Алдияр Бақытжан

Туындылары


ӨМІРБАЯН

«Өтемістен туған он едік...»
(Махамбет)


Атадан туған алты едік,
Алты бөлек жалқы едік.
Кілең шеккі жеп өстік,
Бір емшекті тарта еміп.

Алты бірдей жетімек,
Апыл-тапыл жетіп ек.
Қақты бізді әруақ,
Бақты бізді өкімет.

Жерді еңкейіп емгенбіз,
Елге ербиіп ергенбіз.
Дәрменсіздік дәнінің
Дәмін татып көргенбіз.

Құлатпадық күйді епті,
Ұнатпадық күйректі.
Аңшы әкеміз адымды
Аңдап басуды үйретті.

Дәмін сездік аш тілдің,
Бәрін кездік тас, қырдың.
Қабыланмен қағысып,
Қанын жұттық қасқырдың.

Иен дала, ерен дүз,
Иесі біз дегенбіз.
Алан сүтін ішкенбіз,
Аю өтін жегенбіз.

Әкеден ап үлгіні,
Тұтынғанбыз пірді ұлы.
...Қансонардан сол әке
Қайтпай қалды бір күні.

Тезге салып төте сын,
Түзетті өмір қатесін.
Әл-дәруан көргенбіз
Әкеміздің әкесін.

Көндіге алмай ізге бір,
Күреңіткен күз-көңіл.
Пісте сатты шешеміз...
Пісірді ғой бізді өмір.

Дара қондық әлемге,
Бала болдық бар елге.
Жан емеспіз деуші едік,
Жатыры бір, жаны өңге.

Жас еді деп тым әлі,
Жұрт өтірік жылады.
...Бейіш жақтан боп шықты,
Бесінші ұлдың тұрағы.

Алтау едік, бес қалдық,
Алла барын еске алдық.
Көп жерлеген Кеңестен
Көрген жоқпыз еш тарлық.

Көлге көзде жас тұнбай,
Кеудені езге бастырмай,
Жанымыздың жарасын
Жалап жаздық қасқырдай.

Тон ішінде жетіліп,
Көп ішінде бекідік.
«Жетім қозы – тасбауыр...»
Дегеніңіз өтірік!

Тоқтамайтын көші ұдай,
Тағдыр ғой бұл, досым-ай.
Менің өмірбаяным
Өрім-терім осылай.

Жаныма ұйып мұң ұяң,
Жылағым кеп... жымиям.
...Жібісеңші сен де енді,
Зарпы ойламай зымиян,

Ей, тасбауыр Дүниям!

Шымкент. 2004 жыл.