Алдияр Бақытжан

Туындылары


ТҮНГІ АУЫЛ

Аспан асты. Жер үсті.
Бәрі сондай келісті.
Ауыл жатыр ұйқыда,
Еркін жайлап еңісті.

Аспанында Ай күздің
Дөңгелеуге бейім-ақ.
Зарын ұғып байғыздың
Ит үреді бейуақ.

Ал байғыздар кезекпен
Қайталайды бір күйді.
Марғау тірлік мезі еткен
Мазараттар мүлгиді.

Тіршілікті уайымдап
Тербетеді түн – бесік.
Күмілжиді қайыңдар
Күбір-күбір күндесіп.

Сыйыспайды санға түк,
Күзгі аспанның жұлдызы.
Құс жолымен шаңдатып
Ағып өтті Түн қызы.

Бұлақ ақты күліп құр,
Ұйқас алдым көп күйден.
...Тал түбінде жігіт тұр,
Қыз шығады шеткі үйден.

Түріп түннің тылсымын,
Тоғай жақтан түлкі үрді.
Жігіт қызға бір сырын
Айта алмастан іркілді.

Қап мынаны-ай, мынаны-ай...
Жай таба алмай отыр ем –
Қыз жігіттің шыдамай
Сүйіп алды бетінен.

Жетегінде түлкі-ойдың
Қияндардан астым ба,
Қилы күйге түстім бе?!...
...Болары анық бір тойдың

Қараңғы аспан астында,
Қара Жердің үстінде...

Қазығұрт – Ащы Қарабау. 1995 жыл.