Алдияр Бақытжан

Туындылары


ТӘУБЕ
немесе Марал Ишан мазаратындағы иман келтіру

«Ақындарға ермеңдер...
Бірақ, иман келтіргендеріне емес!»

(Хадистен)




Бірінші жыр – ТӘУ ЕТУ

Қайран да менің пірлі атам!
Қара өлеңменен қауышу болды ақырғы еп...
Қалың бір жұртым оқыр деп.
Қарғадай бойы жырға таң,
Қазығын жұлып, қаз басып келді бір ботаң,
Қазалы жақта Қазақтың пірі жатыр деп.

Беу, Марал бабам, нар бабам!
Тасада тұрып, түгендеп ем ғой тәспімді...
Тасаттық мұңым асқынды.
Жырым да түгел, жан-жағым есен, жан да аман,
Жалғыз-ақ мәнге таң қалам –
Жарықтығым-ай, көзіме неге жас тұнды?!

Жаси да беру жарамас...
Жасқанған емен тұлданса-дағы жер жүдеп,
Жұрының едім ержүрек.
Теңселген маған ұқсайды – жырға шала мас,
Қабіріңде өскен қарағаш.
Тәубе деп тұрмын тәңірия нұрға елжіреп.

Бейтаныс бізге сор, азап –
Байырғы жұртқа бұйыртып дала, тауды иен,
Назарын бізге салды Ием.
Баяғы қазақ – со қазақ,
Баянды баққа жолықты бүгін, о, ғажап,
Басыңа келіп, бас ұрды сосын, әулием.

Түсімде аян берген ең...
Түгесіп бәрін айтайын несін тізбелеп?!
Талтүстен үміт үзген ек...
Илһам мен әлһам, адал бір жолға сенбеген,
Илікпей жүрген пендең ем,
Иллаһи, мен де иман келтірдім Сізге кеп!



Екінші жыр – ИМАН КЕЛТІРУ

Келелі сындар қанша алда,
Келтірдім иман мен де енді.
Адами жолға салшы, Алла,
Адасқан біздей пендеңді.

Мұсылман болып туылғам,
Мұсылман болып өтермін.
Рахмани нұрға жуынған
Рухымды міне, көтердім.

Көрсең де кесір, зәбір көп,
Көңлімнің иман толшы іші.
Аллаһтан басқа Тәңір жоқ,
Мұхаммед – оның елшісі.

Құдіреті күшті Құдайым,
Құзыретіңе құлайын.
Бір Сізден мәдәт сұрайын,
Дінсізден аулақ тұрайын.

Ғапылдың зарын шертейін,
Кәпірдің жанын өртейін.
Иландым, Аллам дейтұғын
Имандылардан ертейін.

Ділсіздің қамы үй болмақ,
Дінсіздің жаны қиналмақ.
Жүрегіме иман құйды Аллаһ,
Уа, лә иллаһа ил ла аллаһ!

Тілек бар бермек тамырға от,
Жүрек бар ел деп соғатын.
Аллаһтан басқа Тәңір жоқ,
Аллаһтан асқан жоқ ақын.

Әзәзілдердің көрі бір,
Азабы да бір тартатын.
Иллаһсыз тілің – өлі-дүр,
Имансыз ақын – жарты ақын.

Тыңдап ал сен де кәміл боп,
Ақирет күннің көршісі –
Аллаһтан басқа Тәңір жоқ,
Мұхаммед – оның елшісі!

Уа, лә иллаһа ил ла аллаһ!

Қызылорда – Қазалы. 2005 жыл.