Алдияр Бақытжан

Туындылары


МАС АҚЫННЫҢ МОНОЛОГЫ

«Мен ішпеген у бар ма?!»
(Абай)


Бала – белде, қатын – елде, сор – баста.
Тәңір – көкте...
Бізге уақыты болмас та.
Кімдерменен жүрмедік біз жолдас боп,
Қай жерлерге бастамады жол қасқа?!

Қара аспанды тұрса-дағы кім тіреп,
Жағасынан ала түстік сілкілеп.
Көркемдіктің көз жасына көмілдік,
Көрінгеннің көрпесіне бір түнеп.

Ұлылыққа бастадық деп сапарды,
Ұрда-жықпен толықтырдық қатарды.
Ұрттап алып, дүнияны ұмыттық
Ұлы Абай да іше алмаған заһарды.

Өтті біздің табаннан да талай сыз,
Атты бізге талай таңдар арайсыз.
Дүрмегіне қалдық елдің ілеспей
Дүнияуи дертке ұрынған абайсыз.

Іштік келіп, іштік келіп талай күн,
Ішірткісі таусылды ақыр маңайдың.
Кейін білдік... Ішқұсалық зарпымен
Ішкен уы басқа екенін Абайдың.

Ішейін деп ішпейсің ғой нәлетті,
Сен жүргенде Хаққа құл боп әдепті –
Сенен бұрын егеді жұрт дәнекті,
Сенен өзге пенделердің бәрі епті.

Жасын ойнап, қашқанда елдің бәрі ыққа,
Қарсы қарап жүресің сен жарыққа.
Қимайсың ғой өзіңді-өзің қамытқа,
Сыймайсың ғой адам сияр қалыпқа.

Қайығыңды шайқаса да қай теңіз,
Қайғылыға бар сұйықтың жәйті егіз.
Мөлдірлікте ұлылық та, у да бар,
Сосын енді... Ішеміз де қайтеміз...

Құйыңдаршы!

Шымкент. 2004 жыл.