Лебіз


«Қайырғали сенің болашақта көркем прозаға ден қойғаныңды қалар едім...»

Алма Қыраубаева,
көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз



Мен бұрын Қайырғалиды жақсы журналист ретінде білуші ем, оның көркем дүниелерін оқыған соң, Қайырғалиды жақсы жазушы ретінде таныдым. Оның шығармалары журналисттік жалаң баяндаудан ада. Қайырғали көркем әдебиетке қойылар теориялық талаптарды терең меңгерген. Сондықтан да оның хикаят, әңгімелерінің сюжеттері шымыр, шарықтау шегі тартысты, түйіні ұтқыр болып келеді.

Менің Қайырғалидың қазақ прозасына өзіндік стильмен үлес қосарына сенемін.

Асқар Алтай,
жазушы



Қ. Медеттің жазушылық сарыны ерекше түзіледі. Әңгімелері мен повестерінде кешегі, бүгінгі өмір тіршіліктерінің көріністері жүрегіңді тербейді. Әділетсіздікке, жағымпаздыққа, опасыздыққа – мейірім, шындық, қайсарлық қарсы тұрады. Бұл – Қ. Медеттің өз кредосы.

Асан Сарқұлов,
жазушы, журналист



Жазушының шеберлігі – көзі көргенімен ұсақ-түйек деп екінің бірі мән бермеген нәрсенің өзін көңілше түйіп, содан ой қорыта білуінде.

Оның туған жеріне, ауыл адамдарына деген мәңгілік махаббаты әлі талай көркем шығармалардың жазылуына түрткі болатыны сөзсіз.

Үмітхан Алтаева,
журналист



Қайырғали балама арнаймын

Қаламым сырғы қаламым,
Іркілмей тілім жырласын.
Балама деген шын тілек,‒
Қундақталып тұрмасын.
Қайырғали, жан балам,
Ойымнан шықтың ойлаған.
Жана жылың құтты боп,
Қолдар жүрсін бір Аллам.
Қуаныш болып әр күнің,
Ұзақ болып өмірің,
Шаттықта болып көңілің,
Арта берсін сенімің.
Періште болсын серігің,
Азаматы болып жүр,‒
Құрметтеген еліңнің.
Не айтсамда мақұлдап,
Күлімдеп қарап тұрасың.
Өтірік емес, ырасым,‒
Бұл мінезің тұрғанда,
Алдына көптің шығасың.
Ел сыйлаған азамат,
Қадырлы балам боласың.
Қабыл болып тілегім‒
Құрметпен күліп тұрғайсың.
Парқы бар әр адамның бөлек-бөлек,
Бірі ойлы, бірі ақылды, өр-көкірек.
Бақ – жұлдыз маңдайыңнан жарқырасын,‒
Жүргенде әді қыдыр болсын тірек.
Осымен жазғанымды тамамдаймын,
Қолдасын үй-ішіңді бір құдайым.
Қатесі болса, балам кешірерсің,
Аналық тілегімді қабарладым.

Тілек білдіруші апаң
Саракүл деп білерсің.



Қайырғали Медетке!

Белгілі бір мақсатқа жететінім,
Бар күшті соған сарп ететінім.
Бүгінгі журанлисттер мейрамында,
Тілеймін саған тілек Медет інім.

Жақсылық болып жатқан жер бетінде,
Бірінші шықсын «Шымкент келбетінде».
Мереке өте берсін той-думан боп,
Сияқты «құс базары» көл бетінде.

Алыстан сөз төркінін ұққан қауым,
Жазар – деп сын, ескерпе бұққан жауың.
Баршаңды мерекеңмен құттықтаймын,
Болсын – деп, әркез биік шыққан тауың!

Егізбай Көпжасарұлы.



Ердің жасы 50 деген

Құрметті Қайырғали!
Мерейлі 50 жасың құтты болсын,
Басыңа таусылмайын бақыт қонсын,
Деніңе сарқылмайтын саулық беріп,
Құшағың қуаныш пен гүлге толсын!
50 жас – ер-жігіттің қайнар шағы,
Ақылы толып, күш тасып, толар шағы.
Орта тұста ілгері ой жүгіртіп,
Өмірге ақылменен бойлар шағы.
Қайреке, құтты болсын ердің жасы,
Жаңа өмірдің болсын бұл бастау басы.
Бұған дейін өмірде де мәнді басы,
Сәнді болсын өмірдің бұл жалғасы.

