Өмірдерек
Тұрсынай Оразбаева – белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» және А. Фадеев атындағы сыйлықтарының лауреаты, Саха (Якутия) Республикасының еңбек сіңірген еңбек қайраткері. Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы «Қайнарбұлақ» ауылында 1950 жылы 19 ақпанда туған. Еңбек жолын Шымкенттегі Ж. Шанин атындағы облыстық қаз ақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. 1970-1980 жж. облыстық радио комитетінде және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып істеген. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. 1980 жылдан бері Қазақ радиосының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында редактор болып істеді. 1981-ші жылдан СССР және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
1989 – 1991 жж. Мәскеуде Жоғары әдебиет курсында оқыған. 1997 жылдан Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші қызметін атқарды. Жас жазушылардың Бүкілодақтық VIII фестиваліне (1975) қатысқан. Облыстық және Алматыда өткен ІІ республикалық ақындар айтысында (1980) жүлделі орынға ие болған. Тұрсынай Оразбаева А. Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2008), Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерекелік медалінің иегері. Мәскеу үкіметінің Құрмет грамоталарымен, Ресей Мәдениет Министірлігінің және Ресей Қорғаныс Министірлігінің медальдарымен марапаттатталған.
Тұрсынай Оразбаева 2015 жылдың 21 мамырында Мәскеу қаласында өмірден өтті.