Тұрсынай Оразбаева

Туындылары


ТУҒАН ДАЛАМ


Мадақтан гауһар – жұлдыз, ақық айды,
Тамсанамыз тылсымдау заты жайлы.
Әйтсе де туған далам, сенің ыстық
Құшағыңа ешбірі татымайды.

Ырысымсың, бағымсың, алтын далам,
Биік қойып жүремін даңқыңды аман.
Ұлылықтың өзі боп елестейді
Жазира шалқып жатқан қалпың маған.

Туған далам – гүл жұмақ, сайран далам,
Сенде өткен әр күнім мейрам маған.
Сенде алшаңдап жүрсе де бақытым кем
Дейтіндерге мен осы қайран қалам.

Өзің боп өзек жарды жақұт жырым,
Асқақ-асқақ шығады шабытты үнім.
Жүрегім сендік шексіз махаббатты
Сыйғызғаны үшін де бақыттымын!