Алдияр Бақытжан

Туындылары


* * *

Сезім көші езіп өтіп еңсені,
Кезімде осы тастай қашқан кеңсені,
Көктемде емес, көктен де емес, шілдеде
Көкше жақтан көріп едім мен сені.

Көңілімді күлкің емдеп қонбас ем,
Көкірегіме көкшіл құстар толды әсем.
Оқжетпестей биік едің сонда сен,
Жұмбақтастай тұйық едің сонда сен.

Мені өбектеп үнсіз ғана ырқыңмен,
Сөйлегенсің құс қана ұғар бір тілмен.
Сезімімді елп еткізген сен едің,
Сексен көлді селт еткізген күлкіңмен.

Сол бір күлкі ағатын тек жұмақта
Ұқсас еді кәусар атты бұлаққа.
Шіліңгірлеу шілде айында мен солай
Көктемменен көрші тұрғам бір апта.

Күннің көзі сүрінгенде күнгейге,
Сол күлкінің иесімен үр бейне,
Қос дастанбыз жазылмаған деп үнсіз,
Қоштасқанбыз жыламай да, күлмей де.

Енді, міне, жоғалтып ап ізді әлгі,
Қарашаны шарлап келем ызғарлы.
…Өміріммен оңаша қап мұз, қарлы,
Көңілімнен көктем көшті, күз қалды…

Көкшетау – Бурабай. 2004 жыл.