Әбдінағым Көшер

Туындылары


«ӨЗІМ ДЕГЕНДЕ ӨГІЗ КҮШІМ БАР» НЕМЕСЕ «ҚАТЫН АЛМА, ҚАЙЫН АЛ...»
(Сатиралық әңгіме)


       Әлгі түрі түлкінің түріне келіңкірейтін Егеуәлі деген менің түйдей құрдасым бар емес пе? Ә? Есіңе түсті ме? Сол айтады әнеугүні, мақтанып. Менің Саңырақовамның руы Қауақбас болғанын айтсайшы, қандай жақсы болды, қандай жақсы болды, деп басын шайқай береді, шайқай береді. Қайын жұртына риза болғандағысы, сонда. Осы біздің қайын жұрт та белді де мықты рудан ғой. Біз осы мақтанып, жыртылмаймыз ғой. Бірақ бір мақтанарлық жайт болғанын ішім сезді де, қызғаныштан ішім қыж-қыж қайнап әдейі естімегенсіп отыра бердім. Ал анауың қояр емес, басын шайқап. Мен де тырысып-бырысып отыра бердім. Анау шайқауын әлі де қояр емес, мойыны үзіліп, қауақ басы жерге топ еткелі тұр. Қой мынау арам қатпай тұрғанда «не еді?» деп сұрай салайын. Қызғаныштан жарылып бара жатсам, ұрыс-керіс шығарып кетіп қалармын, деп ойлап «не» дей беріп едім Егеуәлі осыны күтіп отыр екен, тоқтамай зауылдай берді.
       Бәкібас деген бір қайнысы қалада оқып, қалаша тәлім-тәрбие алып, етегінің ұшы арқасына түйілген, тойыс түйіліп өскен туған өлке, кіндік кескен жеріне кеспелтектей куәлік пен «КТУ»-ды бітірді деген атақ-дәреже алып келіпті. Кейінірек білдік, «КТУ» дегені Казахский технический университет шығар деп жүрсек, онымыз Шолақкенттегі кәсіптік-техникалық училище екен. Біз қайдан білейік. Сонда ол қалада оқымаған. Тек әшейін өзімізден қырық шақырымдық қашықтықтағы аудан орталығында оқыған сияқты. Мейлі жұрттың қайда оқығанында қандай шаруамыз бар деп Егеуәлі әңгімесін бастап жатқанында оның да ішінде қайындарына деген іштарлығын сезіп байқап қалдым. Онысына менің жаным кіре бастады. «Ие сосын, ол өтірікші қайның беті қызармай ауылда жүр ме?» дедім, көрікті қыздыра түскім кеп.
       Ии, несін айтасың, ол келісімен ауылдағы, ешкіжем дайындайтын шатыры биік цехқа электрик болды да шыға келді. Токтың биі. Үзіп тастаймын десе де, шартта-шұрт найзағай ойнатамын десе де өзі би, өзі қожа.
       Сол Бәкібас бір күні токпен ойнап отырса, қолындағы кішігірім қобдишадай қара телефон шылдыр-шылдыр ете қалыпты. Сөйтсе арғы жақта шымшыққа ұқсап шиқ-шиқ етіп тұрған тұмсығың құрмағыр Тәкібас қайнағамыз:
       – Әлеу-әлеу, үф-үф, Бәкібасбысың-ей, әлеу-әлеу, үф-үф, кешқұрын әбизәтілнә Әкібас атамның үйіне кел-ей, гәп бар – дейді де, телефонды үздік-создың мияулата тастай салыпты.
       Кешқұрым Бәкібас Әкібас атасының үйіне салып ұрып жетіп келіпті. Ой-хо-ой, мына қара! Әкібас атамыз ақсарбас шалып, күтініп отыр да, мәслихатқа келген Қауақбас әулетіне қараған бір қора мал... тойыс маладестер жұтынып отыр.
       Ә, айтпақшы ол кісі біздің үйдегі, жұмыс таба алмай он айдан бері омалып отырған Саңырақованы да шақырыпты. Қатынннан қалам ба, мен де оның етегінен ұстап, күндізгі көлеңкесіндей боп жетіп бардым. Саңырақова төрге озып кетті де, мен аяқ жақтағы туфли-суфли, аз-маз сасықтау иісі шығыңқыраған галош-палоштардың қасына жайғастым. Сосын шай құйып беруге кірістім. Күйеу бала болғаның осындайда жанға қатты батады екен.
