Сарыбаев Қаныбек

Туындылары


КӨКТЕМ ЖЫРЛАРЫ
Ғашықтық деген себеппен,
Мәз бүлік тіршілік.
Қарайды кәрі теректер
Қайыңға қымсынып.

Ай сұлу аппақ түндерде
Суға кеп шомылар...
Жігітке мұндай күндерде
Қыз ұрсар жөні бар...

Көктемнің құдіретімен
Биік Күн төмендеп,
Қыздардың сүйді бетінен
Қып-қызыл өлең боп.

Тойларын толғап жыр етсе
Тырналар тыраулап.
Мендегі әншіл жүрекше
Түсті Жер бір аунап.

Қызарған гүлдер даламда
Қыздардан аумайды.
Ұстатпай тентек самалға
Жата қап аунайды.

Жігіттер қыз ап қашып жүр,
Бақтан гүл үзгендей.
Өзендер тасып төгіліп,
Шарапша ашиды
Трактор түздің емініп
Арқасын қасиды.

Бұл шақта бүкіл дүние
Ойнамақ, тойламақ
Көз ілмей қыздар үйінде
Біздерді ойламақ.

Демеңдер, «ойбой, тым мынау
Көп бөсіп кеткен ғой»
Өйткені, қазір құрбым-ау,
Көктем ғой... Көктем ғой.

Көк бұйра жүні жылтылдап,
Семірген Жердің шағы бұл.
Өзендер қайнап бұрқылдап,
Өлеңге басты тағы бір.

Ағаштар гүлдеп кетті ғой
Өзіңнің көйлегіңдей боп.
Ақ жаңбыр құйып өтті ғой
Сезімнің сөйлеуіндей боп.

Жағалай жанған шамдардай
Көгалға барып қонды ауыл
Мектепке келген балалардай
Қозы-лақ қақты қоңырауын.

Дегбірімді алып кеп менің,
Көктем ғой саған сөйлеткен.
Сенің де жетті көктемің
Ойлансаң еді-ау бойжеткен.

Көктем боп кетіп барады,
Тілегім менің құрбыжан,
Бүршігін қашан жарады
Жүрегің сенің құрбыжан.