Қимастық, сыйластық
сәлеммен ағаң Қалтай



Аға
Қайырғали Медетке

Еске салып, арқа сүйер миятты,
Көңілімнен қоңырқайлау күй ақты.
Бәрі де бар, жетпейтіні тек қана
Ағалардың алақаны сияқты.

Бала кезде өзгелерге байқалмай,
Талай-талай көңіл көлі шайқалды-ай.
Өстіп біздер, бар баланың айтатын
«Ағама айтам» деген сөзін айта алмай.

Өсе келе, көңіл шамы самсаған,
Ағасы бар адамдарға тамсанам.
Бар шығар-ау, біз секілді қанша жан
Ағалардың алақанын аңсаған?!

Тіршіліктің таусылмайды тартысы
Айдың – дағы, жартысы – ақ,
Қараңғы екен жартысы.
Кішілерге қамқор қолын созатын
Өзіңіздей болар ма еді бар кісі?!

Жүрек сөзін ақ қағазға жазамын,
Аға, саған жуымасын аза, мұң!
Өміріңде таусылмасын базарың
Көңіліңде таусылмасын жазарың!


Мен Қайырғали Медетті «Шымкент келбеті» газетіне бас редактор бо¬лып келгелі білемін. Оған тек журналист деп қараушы едім. Сөйтсем, ол сонысына қоса жазушы да, ақын да екен. "Зер қадірін зергер білер" демекші, шығармаларын оқи отырып, қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің кейбір жарамсыз тұстарын өткір жазатынын анық байқадық. Жазушы шеберлігінің кереметтігі сондай, өзге дүниені ұмытып, кітапты бас көтермей, бір леппен оқып шығасың.

Оның жеке тұлғалық қасиетіне келетін болсақ, бойына артық мінезі жоқ, адамгершілігі биік азамат.

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, ақын



Қазақ қоғамындағы нағыз беймаза кезеңді қамтып, кітаптың атын да жақсы таңдапты. Өмірде болып жатқан кемістіктерді, жат қылықтарды әшкерелейтін сынға алыпты. Бұл еңбегі оның атын асқақтатар дүниесі. Қазақта батыр Қайырғали туып еді, енді жазушы Қайырғалиды жұрт танитын болды. Жазары көбейсін, қаламы қартаймасын дегім келеді.

Ақсақал ҚАЛМЫРЗАЕВ, ҚР халық әртісі



Бізде жазушылар көп. Бірақ олардың бәрі тәрбиелік мәні мол көркем дүниелер жаза бермейді. Ал, бізге бала тәрбиелеуде ең керегі осындай дүниелер. Әлеуметтік жағдай, әлеуметтік тәрбие мен ұлттық тәрбие жақсы сипатталған үлкен тағлымы мол дүниені мен "Беймаза мезгілден" таптым. Мұндай меселені, яғни, әділеттілікті ашып айтар, шебер жазар адамның көзі тірісінде жанында жүру үлкен мақтаныш. "Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар" демекші, білімі мен білігі зор ағамыздың кала¬мы ұштала берсін.

Қыздаркұл ТОЛЫБАЕВА,
ОҚПУ Педагогика кафедрасының аға оқытушысы



- Объективтен әлемді көруге, тануға баулыған курстас аға Қайырғали Медеттің студент кезімізде оның әр сөзін, айтқан ықыласты әңгімесін зер салып, аузымыздан суымыз құрып тыңдайтын едік?!

Қайрекеңнің шығармашылығындағы адамдардың бойындағы небір қисынсыз мінез-құлқын берудегі шеберлігінен үлгі алуға болады. Атам қазақтың "Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде" деген көрегенді сезіне оның әңгімелерін оқи түскен сайын айқын көз жеткізесің.

Студент күнімізде Оразгүл жеңгейдің қабақ шытпай берген асының дәмі әлі күнге дейін таңдайымызда. Ұлы Мұхтарды студент шақтағы перзент деп, қолдан-қолға тигізбей, кезектесіп қараған кездеріміз ең шуақты күндер екен. Қайрекеңнің отбасына бақ-береке, денсаулық, қоғамға бейбітшілік берсін!

Талғат ОРМАНОВ,
«Дөңгеленген дүние» газетінің бас редакторы



Мен Қайырғалиды соңғы 30 жылдан бері білемін. Таудың баласы тауға қарай тартады. Тау мен табиғатты көп жазатыны да сондықтан болар. Оның шығармаларының басты тақырыбы — ауыл өмірі. Жазған оқиғалары да сол өмірден алынған. Жалпы, журналистикадан жазушылыққа келген қаламгерлер күнделікті тіршілікте болып жатқан шындықты жазады ғой. Бұдан кейін де осындай кітаптары жарық көре берсін.

