жыл.



       Әбдінағым Көшеров бұл жерде жазушылығымен қоса, дарынды суретші екенін де көрсетіпті...
       Кітапта тілдің көне ерекшеліктері де кездесіп қалады. Уақиға шашыраңқы емес, қолдан жонылғандай жұмыр. Қызғылықты және сенімді...

«Ғасыр-Ш» баспасы. 2003 ж.



       «Мәделі» атты бірнеше кітаптан тұратын эпикалық шығарманың бірінші кітабы автордың бұл іске батылдықпен, үлкен ізденіспен қол ұрғандығын бірден аңғартады. Тілі бай, тарихи даталары барынша нақтыланған, тілдің көне ерекшеліктері орнымен қолданылған бұл тарихи жәдігерлік туындыны қолға алған жан өкінбейді. Танысыңыз – алдыңызда Әбдінағым жазушының «Маұғлы ханзадасы».

С. Бек. «Ақиқат-истина» газеті,
№ 27 (192), сәрсенбі, 16.07.2003 жыл.



       Әбдінағым көп жүгерінің арасында жалғыз өсіп тұрған дарбыз секілді. Ол көпшілікке көрінбейді, бірақ жазғандары піскен дарбыздай тәтті.

Көпен Әмірбек. «Ара» журналының
бас редакторы, 2005 жыл.



       Әбдінағым Көшеровтың шығармалары көпшіліктің көңілінен шыққан. Ол туралы жергілікті баспасөздерде талай жазылды да. Өзінің стилі бар, айтары бар, тек өзіне ғана тән қолтаңбасы бар жазушы.
       Қолжазбасы біздің рухани қазынамызға қосылатын сүбелі дүние болмақшы.
       Әбдінағым Көшеровке сәттілік тілеп, жазар көбейсін дегіміз келеді.

Әбділда Аймақ, Халықаралық Физули атындағы
сыйлықтың лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері.



       Тәңір берген талантын өз шығармашылығының мехнаты мен рахатына қатар жұмсап жүргендердің бірі – жазушы Әбдінағым Көшеров десек, жалаң айтқандығымыз болмас, сірә.

Б. Сапарханұлы. «Шымкент келбеті» газеті.
№ 28 (881), 13 шілде, 2007 жыл.



       «Шымкент қаласы туралы ән» республикалық байқауында «Шымкентім – гүл қалам» атты ән бас жүлдені жеңіп алды. Әннің сөзін жазған – Әбдінағым Көшер.
       Рухыңды биіктетіп, жан дүниеңді баурап алатын ән дүниеге келді. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...

Гүлжан Жұмашқызы. «Евразия-kz» газеті.
№ 44 (151), 2 қараша, 2007 жыл.



       Мына үшінші томда осы хандықтың қалай жойылып кеткені туралы баяндалады. Жазушы баяндауында сенімді шыққан.
       Романда оқырмандар ойламаған уақиғалар көп. Мұның өзі оқырмандарды тарта түседі.
       Әрине, көркем шығармада жазушы түрлі тәсілге баруы мүмкін. Дегенмен, ұлт намысын, ер намысын ойлаған қаламгер осындай қадамға барып отыр. Бұны түсінуге болады.
       Қазақ тарихы туралы жазғандар көп емес. Сондықтан Ә. Көшеровтың осынау туындысын қазақ тарихына қосылған үлкен олжа деп білгеніміз жөн.

Ілияс Мақаев, А. Асқаров атындағы
№71 ОМЛ директоры
«Оңтүстік Қазақстан» газеті,
№ 29-30 (20057) 20 ақпан, 2016 жыл.



       ...Бірақ та «Дүрбелеңде» уақиға тіпті басқаша өрбиді. Өте тың оқиғалар.
       Оқиғалар романда да, жырда да ауытқымайды. Романда көркем беріледі және уақиғалар үзіліп қалмайды, бірін-бірі жалғап, оқырманға түсінікті болып отырады. «Дүрбелең» романын оқығанда оның сәтті жазылған дүние екеніне көз жеткіздік.

Оразалиев Сейдалы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ Гуманитарлық
институтының аға ғылыми қызметкері, доцент
«Оңтүстік РАБАТ» газеті,
№ 20 (297), 18 мамыр, сәрсенбі, 2016 жыл.



       Әбдінағымның өлеңдерінің көбісі отансүйгіштікке достыққа арналған.
       Ол өлеңінде елдегі елеусіз қалып бара жатқан тарихи жәдігерлерге жанашырлық танытады. Оқырманды тарихи төбені қорғауға шақырады.

Мекенбай Атабайұлы. «Әділет» газеті,
№ 29-30, 19.08.2016 жыл.



       Әбдінағым Көшер құнды шығармаларымен қызықты мақалаларымен елге де танылды, самайына да ақ кіріп, аға қаламгерлердің қатарына қосылды.

С.А. Тұрысбекова, «Саясат, ақпарт» газеті,
№ 11-12 (231), 26.07.2016 жыл.



       ...Жазушы Жаңабек Шағатайдың проза саласы бойынша баяндамасында қаламгер жерлесіміз Әбдінағым Көшеровтың «Дүрбелең» және «Үш батыр» романдарына айтылған жылы лебізін оқыдық. Міне, мына баяндаманың мына бағалауынан кейін, біздің «Үш батыр» романын оқуға көңіліміз ауды.
       Ә. Көшеров газет оқуға уақыт таппай немесе оны оқуға ерінетін қазақтардан қаймықпай тіпті әңгіме, хикаят емес, тіпті бір роман емес, қазіргі адамды таң қалдырарлық трилогия жазыпты.
       Бізге мына трилогияның ұнағаны сонша, бұл кітапты сериал етіп кино түсірсе ғандай ғанибет болар еді. Романның идеясы қазақтың бірлігі екені даусыз. Елдің еркіндігін бағалайтын аса құнды қазына екені даусыз. Сол себепті оқырман қауымды аталмыш романды ғана емес, трилогияны түгел оқып шығуға, сөйтіп төл тарихымызды тереңірек танып-білуге шақырамыз.

Ә. Келесұлы, «Әділет» газеті,
№ 6 (293) 17.05.2017 жыл.





 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу