Алдияр Бақытжан

Лебіз


ОҢТҮСТIК
(Бақытжан Алдиярға)

Шымқаланың елеусiздеу кафесiнде отырмыз,
Ескi әйнектi төбелейдi ақ жаңбырлы соқыр күз.
Талайлардың өр екпiнiн мысыменен басатын,
Ал жанымда ойға батқан, арманы асқақ жас ақын.

Мына кiрбiң жап-жас болып қабағыңда тұр қайдан,
Бiлем, бiлем алдыңда әлi қатал сынақ сұр майдан.
Жан-жағыңнан шырмап алған сайқалданған саясат,
Ақылды дос ерiп кеткен ақындықты қоя сап.

Жарқ-жұрқ еткен жарнаманың құны саған көк тиын,
Көк тиындық жарнамаға бұл қоғамда жоқ тыйым.
Кешегi өткен Шәмшi менен Төлегеннiң соқпағы,
Дәл өзiңдей бiр ұланды қаншама уақыт жоқтады.

Жиырма үшке де жете алмаған Саттарханов,
Саттарлар, Өмiрбай мен Танабай боп талай жерде тапталды ар.
Екi көкем Тоқаш пенен Тәкендерге табынған,
Қаныбек пен менiң досым Мәукенұлын сағынған.

Бейбiт кезде Отан қорғап тобығынан қан кешкен,
Қаратаудың бiр қызына ғашық болып танды естен.
Тiптi, тiптi кей сәттері Мәжнүн бола жаздаған,
Досы түгiл, жауларының кемшiлiгiн қазбаған.

Жұлдызды аспан, жауһар жырлы, айналайын саз ғалам,
Көкiрегiнде намыс оты қаршадайдан маздаған.
Жүрегiнде Кенесары, Наурызбайдың жорығы.
Жетi үңгiр, Монтайтас пен Қалдақ баба қорығы.

Жақпар тастар арасында алқына аққан Ақпарақ,
Шарапхана, Ақкөйлекте бiрге жүрген ақ тамақ.
Ғайыперен, қырық шiлтен, Жаңабазар, Қарабау,
Атшабардың жазығында бiр шабуға жарамау.

Азартеке ойпаң құзы, Қызылқия, Көкiбел,
Сан ғасырлар күткен ұлым – Ақпан батыр осы дер.
Кәпiрзада жанында анау, Итөлгеннiң соқпағы,
Жiбек жолмен көш кеп қанша Айнатасқа тоқтады.

Алтын төбе, сұлу Өгем, Тамшыбастау, Жарбастау,
Бекзат төбе, Керегетас, Суықбастау, Көлбастау.
Қайынбай сай, Ақбурада берген сәтте таң қылаң,
Құндыз қайыр, көкемарал, киiкоты аңқыған.

Дүниеге сен осындай топырақтан жаралдың,
Ақбастаудан тармақ-тармақ өлең болып таралдың.
Түсiңе ендi алыстасаң Сансыз баб пен Отырар,
Рабат пен Күбiқұдық, Қақпақтағы шоқылар.

Тектi туған сары баласы, сонау сырлы Тұрбаттың,
Бұл-бұл ұшты-ау, жанарымнан алаңсыз шақ, қымбат күн,
Себебi мен өтiп кетiп, қайырылмаған жылдарға,
Көз жасымды сенiң мұңлы жырларыңмен құрғаттым.

Талай-талай қимасымды,сыйласымды ұрлаттым,
Дос деп сенiп дұшпанымды басты шұлғып тыңдаппын.
Кейiнгi ұрпақ iшiнен бiр iнiлерi табынар,
Қатар жүрген тентек бiткен сап тыйылар, бағынар.

Кей кездерi жалғыз аттыСыздық сұлтан секiлдi,
Бақытжанның Алатаудай асқақтығы тағы бар.
Асыл iнiм алысты ойлап аламаннан ат қайтқан,
Қайта тумас Жұмағам мен Ғафекемдi жатқа айтқан.

Жалғыз кетiп бара жатып ойлай-ойлай бiрақ та,
Жауап таппай шырмап алғаншырмауықтай сұраққа.
Көп қарадым орда бұзар отыз қалған ойпаңмен,
Қамал алар қырық қалған беткейдегi қыратқа.

Мең бар едi құлай сүйген асылымның бетiнде,
Кездескен кеш алыс қалды Күреңбелдiң шетiнде.
Досым сатып,көп таныстар кеткен кезде жалтарып,
Тек сен ғана қорғап жаздың басылымның бетiнде.

Қайырымсыз шулы қала... жалғызсырап қалар деп,
Сенiң досың хабар алып тұрады ылғи Жанарбек.
Ақ шымылдық тәрiздi аппақ сырылмаған сырың бар,
Көлеңкеңдей қасыңнан бiр қалмайтұғын мұңың бар.

Тебiренетiн ұлы дала, жетедi ертең бiр әнiң,
Қазығұртын қимай жүрген көк бөрiдей қыраным.
Достан безiп, оңашалау солай өмiр сүрдiм мен,
Талай даудың ортасында жалтақтамай тұрдым мен.

Мұңлық-Зарлық тәрiздi-ай, соқыр, мылқау қоғамға,
Мұң-зарымды жаспен жазған өткiзе алмай жүрдiм мен.
Рух үшiн ұлы майдан... ғасырлармен жұлқысқан,
Баба түктi шашты Әзiз, Арыстан баб, Түркiстан.

Ұлы Оңтүстiк атамекен, топырағым,киелiм,
Тұла бойда жалғыз тамшы қан қалғанша сүйемiн.
Адамдарың мәңгi байлық, сарқылмайтын қазынаң,
Қуат алып ғұмыр кештiм Бақытжанның сазынан.

Етек жауып, ес жиғанда айтқан жалғыз базынам,
Өңi жап-жас, ал зейiнi, жүз жасаған қарт тұлға,
Поэзия зор сенiмiн қағiлездеу артты ұлға.
Қара балаң не көрмедi, айналайын Оңтүстiк,

Оның тартқан тақсыретiн сары балаңа тарттырма!
Ақын түгiл, адамдар бар аямайтын әкесiн,
Шымқаланың қимай қарап тұрдым бiр сәт кафесiн.
...Еске салып поезд жүрдi, шаруа жайын, бас қамын,
Ал перронда қолын бұлғап, қала бердi жас дарын.

Қасымхан БЕГМАНОВ