Тұрсынай Оразбаева

Туындылары


ТҮРКІСТАН
(Әні Әбу Ислам Тұрсынбаевтікі)


Артқа тастап сан ғасыр сұрапылын,
Жаңа таңға жалғасты қуат, үнің.
Ұлы дала жүрегі Түркістаным,
Шоқтығысың бабалар мұратының.

Қайырмасы:
              Бейбіт өмір, жайлы күн
              Аймағыңда нұр құшқан,
              Аңыз болған айбының,
              Жасай берсін, Түркістан.

Күн сәулесі төгіліп күмбезіңе,
Қызығамыз сәулетті бұл кезіңе.
Ізгі үмітпен әулие мекенім деп,
Ағылады дүйім жұрт күнде өзіңе.

(Қайырмасы)

Азаттыққа бастаған туды ғой таң,
Жұпар шашып көңілде гүл райхан.
Иассауиден бата алған ұрпағына,
Бағыт сілтеп тұрғандай Абылай хан.