Тұрсынай Оразбаева

Туындылары


ОТАНЫМ – МАХАББАТЫМ


Бәрі өзіңде –
Тынысым, тіршілігім,
Қуану, мұңаю мен күрсінуім.
Бақытымның бастауы сен деп білем,
Сенен ғана табамын жыр сұлуын.

Бәрі өзіңде –
Ойым да, тілегім де,
Қойның мәңгі толса екен гүл, егінге.
Сенің ұлы тұлғаңды биіктетіп,
Арман жоқ жырлап өтсем бұл өмірде.

Гүлжұмағым,
Отаным,
Сая бағым,
Баянды, бейбіт күнге бай алабың,
Қызың боп саған дәйім еркелесем,
Келеді кейде анаңдай аялағым.

Ел-жұртымның бақыты аталатын,
Сөнбесін мәңгі сенің, Отан, атың.
Ең қымбатты,
Ең Ұлы,
Ең аяулы
Өзіңсің, жан Отаным – махаббатым!