Шығармашылығы
КҮЛКІ ТУЫН КҮРЕС ҚҰРАЛЫ ЕТКЕН МҰХТАР ШЕРІМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Мұхтар Шерім есімі қазіргі қазақ сатирасындағы белгілі, танымал болып үлгерген тұлғалардың бірі десек артық айтқандық болмас. Тума таланттылығына ізденімпаздығы мен шеберлік қыры сай келіп еңбек етіп жүрген сатирик-жазушының бүгінгі күні төрт томдық шығармалар жинағы жарық көріп үлгерді, бұл сатира жанрында сирек кездесетін еңбекқорлық. Қалың оқырман қауымға салмақты да салиқалы көп томдық ұсынған жазушының еңбегі зая кетпеді десек те болады, өткен 2009 жылы Мұхтар Шерім Оңтүстік Қазақстан облысының ең үздік жазушысы атанды. Жазушы шығармашылығымен біршама уақыттан бері таныспыз, әсіресе ол баспасөз беттерінде жиі көрінеді, бұл құптарлық жағдай.
Сатирик М.Шерімнің шығармашылығы жайындағы зерттеуімізді аз-кем теориялық тұжырымдарға сүйене отырып бастауды мақсат еттік. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы белгілі академик ғалым, «Сөз өнері» атты теориялық еңбектің авторы Зейнолла Қабдолов сатира табиғатын былай деп түсіндіреді: «Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып-сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді» (1.133). Бұдан анық аңғарылатын жағдаят – сатира аса жауапты және қиын өнер. Қоғамдағы кесір құбылысты, кері кеткен жағдайды қазып көрсету, қалың көпшілікті одан түңілту тіпті оңай емес. Келесі бір тұжырымды «Сатира негіздері» деп аталатын көлемді монографиялық еңбектің авторы Темірбек Қожакеев пікірлеріне сүйене отырып сабақтасақ. Ғалым: «сатира, юмор дегеніміз адам баласының алуан түрлі сезімдерімен, қабілет-қасиеттерімен, әлеуметтік тұрмыс күйімен, қоғамдық ортасымен тікелей байланысты. Солардың өзіндік ерекшелікпен көрініс табуы. Сатира, юмор – әрі көңілді, жеңіл, әрі зілді, қуаныш-ренішке бейім өнер. Олардың күші де осында. Оларды ұлы мақсаттарға, елді ұлы істерге жұмылдыруға, жұрт жүрегінде қайырымды сезімдер туғызуға, жаңа қоғам құруға кесел келтіретін кесір-кесепаттарға өшпенділік оятуға кең пайдалануымыз қажет»,– (2.16.) деп атап көрсетеді. Сілтемені ұзақтау болса да толықтау етіп алған себебіміз бар, пікірдің ең алдымен академик Қабдолов ойымен астасып жатқаны, яғни кесір құбылысты сатираның ымырасыз әшкерелейтіні, одан әрі профессор Қожакеевтің пайымдауынша сатираны ұлы мақсаттарға пайдалануға болады, әсіресе жаңа қоғам құру кезінде, демек сатираның, юмордың қуат-күші бүгін де керек және оларды тиімді қолданған абзал.
Бір ақиқат нәрсе бар, ол – күні кешегі ХХ ғасырда, әсіресе сол ғасырдың екінші жартысында сатира қаруының тым күшті және құдіретті болғаны еміс-еміс есімізде. Сейіт Кенжахметов, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы тәрізді сатира сайыпқырандарымен қоғам санасатын, қажет кезінде қаймығатын, тіпті қатты құрметтейтін, әсіресе кесір де кеселді құбылысқа жол беріп алғандарда қатты үрей болатын. Бүгінгі уақыт басқа, ғасыр ауысты, қазақ елі азаттыққа қол жеткізді, өкініштісі сатирадан қорқатындар сиреп келеді.
Шүкіршілік ететініміз сатира қазір де өмір сүріп келеді, соның ішінде сатиралық әзіл-сықақ театрларынан аяқ алып жүре алмайсыз. Жеңіл күлкі, арзан ойды азық ететіндер де көбейіп барады-ау деп қорқасың кейде мына қоғамда. Асыл мен ақықты, бекзаттық пен бетсіздікті, тектілік пен тексіздікті ажырата білу қиындады, сонымен қатар кітап оқитын қалың оқырман қауымға да жақсы кітап пен жаман кітапты айырып оқу оңай болмай тұрған мына заманда «кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына» айнадағыдай жарқыратып көрсететін сатираны биікке көтеру қиынның-қиыны болып тұр. Әйтсе де «Күлкі көбейсін!» деп елеңдеп отыратын қауым да жоқ емес. Бүгінгі әңгіме «қазақ сатирасында өзіндік стилі, қолтаңбасы бар жазушы» (3.3.) Мұхтар Шерім жайында екенін сөз басында ескерттік. «Күлкісінде мұң бар» Мұхтардың қысқаша өмірдерегі төмендегідей: «1957 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас (қазіргі Бәйдібек – Н.Н.) ауданында дүниеге келген. КазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі «Қақпан» сын-сықақ бөлімінде тілшілік қызмет атқарды. Кейінірек республикалық «Ара-Шмель» журналының оңтүстік облыстардағы тілшісі, «Барыс» газетінің бас редакторы» (4.341.) қызметтерін атқара жүріп, әзіл-оспақ «Тамаша» театрының танымал авторы да болды. Республикада тұңғыш рет (1991 ж.) сатиралық «Жұдырық» газетін ұйымдастырып, үн жарияның құрылтайшысы әрі бас редакторы болғанын біреу біліп, біреу білмейді. Қазіргі уақытта Қазақстан халықтар достығы университетінің аға оқытушысы, көп жылғы жазушылық тәжірибесін жас өскіндерге үйретіп жүр. Жазушы Шерімнің алғашқы кітабы «Бюрократпен қоштасу» 1998 жылы жарық көрсе, кейінгі жылдары «Қисық шеге», «Құдағи құшақтай береді» т.б. кітаптары жарық көрген, бүгінгі күні «50 + сатира = Мұхтар Шерімнің» шығармалар жинағы төрт том болып жарық көрді. Ол кітаптарын санамалап көрсетсек төмендегідей ретте. «Ым-бап-па-а!» (1-том, 19 б.т.), «Быт-шытыңды шығарамын!» (2-том, 19 б.т.), «Талтайып тұрғым келеді...» (3-том, 19 б.т.), «Кешіріңіз, сіз есек емессіз...» (4-том, 19 б.т.). Төрт томдық сатиралық шығармалар жинағы 2007 жылы Алматы қаласы, «Нұрлы әлем» баспасынан барлығы 76 баспа табақ болып жарық көрген.