Күлия АЙДАРБЕКОВА,
облыстық мәдениет басқармасы бастығы



Бісмілаһир - рахманир - рахым

Бір Алла берсін күш – қуат

Қайырғали Медетке

БірАлла берсін күш - қуат,
Басыңды көтер азамат.
Не бір ауыр жолдарға,
Шыдайды тұлпар қазанат,
Жан шыдамас дауылда.
Ұшады екен сұңқар да,
Жүрсемде мен ауылда.
Жаныңда болам - сындарда.

Намысты туған азамат,
Қиынды талай - жеңіп ең.
Сабыр сақтап ақылмен,
Төзе біл Ер азамат.
Алтындай асыл анадан,
Өзіңдей асыл ер туған.
Тауда туып - тауда өскен,
Қыраным еркін ұшсын деп,
Анамыз Алтын қуанған.

Жиырмасыншы ғасырда,
Жиырмадан асқан жасыңда.
Жапырақ жайдың Бәйтерек,
Нәзік гүл едік қасыңда,
Аялап гүлді үзбедің.
Елдің бір көркі, қыз дедің,
Өзгеше болмыс - намысты ер.
Тау ұлымен солай танысты ел.

Отызда - орда бұзған ер,
Қырқында қамал алған ер.
Өзі өмір сүрген қоғамнан,
Ойып бір орын алған ер.
Алтындай асыл ананың,
Шырағын жағып тұрарсың.
Басыңды көтер Азамат.
Бір Алла берсің күш - қуат.

Қалампыр Сұлтанқызы



Ұрпаққа көңіл бөлуде,
Оразгүлмен өсіп - өнуде.
Қарлығаш, Мұхтар әкесі,
Қадірмен келді елуге.

Қара шаңырақ, қара жол,
Ізгілікте ырыс мол.
Ақ тілекті жазайәық,
Бізден тілек, Қайрош, сол.



Мен Қайыркеңнің іскерлік шеберлігіне таң қалдым. Ол кісі ойына алған нәрсесін егжей – тегжейлі шешіп алмай кіріспейді. Ал мұндай шешім жасауға да аса көп уақыт жібермейді.  Бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті кез – келген тұйықтан жол тауып кетеді.

Қанат Әлібеков



Қарекең іске жұмылдыратын адамдарын да тез таңдайды. Мұндайда жаңа күш, әлі өз мүмкіндігін пайдаланып үлгермеген жастарды тартуға құштар. Ол тәуекелінен қорықпайды. Сірә, өзінің жаңа идеясын таза ортадан бастауды ұнататын болса керек.

Атанбек Наурыз,
ақын, журналист




Қайыркеңнің Алатаудың бауырынан қашықтағанына біраз жыл болды. Бірақ қаламы әлі де Алматының аспанында жүр. Республикалық басылымдардан дәмді әңгімелерін оқып қаламыз. Сондайда суреткердің өз кейіпкерлерінің аузына кәдімгі өмірлік сөздер салып, тіпті, іс-қимылдарына дейін көз алдыңызға келтіретін құдіретін сезінесіз.

Қанат Әлібеков



Қ. Медеттің «Қара жол», «Ауылға оралғанда», «Үш кемпірдің хикаясы» деген әңгімелері атауы айтып тұрғандай, тура ауылдың жұпар иісін аңқытып тұрып, суреттейді. Оқып отырып, қара жолдың шаңының иісін сезінесіз. «Ауылға оралғанданың» әрбір жолынан жүрегі нәзік, көңілі дархан дала ұлының саңқылдаған дауысы келеді.

Қанат Әлібеков



Қ. Медет шығармаларының тақырыбы – туған ауылы, сол ауылдың ақжарылғап адамдары, ата – анасына деген перзенттік махаббаты мен қала өмірінің қаға беріс көріністері.

Үмітхан Алтаева



«Беймаза мезгіл» жазушы, журналист, ақын, Қ. Медеттің шығармашылық жолындағы алғашқы асуы іспетті. Оның туған жеріне, ауыл адамдарына деген мәңгілік махаббаты әлі талай көркем шығармалардың жазылуына түрткі болатыны сөзсіз. Өйткені, қаламгер қайнаған өмірдің  ортасында. Ал қырағы, көреген көңіл көзі әлбетте ьақырыптан тарықтырмаса керек.

Үмітхан Алтаева





 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу