Алдияр Бақытжан

Туындылары


ҚОШТАСУ

Менің соңғы армандарым түсі әппақ,
Сізді ап ұшқан ұшақпенен бірге ұшты.
Мәжнүн кейіп мұңдарымды құшақтап,
Сағынышпен өткізермін бұл қысты.

Жабығармын, зарығармын, күтермін,
Күн астынан күлкіңізді іздермін.
Төзімімнің тозаңы ұшып бітер күн,
Менің мұңым ұсынады Сізге ернін.

Дүрия бір мінез қымтап қаланы,
Дүнияның малшынғанда бәрі аққа,
Көлеңкеңіз күле қашып барады,
Күлекеш Күн кіре тартқан тарапқа.

Өмір деген өгей шешем айтады ән
Өлім жайлы... өліара ғой не етерміз?!
Сосын, қарсы аяңдаймыз қайтадан,
Жалғыз қалған қара Жер мен екеуміз.

Сағынышпен өткізермін бұл қысты,
Самайында сағым ойнап жабықтың.
...Жүрісіме күллі Жердің күлді үсті,
Мен де аспанға кетсем бе екен?...

Жалықтым!

Шымкент. 2003 жыл.