Бүгінгі біздің шағын зерттеуімізде бұл аталған төрт том жинақтың барлығына бірдей кеңінен тоқталып, жан-жақты талдауды мақсат етіп қойған жоқпыз. Басты мақсат «О, сатира! Мен саған ғашықпын!», – деп бар даусымен жар салып келе жатқан сатирик жазушының шығармашылық өнерінің өзіндік ерекшелігі, бүгінгі мынау жаһандану үрдісіне бет бұрған қоғамнан алар орны, сатира мен қоғамның қарым-қатынасы қандай болып тұр деген қадау-қадау сұрақтар төңірегінде ой өрбітеміз.
Айтпақ ой-пікірдің әуенін бірінші том «Ым-бап-па-а!», – деп (5.) аталатын алғашқы кітаптан бастасақ. Бұл көптомдықтың алғашқы кітабының алғысөзін жазған қазіргі қазақ сатирасындағы көшбасшылардың бірі Ғаббас Қабышұлы былай дейді: «Ағаларының күлкі туын жоғары ұстап өткен Осекеңнің (Оспанхан Әубәкіров –Н.Н.) туын мақтанышпен мұра етіп жүрген інілері де аянуды, аяуды білмейді,... әмбебаптың бірегейі – қазағы шүпір-шүпір Шымкент қаласының, «көктем сол жақтан басталатын» (ақын С.Асанов) Оңтүстік өңірінің, күллі қазақ даласының күлкі қаһарманы Мұхтар Шерім!».
Шын мәнінде де күні кешегі сатира сайыпқырандары болған аға буын Оспанхан Әубәкіровтердің биік көтерген туын ұстап қалған аз ғана сатириктердің бірі «күлкі қаһарманы Мұхтар Шерім». Біз білетін Мұхтар Шерімнің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі қысқа әрі нұсқа жазады. Себебі сатира шұбалаңқылықты сүймейді, ол ұзақ-сонар баяндап отыратын әңгіме емес, керісінше ұзақ баяндауға барған жағдайда өзінің мән-мағынасын әлдеқайда әлсіретіп алады. Сатирик Шерімнің айырықша атап өтерлік басты қасиеттері – батылдығы, өткірлігі, дер кезінде дәуір рухына үн қосып отыратындығы, түйіндеп айтқанда ұстаз сатиригі Ғаббас Қабышұлы атап көрсеткендей «қаһармандығы». Біз де сатириктің жаңа ғасыр көкжиегінде болып жатқан сан алуан құбылысты жіті бақылап, дер көзінде көріп, әсіресе кеселді құбылыстарды бізден бұрынырақ байқап жатқан көрегендігіне тәнті болдық. «Дұшпан іздеп жүрмін» – шағын ғана дүние, алайда көтеріп отырған мәселесі атан түйеге жүк боларлықтай. Әңгіменің бас кейіпкері Мыжбан әлдекімдер сияқты дос іздемейді, сол мақсатта, яғни дұщпан болу үшін облыс прокурорның кабинетінен бір-ақ шығады, прокурордың өз аузынан олардың да өз дұшпаны – әділет министрлігі бар екенін естиді. Мыжбан кейіпкер жай кетпейді, облыс әкімінің жер біткенді өзіне, барлық туыстарына сатып алып жатқанын көрмей отырған прокурордың әділетсіздігін де айтып салады, келесі іздеп барғаны облыс әкімі Тыжбан Тәпековтің де өзіне жетерлік дұшпандары бар болып шығады, ол ағынан жарылып: «Бірінші орынбасарым президент аппаратындағы туысына жамандайды екен. Ол президентке жамандайды» (5.11.), –деп зар еңірейді, әйтеуір айнала толы дұшпан. Бұл да бүгінгі заманның ең бір осал тұсы. Абай хакім айтқандай:
Ел де жаман,
Ер де жаман –
Аңдығаны өз елі, – (6.112.) болып тұрғаны да бүгінгі күннің ащы шындығы. Қаламгер осы құбылыстың бір қырын ғана қырын сатираны қару ете отырып ашып көрсеткен, басқалай көрсетудің жолы аз.
