Әбдінағым Көшер

Өмірдерек


       Әбдінағым КӨШЕР 1969-жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының «Тасты» совхозында орта мектепті бітірді. Сол жылдан бастап Шымкент пединституты «физмат» факультетінің «Сызу және сурет» бөлімінде оқыды. Созақ ауданында мұғалім бола жүріп, Қарағанды мемлекеттік университетіне түскен. Оны 1979-жылы «экономист» мамандығымен бітірді.
       Ол бұл мамандығын «Шымкент облыстық автомобиль жолдары басқармасының ревизоры» қызметінен бастады. Бұл қызметті абыроймен атқарған ол министрліктің жазбаша алғыстарын ала отырып «басқарманың тексеру бөлімінің бастығы» қызметіне дейін көтерілді.
       Облыстық автотранспорт басқармасында, коммунальдық- шаруашылық басқармасында жауапты қызметтер атқарды.
       Еңбек жолында ол «Шымкент қалалық тұрғын-үй басқармасының, «Құрылыс-жөндеу басқармасының» бас есепшісі де болды.
       Еліміз – Қазақстан егемендік алған жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Бас салық инспекторы болып жұмыс істеді. Сосын Облыстық сотқа қарасты конкурстық басқарманың қаржы бөлімін басқарды.
       Әбдінағым кейін жеке кәсіпкерлік қызметтер атқарды. Ол жастайынан қоғам жұмысына да белсене араласты.
       Әу баста мектепте жүргенінен орта мектепті аяқтағанша мектеп қабырға газетінің редакторы болды. Жоғарғы оқуда оқып жүргенінде де бұл жұмыстан қол үзген емес. Көрмеге қойылған живопистік, графикалық, склупьтуралық туындылары баспасөз бетерінен көрініп тұрды. Сол жетпісінші жылдары Әбекеңнің мүсін (скульптура) өнерін Шымкент телевидениесі мақтау-марапатпен көрсеткен.
       «Ара» журналының, «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті» газеттерінің штаттан тыс тілшісі болды.
       Журналистикамен 1975-жылдан бері, әдебиетпен 1983-жылдан бері айналысып, әдебиеттік тұсауын 1985 жылы «Жалын» журналы кесті. Республикалық «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Қазақстан әйелдері», «Ара» журналдарында, обылыстық, қалалық, аудандық газеттерде, кейінгі «Алтын Орда», «Сана және нарық», «Ақиқат», «Ар-Дақ», «Халық үні», «Әділет» «Саясат-ақпарат» газеттерінде көркем әңгімелері, әзіл-сықақтары, лирикалық өлеңдері, гравюралары, фельетондары, мақалалар мен публицистикалық шығармалары жарық көрді.
       1993-жылы «Бірі кем дүние» сатиралық повесть пен сықақ әңгімелер жинағы, 2003-жылы «Маұғлы ханзадасы» романы, 2007-жылы «Ей, перзентім, біліп алғын!..» ғибратнамасы, 2012-14 жылдары (екі рет) «Дүрбелең» романы жарық көрді. Бұл «Маұғлы ханзадасы» романының жалғасы, яғни осы аттас трилогиясының екінші кітабы. Ал үшінші кітабы – «Үш батыр» романы 2015 жылы баспадан шықты.
       Халқымыздың Кеңес өкіметі кезінде ұмыт бола бастаған батырларын қайта тірілткендей болған бұл романдар өте құнды дүниелер.
       Ол бизнес саласында кәсіпкерлікті дамытып, оны жоғарғы деңгейде ұйымдастыра білгені үшін, және ұлттық бизнес рейтингідегі жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін, Қатысушы мемлекеттердің Ұлттық бизнес-рейтинг Одағы Қазақстан Республикасындағы ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша «Dekus oeconomicae» («Экономика мақтанышы») орденімен марапатталған.
       Қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан еңбегін елеген республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық бірлестігі «Елеулі еңбегі үшін» орденімен наградтаған.
       Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін», «Қажырлы еңбегі үшін», «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Қазақстан егемендігіне 25 жыл», «Мәделіқожа-200 жыл» медалдарының иегері.
       Көшеров Әбдінағым Жантобаұлы ақындық өнерді де бірге алып жүреді. Оның «Құмкенттөбе», «Шудария сұлуы», «Дос азайып барады» сияқты өлеңдері жүрекке жылы тиіп, оқырманды ойға жетелейді. Содан да болар ол 2007-жылы Республикалық ақындар конкурс-фестивалінің лауреаты және «Гран-при» иегері атанды.
       Әбекеңнің өнердегі ең қызығатын саласы – сатира. Ол көркем сатирамен қатар сыни сатираны да алып жүреді. Баспасөздерде оның көптеген фельетондары басылып, қоғамдағы болып жатқан ұнамсыз жағдайларды түзеген.
       Шымкент қаласының «Құрмет Грамотасымен» наградталған. Бірнеше ғылыми мақалалары жарық көрді.



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу