Лебіз
Қанекең, Қаныбек Сарыбаев, өлеңнің қарагеріне мінгенде ерге қонғандай қанаттанып, қабылан қасиетке енетін болар. Ал, өмірде, қарапайым адам ретінде тіпті бөлек еді. Менің айтпағым, жүрегінен жарып шыққан жырларына жеке табиғаты тіпті де ұқсамайтын.
Қаныбектің жырларын оқыған сайын кеудемде бәйге аттары жосылып шауып бара жатқандай әсер алдым.
А. Наурыз
Қаныбек ақынның сөз өнері – шынайы ұлттық болмыс, шымыр шеберлік.
Сәрсен Бек Сахабат
ақын
Қаныбек Сарыбай қазақ халқының перзенті, Егеменді Қазақстанның азаматы, Әзіреті Сұлтанның түлегі... Ол жай ақын емес, халқының айнасы. Жай ақындар – олар ақындықты мамандық деп түстейтіндер... Ал нағыз ақын – айна. Қаныбек Сарыбаевтың жырларынан төл халқының көңіл-күйі, мұңы мен мұқтажы, дерті мен ары, қуанышы мен қайғысы, тыныс-тіршілігі, үміті мен арманы,өткені мен болашағы арасындағы таразы тепе-теңдігі, ұлт болмысының жанды тіршілігінің ырғағы, уақыт пен кеңістік айнасында жарқырап көрініп тұрады.
Қаныбек Сарыбаев тыншу білмес тасқын жыр-шашулардың бұлағы. Ол тек қана арынды жырлардың қайнағы емес, сонымен қатар дарынды ұлдардың да ат жалын тартып, айтыс өнерін жаңғыртуына ұстаздық еткен, ұрпақтар арасындағы алтын желінің, қазақ айтыс өнері мен жәдігерлігінің аманатшысы да...
Д. Т. Кенжетай
Анкара қаласы
Қазақта біздің азамат көп-ау не керім,
Біреуі соның сен едің.
Оятқан мені өлеңіңдегі бөлек үн,
Уа, тамырын тартқан тереңге
Темірдей діңді терегім!
Сен ілуде туар ірісің!
Бақытжан Алдияр
ақын
Көз алдымда өзіме өлеңдері арқылы сырттай таныс тірі ақын десте-дестелеп, кейде орнынан тұрып, кетіп, кейде әрлі-бері бөлме кезіп, өлең оқып тұрды. Әр сөзін қорытып алуға тырысам. Қорғасындай-қорғасындай өлеңдер. Қанекем: «Жер емес, Аспанмын,Көбіңнен асқанмын...» - деп тұрды. Ол, шынында да, сол түні өзін аспан астында жалғыз тұрғандай сезініп еді-ау...
Бақытжан Алдияр
ақын
Мен үшін әкем – тірі тарих, қызғылықты шежіре десем артық емес. Әр адаммен сөйлескенде, байқаймын, әкем ерекше нұрланып, өзінің сөзіне өзі қайрат бергендей сәулеленіп кетеді. Осыншама мен білмейтін, естімеген әңгімелерді қалай біледі? Одан өзендер өріп, бұлақтар тарап жатқандай.
Әкемнің көп білетініне таң қаламын. Ақындық өнері бір төбе. Жан-жақты, өте сауатты кісі, оллаһи. Шешіліп сөйлегенде кетеді дейсіз көсіліп. Тағы да мен естімеген бейтаныс бейнелеулер, тосын теңеулер, өткір ойлар, дәділ тұжырымдар.
Ләззат Сарыбаев
ақынның қызы
Өмір бойы Түркістан деп, Отырар деп өткен, көшелерінде теңселіп жүріп теңдессіз жырлар жанын жарып шыққан шайыр – қабылан мінезді Қаныбек.
Бақытжан Алдияр
ақын
Жасын түскен емендей,
Ауды жүгің теңелмей.
Көмді жолдың бойына,
Қарап жатсын дегендей.
Салмағынан өлеңнің,
Қармағынан кереңнің.
Арбауынан өмірдің,
Шаршадың ба, неге өлдің?!
Х. Есенқара
ақын
Өнердің кейбір адамдарында кездесетін қызғаныш атты қызыл шоқтан таза болмысын аяған тума талант кішкентай ізет көрсе – үлкен ләззат алатын. Өмірде біреулерге бергенін емес, алғанын айтатын адал жүрек, шын мәнінде, туралықтың тура тартатын азулы көкжалы болатын. Өлеңдері жасандылықтан қандай таза болса, соншалықты жанға себетін шуағы мол еді.
Х. Есенқара
ақын