Дін аса қастерлі ұғым, оның ішінде біздің мұсылман діні, құран хадистері ізгілікке, жақсылыққа, имандылыққа толы. Имани ұғым жайында көп жыр жазған білімдар ақын Шәкәрім:
Сөйтіп бұзып бүлдіріп, есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар.
Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді,
Кәнеки, бұл сөзіме кім таласар? (7,201.), – деген мағынада сұрақ қояды. Дін ХХІ ғасырға қадам басқан қазақ қоғамын да қатты алаңдатып отырғаны бәрімізге аян. М.Шерімнің «Иеговада» ирелеңдеп жүреді ме?» атты шығармасы да қалың оқырманның жанды жеріне тиетін мәселе. Әйелі мен туған баласы басқа дінге, иеговаға өтіп кеткен әкенің «діннен безген қасиетсіздер! Әне, қатын азды, ұрпақ азды деген осы!» дейтін жан айқайын еститін уақыт жетті. Өзге дін бір ғана иегова болмай тұр.
«Қойшы-ей, Мыжбан, әкім болсаң қайтейін!» – бір оқып шыққанда адамдар арасындағы қарым-қатынас, бауырмалдық жайында тәрізді. Бала күнгі сыныптас достардың, яғни облыс әкімі дәрежесіне жеткен Мыжбан мен әлдебір бизнесменге жанын жалдап, күн көріп жүрген Тыжбанның кездесуі, өзара диалогтары бүгінгі уақыттағы билікке қолы жеткендер мен қарапайым еңбек адамдарының арасындағы байланыстың қандай деңгейде тұрғанын дәлелдей түседі. Өмір өзен жағалауының бергі бетінде қалып, арғы бетке өте алмай қалған Тыжбан арадағы кикілжіңге күйініп кетіп: «ұстама деймін, кісіліктерің жұғып кетеді. ...танысыңа миллиондап беріп, әкім болғаныңа түкірдім. Сендер өз құлқындарыңның құлдарысыңдар!», –деген райдағы қатқыл пікірін тым батыл және бір кездегі парталасы ретінде батырып-ақ айтады. Ақиқат шындықтың бірі – қарапайым халық пен билік жүйесінің ара-жігі бөлініп барады, көп жағдайда билікке жетудің жолы пара арқылы шешіліп жататыны там-тұмдап болса кездесіп жатады. Жазушы Шерім – осы індетке қарсы құралды сатирадан іздейді, билік – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті он соққымен шешкісі келеді, жазушы – жемқорлықты әшкерелеу арқылы тоқтатқысы келеді, кім жеңетінін уақыт көрсетеді, екі жолдың қайсысы дұрыс екені уақыт еншісінде.
М.Шерім шығармашылығы жайында жазылған зерттеулер тым көп деп айта алмаймыз, алайда сықақшы жазушының «Кешіріңіз, сіз есек емессіз» деп аталатын төртінші томына алғысөз ретінде жазылған Толымбек Әлімбекұлының «Мұхтардың күлкісінде мұң бар» деп аталатын шағын ғана зерттеуі ерекше назар аударарлықтай. Өзі де белгілі сатирик, әлденеше кітаптың авторы Т.Әлімбекұлы өз әріптесінің талант қырын тап басып көрсетеді. «Мұхтардың әзіл-сықақ әңгімелері таза сатира. Олай деуіміздің сыры – оның скетчтері мен әңгімелері тек бар нәрседен сарказмнен құралған. Жалпы, өмірден алынған күлкілі жағдай ғана иланымды. Ойланып оқыған адамның Мұхтардың күлкілерінде мұң бар екенін сезуі тиіс»,-дейді. (8.3.) Ел ішінде, қалың қауым ортасында үнемі белсенді әрекетімен көзге түсіп жүретін Шерім шығармалары жалаң ойдан ада, шынайылығы басым, күнделікті өмір шындығын тілге тиек етеді. Сатирик суреттеуіндегі кез-келген оқиға күдік тудырмайды, ал енді басты айтпағымыз «Мұхтар күлкісіндегі мұң бар» екендігі. «Адам болып дүниеге келген соң, менің де алқаш болғым келді. Ішіп алып қызып жүргім келді, еңбектеп қара жерді сызып жүргім келді», – дейтін Шерім кейіпкерінің іс-әрекеті күлкіліден гөрі мұңға тұнып тұр десе де болғандай. «Енді ішпеймін» деген тақырыптағы сықақ әңгіменің бас кейіпкері Мыжекең (Мыжбан ғой баяғы – Н.Н.) «Бүгінде қыздар да қызып жүретінді шығарды. Ішуден қашпайды, ішсе, жаман қылық бастайды!» – деп бір түйреп өтеді. Иә, бұл күлетін оқиға болмай тұр, керісінше қазақ басына айырықша төніп келген қайғы, мұң бар деуіміздің себебі осы.
