Алдияр Бақытжан

Туындылары


ҚАЙТА ЖАРАЛУ
немесе Саттар, Саттарханов және әлі белгісіз сәби туралы жыр

«Ұлтын шын сүйген пенделерімді сол
ұлттың сапында екінші рет жаратамын»

(Құран-Кәрімнен)


Жетпіс жыл бұрын...
Жүрегіндегі баса алмай сұрапыл отты,
Жүретін ылғи таң қылып мұраты көпті,
Түмен баптарым тәубә деп түгел қолдаған
Түркістан жақта өмірден бір ақын өтті.

Жырынан оның тербеліп мақпал қара түн,
Жым болып бір сәт мұңайып бақтар қалатын.
Ғасырға сырын жыр етіп ақтарған ақын –
Саттар болатын!

Күні кеше еді...
Дүр сілкіп алса даусының дірілі көкті,
Дәуірдің өзі көз салған бұрылып отты,
Жиырма жаста-ақ жұмыр Жер түгел таныған
Түркістан жақта өмірден бір інім өтті.

Жылы күлкісін арайлы мақпал таң ұққан,
Жиырма жаста өзін әлемдік тақтан танытқан,
Айрылдық тағы баяғы бақтар қалып таң –
Саттархановтан!

Бабалар салған ауады зейінім ізге,
Бұрылар тағы Тәңірдің пейілі бізге.
Ұлтымды сүйген ұлдарын тудырар қайта
Ұллы Аллаһ, Сіздің тәнтімін мейіріңізге.

Бүгін бе, бүгін...
Бұл да бір бізге бұйырған несіп деп елі,
Бұлқынып жатқан сия алмай бесікке белі,
Түмен баптарым тәубә деп түгел қолдайтын
Түркістан жақта бір сәби өсіп келеді...

Түркістан. 2002 жыл.