Алдияр Бақытжан

Туындылары


ҚАБІРДЕГІ БЕСІК

«Біздің елде жас нәресте тоқтамай, шетіней
берсе қабірінің басына сол нәрестенің өз
бесігін қоятын ырым бар... Алғаш көргенде
көзге біртүрлі ызғарлылау көрінеді.»

(Автор)


Халі айналып мүшкілге,
Сырдағынан сыр көшіп,
Жас қабірдің үстінде
Тербеліп тұр бір бесік.

Тербетілген өзі ме,
Тербеп тұрған жел ме екен?
Мұң құйылды көзіме,
Дейді жүрек бол бекем.

Бар ма екен бір керегі,
Қойды ма әлде ырымға?
Өн бойынан келеді
Жөргек иісі мұрынға.

Қараң қалып жатыр-ау,
Бар деуші еді киесі.
Қайда кеткен апырау,
Құйтақандай иесі?

Күз аспаны күрсінді,
Мұздай жасы тоң тесіп.
Жасырады бір сырды
Кіп-кішкентай төмпешік.

Жабырқайды жарым Ай,
Басқа бедер, белгі өшіп.
Тал бесіктен, Тәңір-ай,
Жайлы ма екен Жер-бесік?

Бесігінің тұмары
Тырнағы екен бөрінің.
...Сынып түсті сыңары,
Жамандыққа жорыдым.

Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Қуыршағы – күнқақты.
Енді қайта туылмас
Тағдырды ұғып құр қапты.

Сыңғырлағы сыңғырлап,
Сағынады ойнауды.
Бұйырмастан мың бір бақ,
Бесігіне байлаулы.

Бар тірішілік тұр аяп,
Көзін салып қабірге.
Оқиыншы бір аят,
Жетер ме екен Тәңірге?!

Өксіп жатыр Өліара,
Қысқа өмірі жақпаған.
Күбірлейді Жер–ана –
«Әлди, әлди, ақ балам...»

Теліп тұрмын қайғыға,
Жер – ананың мұңды үнін.
Жер – бесігің жайлы ма,
Ұйықтай қойшы, құлдығым...

Әй-й-й, ұйқылы-ояу тірлігім...

Тұрбат ауылы. 1996 жыл.