Мұхтар Шерім қаламы батыл, шығармаларының формалары да әр алуан, тіпті көпшілігі сахнаға өзі сұранып тұрады десе де болғандай. Біздің қоғамда дертке айналған қасірет көп, сол себепті де сатира сайыпқыраны жауырды жаба тоқымайды, қаламды батыл сілтейді. Соның дәлелі болатын шығармалар тіпті де жеткілікті. «Қазақстан Республикасы мафиясының «Конституциясы» – осы қатардағы шығарма. Конституция – Ата заң деген ұымдар қандай биік, қасиетті екенін білеміз, ал енді сыбайлас жемқорлық пен мафияның жетегіне түскендердің өз «заңы» бар екенін жазушы өлтіре әшкерелейді. Мафия «Конституциясының» І бөлім, 1-бабындағы: «Қазақстан мафиясы (Мафистан) біртұтас, жабысып қалған, ажырамас, зайырсыз, демократиясыз, құқыққа қақырынып қарайтын, Мафистан мемлекеті болып табылады» (8.77.) – деген анықтама-заңдылықтар жай оқырманды ғана емес, билік жүйесін, соның ішінде құқық қорғау саласын да, әсіресе Ата заңның орындалуын қадағалайтын органдарды тік тұрғызатындай зілді. Мұндай батылдыққа екінің бірі бара бермейді.
Мұхтар Шерімнің аудиториялық кеңістігі мол, тым жоғарыда, билік басындағы биік креслода отырғандардан бастап, бүгінгі заманның «жаңа қазақтарына» дейінгі аралықты түгел қамтиды, арасында қарапайым күй кешіп жүрген мұғалім, дәрігер, жазушы, т.б. сан алуан кәсіп иелерін тақырып аясына сыйғызып алып отырады. Әсіресе сатириктің сын садағына ілінетін кейіпкерлер қатарында прокурор, сот, әкімдер, министрлердің мол болуы қоғам шындығы. Қай тақырыпқа бармасын шындықтан ауытқымай, әрине сатираның заңдылығын бұзбай жазады. Жазушының етене жақын кейіпкерлері Мыжбан, Тыжбан, Қатипаш, Әпек, Тәпек, Ойбике, Қойбикелердің бойындағы сан алуан «қасиетті» оқыған адам ойлануға тиісті, өзі, өзінің іс-әрекеті жайлы жазылғанды оқығандардың ойланбауға хақы жоқ. Сатирик Шерімнің бір дәрігер бас кейіпкері «Мынау қашан өлген?» – деп қасқайып тұр, сұрағының сықпыты солай. Қандай қорқынышты, мұңға, қайғыға батыратын-ақ қорқынышты сұрақ. Қойылған сұрақтың жауабы төмендегідей: «Кешеге дейін дәріге ақша бермеді. Шыдамсыз екен, өле салыпты». Мұны айтып тұрған әр аурудан «отыз мың теңге» талап етіп отырған бас дәрігердің орынбасары Мәндірбаев. Әрине, бүкіл дәрігер атаулыға күйе жағу жараспас, бірақ, бірақ, сатирик сипаттаған жағдайлардың қоғамда там-тұмдап болса кезігетіні рас, өзімізді осылайша жұбатамыз, алайда сондай сұмдықтың жиі-жиі етек алуы да өріс алып барады. Сатирик жазушы – кері кеткен қоғамның санитары, ол қоғамның әр қатпарында болып жатқан «кеселді, кесірді» дер кезінде байқап, емдеуге, әшкере етуге ұмтылады.
Шерім шығармашылығының басты қасиетінің бірі шыншылдығында және сол шындықты батыл айта білуінде екенін жоғарыда бірер рет атап өттік. Өкініштісі сол мұндай қасиет қазіргі дәуірдегі жазушы қауымында жеткіліксіз, керісінше мадақ әңгіме арқылы жантықтыққа жақындар көбейіп тұр. Жазушы Шерім шығармаларында батыл әшкереленіп жататын құбылыстың бірі рухани мүгедектік пен мәңгүрттік секілді қалың қазақ баласының қас жаулары екенін анық аңғаруға болады. Соның бір дәлел боларлықтай мысалын «Маркес, сен кім едің?» – деген тақырыппен жазылған сықақ әңгіме. Сатириктің сүйікті кейіпкері Мыжбан Мәндірбайұлы бұл шығармада әкімдік қызметке тағайындалады. Әкімдікке қолы жеткендерге әркім-ақ үйір, солардың бір парасы журналистер қауымы екені де жасырын емес. Демек, әкім Мыжбан Мәндірбайұлы теледидар журналисі мен операторы ортаға алып қойған сұрақтарға шама-шарқынша жауап береді. Қойылған сұрақтарға берілген жауаптардың сұрқы төмендегідей: Қазтуған мен Доспамбет жырауларды бүгінгі депутаттардың бірі деп түсінетін әкімнің оқыған кітаптары СССР тарихы, алгебра болып шығады. Ал енді Колумбияның атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриель Гарсие Маркестің кім екенін білмегенімен тұрмай, «тілші ханым, маған Маркестің керегі не? Кім ол маған? Көк тиын! Танымаймын да, танығым да келмейді. Немене, мені Бразилияның немесе Колумбияның губернаторы деп пе едің? Мен әдебиет ауданының әкім емеспін. Мен өзіміздің Мұхтар Шахановты білемін! Жақсы термеші, жырау», – деп тым қатты-ақ кетеді. Мыжбан Мәндірбаев сынды әкімдік билікке қол жеткізген лауазым иесінің ұстанымы мынау: «менің Маркесім – халқым! Менің маркесім – бизнесім! Менің Маркесім – парламенттегі достарым!»(8.52.).
