Алдияр Бақытжан

Туындылары


МҰҢДАРЫМДЫ АҚЫЛДЫҢ МҰХИТЫНА БАТЫРДЫМ

Әпербақан заманның,
Әдісіне алаңмын.
Әбжыландай арбасқан
Әрекеті адамның.

Іше-іше жұрт уды,
Ұмытқандай үркуді,
Алатаудан бұлт ауды,
Атымтайға күн туды.

Әлдекімдер дау бастап,
Әкіреңдеп жауласпақ.
Әкім болып туғандай
Әкесінен әу баста-ақ.

Өзді-өзімен сыбайлас,
Бас-басына бір ойнас.
Байлығына ешкім де
Болған емес бұлай мас.

Бәрі – Ыбырай, бәрі – Абай,
Дуылдайды арадай.
Көсілгені батады-ау
Көрпесіне қарамай.

Ауыл келген би, әкім,
Белге түйді ұятын.
Қазақстан – кең көрпе
Барлық ұлт сыятын.

Тәубамызды тарсындық,
Саудаңызды арсындық.
Көрсе күлер күллі әлем
Көрпе астында бар сұмдық.

Бүлкілдеген сол көрпе
Бар құрлыққа болды ерке.
Жұртқа алақан жайып ек
Жұмырымыз толды ерте.

Жеріміз бар иген құт,
Игере алмас күйге ендік.
Қайтарымын Хақ білер,
Қайыр сұрап үйрендік.

Көсемің де саудайы,
Шешенің де саудайы.
Залымдардың қолында,
Замананың аужайы.

Қорқынышы моладай
Қоғам келді қомағай.
Толғатқанмен қаншама
Туылмады Толағай.

Бар байлығын сатса елі
Қайдан ақсын бақ селі?!
Мұндай тақыр заманнан
Ақырзаман жақсы еді.

Әпербақан заманның
Әдісіне алаңмын.
Әрең жүрмін ұялып
Әруағынан бабамның...

Көрінгенге сүйкеніп,
Ішінде арам ит өліп,
Жүрген жанды көрем де,
Жұқарады жүйке нық.

Сыбыр менен күбірге
Толып кетті бұл ірге.
Қанға толып батады.
Күннің көзі іңірде.

Кірін іздеп тырнақтың,
Өтіп жатыр зырлап күн.
Назға толы жанымның
Нәзіктігін ұрлаттым.

Өлмес жанр - өлең де,
Өніп жатыр көгенде.
Нән өтірік – мінбеде,
Нағыз шындық – төменде.

Көптің көзі бұладай,
Көсемсиді бір ағай.
Теңгелерден құны жоқ
Телміреді ұлы Абай.

Ұғатындар обалды,
Үндемейтін боп алды.
Көңілсіз бір көлеңке
Көміп жатыр қоғамды,

Жазарым да көңілсіз,
Ғазалым да көңілсіз,
Ойдым – ойдым ойларым
Өліп жатыр өмірсіз.

Мұңдарымды ақылдың
Мұхитына батырдым.
Көлеңкеге мен-дағы
Кіріп бара жатырмын...