       Мен іштей «сауап болыпты, нең бар қайымсақтанып» деп іреп тастадым. Бұл ойымды сезетін Егеуәлі дейсің бе, малтасын әрі қарай езе бастады.
       Тамақтан соң тіс шұқылды. Сосын «қыххы, қыххы, қыххы-қыххы» деп, төрт рет жөтеліп алды да көкжөтелі бар Тәкібас қайнағам сөз бастаған:
       – Ау, ау, ағайын, мен жоғарылап барамын. Аудан әкімшілігіне қарасты есекжем дайындау басқармасының ең үлкен әрі былқылдақ креслосы менің құйрығыма бұйырды. Облысқа басшы болып Қауақбас руының адамы келгені жақсы болды. Оның үстіне әнеукүні балаларыңның ауыздарынан жырып, жырымшылап жинап берген жылуларыңның пайдасы менің шың биігіндегі шынар төбесіне көтерілуіме себін тигізген сатыдай болды. Әрқайсысың бір-бір баспалдақ болдыңдар. Аяғыммен алшаң-алшаң төбелеріңнен басып төбеге шығып кеттім. Ризамын ағайын, – деп сөзінің аяғында көңілі босап, көз жасын сығып-сығып алды. – Енді қарақтарым қалаған қызмет орындарыңды алыңдар, бердім ерікті өздеріңізге! – Тәкібас қайнағам булыға еңіреп жіберді. Ой көңілшек сорлы қайнағам-ай. Басқа ағайындар да қуанғандарынан көздеріне жас алып, мұрындарын бырқылдатып алды. Мен іштей күлкім келсе де, көзіме түкірігімді жағып, қыңсылай бердім, күйеулігімді бір көрсетейінші деп.
       Содан соң барып Қауақбас әулеті жамырасып кетісті:
       – Кадр бөлімін маған беріңіз – деді Бірбас.
       – Ала ғой, жаным.
       – Қаржы бөлімін маған беріңіз! – деді Кірбас.
       – Ала ғой, айналайын! Бас инженер кім болады?
       – Маған, маған! – деп Дөңбас шыдамсыздана қол көтерді.
       – ПТО-ны маған, – деді Көңбас.
       – Онда басбух мен боламын – деді Бәкібас.
       – Ау, сен әлектрик емес пе едің?
       – Құрысын, жалықтым, бір күні токқа түсіп өліп кетсем қайтесіңдер?
       – Ал сонда главный энергетик кім болмақ?
       – Келібас болсын да, әнеукүні біздің үйдің күйген лампышкісін ауыстырып берді ғой, бір нәрсе біледі екен өзі – деді бір Қауақбас.
       – Бас технолог?
       – Желібасқа лайық. Күндізгі дежурныйлықты Әкібас атамызға, қойманы Әдемібас апамызға берейік.
       – Оу, сонда бұл орындар бос па екен өзі, шырағым? – деп, сауал қойған, Әкібас шал.
       – Оии... Басқарманың бұрынғы бастығы жоғарыламаған, керісінше, зейнеткерлікке шығыпты. Тіреуі кеткеннен соң басқалары орындарынан су шыққандай, орындықтарында отыра алмас, мына көкең тұрғанда, – деп Тәкібас қайнағам тәкәпбарлана кеудесін соққылады.
       – Сонда саған бұл жиынның келіп-кетерлігі болмапты ғой, бағанадан бері несіне малтаңды езіп отырсың, адамның нервісін қозғап – деп, қызғаныштан енді арыла беріп едім, Егеуәлі:
       – Ә, айтпақшы самый главныйын айтпаппын ғой, Саңырақова «Организация и прогнозирования самых современных методов наук при совершенствовании полезности комбикормов для пустоголовных и мелко нерогатых ослов» деген бөлімшеге запотдел болды. Ал мен переботшик болдым – деп, ісінді.
       Тухх, не деп кетті, жұмысының атының қиынын-ай. Мұндай бөлімшеге запотдел болса қызғануға тура келіп тұр. Давление де көтерілгелі тұр. Менің қайынжұртымнан қашан біреуі облыс басқарар екен...