Шерім шығармашылығы жайлы жазылған зерттеуімізді түйіндей түссек. Сатирик-жазушының қалам қуаты кемел шағында тұр, әдебиет әлеміне келген күнінен бастап бір сәт те тынбай бюрократ, жемқор, парақор, рухани мүгедек, мәңгүрттермен күрес майданын ашқан жазушының бұл жолда жеңіске жететініне сенім мол. Жазушы өзінің еңбек жолын бастаған «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істеген жылдарынан бастап, республикалық «Ара» журналында да талай рет атой салды. Қазақ халқының азат ел, тәуелсіз мемлекет болған жылдарында да алған бағытынан қайтпай «Жұдырық», «Барыс» атты газеттер шығарып, күрес жолын таңдаған Шерімнің шығармаларын сүйіп оқитын оқырман, сағнада сөйлететін актерлер аз емес. Осы ретте жазушының шығармашылығы жайында үнемі жанашырлықпен пікір айтып отыратын ұстазы, белгілі сатирик Үмбетбай Уайдиннің берген бағасымен ой қорытындылай түссек. «Күлкі атты өнерде Мұхтар да сөз саптау, сатиралық образ (бейне), тип сомдау жағынан біздің байқауымызша бұрынғы-соңғы немесе ілгері-кейінді келе жатқан сықақшыларды қайталамайды» (9.4.). Өз жолымен, өз соқпағымен, өзі таңдаған күрес жолымен келе жатқан Мұхтар Шерімнің шығармашылық өнерде алдағы уақытта да табысқа, жеңіске жете беретініне тағы да сенім мол. М.Шерім сынды батыл әрі күрескер, тілі уытты, қайтсем мынау қоғамның жан-жарасын жазамын деп шырылдап жүрген жазушы шығармашылығы жайында жазылған алғашқы зерттеуімізде сыни пікір таластырып, кемшілік іздеуді мақсат еткен жоқпыз.
Бұлай етуіміздің өзіндік себептері де жоқ емес. Соның бірі қоғамдағы кеселді, кесір құбылысты тынбай, үзбей, тіпті басын бәйгеге тігіп жазып келе жатқан жазушыға тағы да «былай жаз» деп жөн көрсетудің реті жоқ. Сонымен қатар жазушылық өнер, соның ішінде сатира сайыпқырандарының шығармашылық өнері бағаланбауға айналды, оның себебі қоғам да, әдебиет те сын көтере алмайтын халде тұр, яғни сатира алдаспанынын жарқ-жұрқ еткізіп сілтейтін Шерімдерге «теріс қарайтын» болдық. Ал енді сағна төріне шығып ән айтатындар, айтыс аламанына түскен «ақындар» «машина мінуден» жарысқа түсіп жатқан мына қоғамда қолына қалам ұстағалы бері «жемқорлармен» үзбей, ұдайы күрес жүргізіп келе жатқандарға қырын қарайтын күйде тұр. Сондай-сондай себебі көп болып тұрғанда сатира жанрында қалам ұстап жүрген қадау-қадау Мхтар Шерім сынды күлкі генаралдарына шен-шекпен кигізбесек те қастер тұтып, құрметтеп жүрейік. Жазғанына сын айтудың орнына астарына терең бойлап, болып жатқан, келе жатқан қауіп-қатерден шығатын жолды бірге іздейік, сонда ғана сатира өнерінің сын садағы дөп тиіп, жазушы еңбегіні зая кетпегені.
Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
Филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік
университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті.
31.01.2010. Шымкент
«ШАҚ-ШҰҚ» НЕМЕСЕ МҰХТАР ШЕРIМ ҚАЛАЙ ҚЫЗМЕТКЕ АЛЫНДЫ?
Мұхтар Шерiм Бәйдiбек ауданында туып –өскенiмен, шәкiрттiк шағы Түлкiбас жағында өттi-ау деймiн. Мектепте оқып жүрiп, аудандық «Шамшырақ» газетiнiң редакциясына өлеңiн әкелгенi есiмде. «Өлең-сөлең» жазатындар, шимай-шатпақтарын шығармасаң, бiтiспес жау тұтатындар көбейген кезең едi. Сондайлардың бiреуiнен әзер құтылып,ашуланып, аударма-мен бас қатырып отырғанымда, Мұхтар бала да «лирикалық» бiрер шумағынгазетке әкеле қалыпты. Оқыдым-дағы, жыртып-жыртып, қоқыс қорабына тастай салдым.»Мынауың өлең емес, бүйтiп жазғанша тып-тыныш сабақтарыңды оқысаңдаршы...»дегендей бiрдеңенi айтып, бұрқ еттiм.
Жанары отты бала екен, көздерi одан сайын ұшқын атып, маған «бiртүрлi» қарады. Шамасы, жақтырмаай қалды-ау деймiн. Ендi, менiкi де дұрыс емес, тура ашу үстiнде келе қалғаны, жыртқаным өз алдына, қоқыс қорабына тастай салғаныма өкiнiп те қалдым. «Баланың талабын қайтардым-ау!»-деген ой санамды сызғылады... Өлеңiнiң тақырыбы да мәз емес, «8 март халықаралық әйелдер күнiмен құттықтаймын, ана!»-деп атапты. Сонда бар ғой, егер қолында садағы болса, менiң желкемнен жебесiмен тесiп жiберердей жағдайға түскенiн жон арқаммен сезiнгем.
Сол бала күндердiң күнiнде сатираның садағын асынып, жебесiн кезенiп шыға келдi. Ә дегеннен-ақ, нысаналарды дәл көздейтiндiгiмен дараланды. Талантын танытты. Бүгiнде Мұхтар Шерiмдi күлкi мәнiсiн түсiнетiн талғампаз оқырманыңыз да, көрерменiңiз де, тыңдарманыңыз да жап-жақсы, жан-жақты бiледi.
Қазiр Мұхтар iнiме әзiл-шыны араластырып айтып қоям: »баяғыда әлгi «жырыңды» жыртып тастағаным жаман болмады. Әйтпесе, әйдiк әзiлқой, сұмдық сатирик емес, жәй өлеңдегi жайбасар, ортақол ма, одан да төмен бе, көптiң бiрiне айналып кетер ме ең?»-деп.
«Мүмкiн, Мәке, мүмкiн...»деп өзi де мойындайды. Кей-кейде мойындағысы келмей, мұрнын шүйiрер. Онысы һәм жарасады өзiне. Өлеңiн жыртқаннан кейiнгi арада, талай-талай заман өттi. Онда «Оңтүстiк Қазақстан» газетiндемiн. Мәдениет, әдебиет және өнер бөлiмiнiң аса беделдi, мықты кезi. Сол бiлдей бөлiмдi басқарамын. Бәрiбiр бұрынғыдай тәржiман тiрлiк, мыңдаған хат-хабар, «өлең-сөлең»,«романдар»... Бiр минөт бас бұрмаққа шамаң жоқ. Мұхтар-дың бiрен-саран дүниелерiн «Қақпан» сын-сықақ мүйiсiне берiп тұратынбыз. Өзi әжептеуiр-ақ танылып үлгерген. Республикалық басылымдарға жиi жарияланып тұрған кезi.
Күндердiң күнiнде жұмыс таба алмай, әбден қиналғанын айтып, шаршап-шалдығып, қиылып кеп тұрыпты. Жауапты хатшымыз Байдулла Қонысбек мырзаға кiрiп:» Байеке,»Қақпан» сын-сықақ мүйiсiне таптырмайтын сықақшы ғой, жұмысқа алынуына жәрдемдесiңiзшi,»-дедiм. «Жаухатшы» желкесiн қасыды. Маңдайын ысқылады. Сол қолының шодырайған шынтағын үстелге соғып алып, қабағын шытты:»Дәл қазiр бос орын жоқтығын бiлiп тұрып, буынсыз жерге пышақ ұрасыңдар»,-дедi. «Буыныңыз осал емес қой, бiр орын босап қалатын түрi бар ғой, соны бiздiң бөлiмге...»-дедiк. Аққөңiл ағамыз:» Әбекеңе айтай-ыншы»,—деп бас редакторға кiрдi. Түсi суыңқырап шықты. «Асықпай қоя тұрайық, обкоммен келiсу керек,»-дептi бастық.
«Мұхтарға:» Әзiрше орын жоқ екен, хабарласып тұр»,-дедiм. Шынымен-ақ, көзiне жас кептелiп, сүйретiлiп сыртқа беттедi де, қайта бұрылып:»Мына бiр сықағымды «Қақпанға» бересiз бе?»-дедi.
Әлгi дүниесi «Шақ-шұқ» деп аталады екен. Бiраз уақыттан соң бас алмай оқыдым. Iшегiм түйiлгенше күлiп, рахаттанып қалдым. Ұмытпасам, таксиге бiр қария отырады. Такси жүргiзушi ауылдан келген аңқау шалды алдамақ болып:»Ақша есептегiшiм бұзылып қалып едi, соның орнына «шақ-шұқ» деп айтып отырамын, әр шақ-бес тиын, щұқ-он тиын...»– дейдi. Солай дейдi де. Бiрақ, көбiрек ақша алмақ оймен «шақ-шұқты» аузы-аузына жұқпай айтамын деп, шашалып та қалады...
Сатирасының сонылығы, өзгешелiгi, қалыбы (формасы) ұнап-ақ қалды. Жүгiрiп, «жаухатшыға» бардым. «Бала жыламсырап қайтып кетiп едi, мына сықағын оқыңызшы,»—дедiм. Байекең де оқып, көзiнен жас аққанша күлiп, бас редакторға алып кеттi. Ал, содан кейiн бала Мұхтарды iздейiк. Бас редактор Байекеңе: «Болайын деп тұрған бала екен, қалайда тауып кел»-дейдi. Байдiлдә менi қысады. Мен пақырың Мұхтардың қайда жүргенiнен хабар-сызбын. Арада ай өттi ғой деймiн, орталық саябақ маңындағы «Шолпан» асханасында Байекең екеумiз түстiк тамағымызды iшiп, асқазанымыздың «айқай-шуын» басып отырғанбыз. Мұхтардың әкесi екеуi отырғанын көрiп, әкем тiрiлiп келгендей қуанбасым бар ма? Сөйтсек, Шымкенттен жұмыс табылмаған соң, Алматыға асығыс аттанып, ағасындай болып кеткен Дулат Исабеков арқылы қуыршақ театрына жұмысқа алынып, әдебиет бөлiмiнде «шауып» жүрген жайы бар екен. Байдiлдә «жоғалғанын» жетектеп, бас редактордың алдынан бiрақ шығарды...
Көп ұзамай, Мұхтар Шерiм облыстық газеттiң мәдениет, әдебиет және өнер бөлiмiне қа-былданып, «Қақпанды» жүргiзе бастады.
Қызметке бiз арқылы емес, «Шақ-шұқ» деген шап-шағын, шып-шымыр сықақ әңгiмесiнiң арқасында қабылданған.
Мархабат БАЙҒҰТ
МҰХТАР САТИРАНЫҢ ГЕНЕРАЛЫ
Алматыдағы «Айқын» газетiнiң жауапты хатшысы, талантты сықақшы Ермахан Шайқы белгiлi сықақшы Мұхтар Шерiммен сұхбат алған едi. Төменде осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Мұха, сiз қай жылы, қай жерде дүние есiгiн ашқансыз?
– Үйдiң iшi ысып тұрғанда, далада аяз қысып тұрғанда, желтоқсанның 12 жұлдызында дүниеге келiппiн. Әкем атымды Аязбай да емес, Қарбай да емес, Желтоқсанбек те емес, Мұхтар деп қойыпты. Қыста туылғандықтан ба, жапалақтап жауған қарлы күндердi ұнатамын. Негiзгi, әкемнiң туған жерi – Түлкiбас ауданы. Өзiм Бәйдiбек ауданы, Борлысай ауылында, анамның төркiнiнде түнделетiп дүние есiгiн ашыппын.
– Сiз осы күзде ғана 50 жылдығыңызды атап өттiңiз емес пе?
– Иә, Шымкенттегi Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында шығармашылық кешiм дүркiреп өттi. Бұл кешiмдi қыста, желтоқсанда өткiзуiме болар едi, оқырмандарымды суықта дiрдектетiп алғым келмедi. Өйткенi, Шымкенттегi көп қабатты үйлерге қыста жылу берiлмейдi, «жазды берiледi».
– Мұха, әзiлiңiз әзiр тұрады екен. Содан не болды?
– Не болушы едi? Жұрттың балалары секiлдi алға да, артқа да еңбектедiм, қаз-қаз тұрдым, ал, сатираға көңiлдi сегiзiншi сыныпта бұрдым. Кiтапты көп оқыдым. Тiптi, мектепке апарып, партаның астына тығып алып оқып жатқанымда, сынып жетекшiмiз Өмiрбай ағай көрiп қойып, құлағымды 180 градусқа бұраған.
– Мектепте оқып жүргенiңiзде кiм боламын деп ойлаушы едiңiз?
– Ақын да, ұлы суретшiлерге жақын да болғым келген. Үйдiң, бұлттың, мұрынның, мұрынның iшiндегi қыл-қыбырдың суретiн керемет салатынмын. Түлкiбас ауданындағы Абай атындағы орта мектептi бiтiргеннен кейiн Алматыға асығып, Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түстiм. Мұнда да қарап жүрмедiм. Университетте «Жас толқын» газетiн шығардым. Ақын Мәди Қайыңбаев «Жас толқынға» атты арнау өлең жазды. Омар Бәкiровтың «Таң алдындағы апат» атты әңгiмесi жарияланды. Үшiншi курста «Жiбек желi» атты топтамалық жинаққа сатиралық әңгiмелерiм шығып, төбем көкке 1,2 милиметр жетпей жүргенде сыншы Бақыт Сарбалаевтың «Қызыл алма» атты кiтабында оңбай сыналдым. «Жас талапкер М.Шерiмов шығармасынан күн де, жүн де шықпайды. Сатираны қоя салғаны дұрыс» дедi. Мен сатираны қоя салмадым. Сатираға бұрынғыдан бетер ғашық болдым. Сол жылдардағы «Қымызхана» әзiл-оспақ телетеатрына интермедиялар жаздым. Университетте оқып жүрiп төрт том кiтап жаздым.
– Төрт том?
– Иә, төрт қалың, жалпы дәптер (общая тетрадь) деген болушы едi ғой, соның бiрiншi бетiне суретiмдi жабыстырып, «Мыжбанның мәселесi» деп тақырыбын түрлi-түстi қарындашпен әдемiлеп жазып, төбесiне «Мұхтар Шерiмов» деп қисайтып жазып, I-том деп белгi салып, екiншi томға «Ықы-ықы, ыштыр-р!» деп ат қойып, үшiншi томға «Әй, қайда жүрсiң?», төртiншi томға «Қышынып барамын!» – деп үлкен әрiптермен өрнектеп, сол төрт дәптердi сықақтармен толтырған едiм. Сол арманым биыл орындалды: «Нұрлы әлем» баспасынан «Ымбаппа», «Быт-шытыңды шығарамын!», «Талтайып тұрғым келедi!», «Кешiрiңiз, сiз есек емессiз!» атты 4 том сатиралық жинағым жарық көрдi. Бұған дейiн «Құдағи құшақтай бередi» атты кiтабым оқырмандарға тарап кеткен.
– Қазақ сатирасы туралы пiкiрiңiз қандай?
– Сатираның жiлiк-майын теоретик Темiрбек Қожакеев «жалап-жұқтап» қойған. Қазiргi қазақ сатирасы туралы өз пiкiрiм, бiз баяу жылжып келемiз. Елең еткiзердей жаңалық жоқ. Сатира әлсiз, қауқарсыз. Сол баяғы ұсақ-түйек мәселелердi мүйiздейдi. Әлеуметтiк мәселелерге тiстерi батпайды, немесе таланты тәлтiректеп жатады. Тiптi, кейбiр «сатиралық әңгiмелерге» жүрегiң айниды. Лирикалық әңгiмеге де келмейдi. Мынадай элементтер жетпейдi:
1. Форма (қалып). 2. Әдiс. 3. Сатиралық тiл. 4. Сөз ойнату. 5. Сарказм, немесе юмор. 6. Негiзгi нысана, мақсат. 7. Сәттi түйiн.
Жазылған сатирада айтылар ой күңгiрт болса, мақсаты мәнсiз, қауқары әлсiз, жазуы ұйық, барар жерi тұйық, сөздерi – сұйық болса, онда мұндай әңгiменi «халтура» деймiз. Мысқылды сатирамыз да, юморлы әңгiмемiз де жетiсiп тұрған жоқ. Баспасөз беттерiнде шығып жатқан әзiл-сықақ әңгiмелер «орын толтыру үшiн» берiлiп жатқан дүмбiлез дүниелер. Ондай авторлар үшiн ұяламын. Ал, олар ұялмайды. Жарыққа шыққанына мәз. Оқырман обалы олар үшiн көк тиын! Сатиралық повестер жарық көрiп жатыр. Айтыңызшы, бiр сөйлемiн оқып, жымидыңыз ба? Ащы мысқылын оқып, күрсiндiңiз бе? Бәлкiм, сатиралық деген сөздi сызып тастап, жәй ғана повесть дей салса жарар ма едi? Мұндай кiтаптар кiмге керек? Өздерiне ғана.
– Сiздiң уайымыңызға «уланып» қалғандаймын. Қазақ сатириктерi жоқтың қасы ма?
– Е, жоға. Мен жалпы жағдайды айтып отырмын. Белгiлi сатириктер: Ғаббас Қабышевтiң, Үмбетай Уайдиннiң, Толымбек Әлiмбектiң, Еркiн Жаппасұлының, Шымкенттегi Алпысбай Боранбаевтың, Базарбек Түкiбаевтың сенiң де «оптом» оқырмандардың бар, сатираның сүтiн емiп өскендер ғой.
– «Тамашаның» танымал авторы екенiңiздi бiлемiз, әзiл-сықақ театрлары туралы не айтасыз?
Несiн айтасың, жылағың келедi. Анекдоттар сахнада! Дөрекi қимыл, дөрекi сөздер де, Құдайым-ау, осылар да күлкi болып па? Сахнаға жалаңаш шығу деген не деген масқара! Жұрттың көзiнше ұятсыз сөздер айту да өнер ме? Ұсақ мәселе, қатын-қалаш әңгiмесi сатира ма? «Авторлар жазбайды, жазған күнде сахнаға лайықты емес» деп жатады, театр жетекшiлерi. Жазамыз, жазып жатырмыз, оу, кешiрiңiз, сiз режиссер екенсiз, дәмдi дүниенi неге өзiңiз сахнаға лайықтап жiбермейсiз? Сосын, бiр жаман әдет – көркем дүниеңдi, сатиралық тiлiңдi сызып тастап, «керемет өңдеп» жiбередi, яғни жалпақ тiлге ауыстырады. Демек, олар сатираның теориясын бiлмейдi. Гүлжан Қалыбекованың «Күлкi керуенiн» өзiм ұйымдастырғанымды екiнiң бiрi бiле бермейдi. Ал, театрдың атын қойып, алғашқы қойылымында сөз сөйлеп, түгелдей интермедиялар жазып, олар сахналанды да. Өкiнiшке орай қазiргi «Күлкi керуенi» су түбiне кеттi. Неге? Авторларды менсiнбейдi. Өздерi жұлдыз, өздерi қожа. Гүлжан қарындасымыз сахнаға шықпай-ақ қойса да мейлi. Дауысы – шәңкiлдеп, бiрде ащы шығады, айқайы басым, күлдiре алмайды, ойнай бiлмейдi. Керiсiнше, «Шаншардағы» қыздар жақсы ойнайды. «Шаншардың» «Шаншар» болып қалыптасуына да менiң септiгiм тидi. 1986 жылы облыста «Күлкi жәрмеңкесiн» ұйымдастырдым. Шәуiлдiрге Жүсiп пен Уәлидi iздеп барып, ауылда жүрген жерлерiнен сахнаға шығарып, Алматыға «Тамашаға» қатыстырып, интермедиялар жазып берiп, аяқтан тұрып кетулерiне мүмкiндiк жасағанымды сiз және ол, олардың бiле бермеуi мүмкiн. Уәли Әбдiрайымов пен Жүсiп Ақшораев кейде «ұмытып» қалып, кейде шындықты айтып жүр.
– Мұха, әңгiмеңiзге рахмет!
Сұхбаттасқан: Ермахан ШАЙҚЫҰЛЫ