Олжабай Сабырбек

Туындылары


ЖЕЗДЕ ҚОНАҚ (сықақ әңгіме)

Алжыған кәрі күйеудей арсалаңдап Артықбай кіріп келгенде қамыр илеп жатқан Жұпардың қолындағы оқтау белінен қамшы тиген жыландай қайқаң етіп көтеріліп барып, үстел астына сусып түсті. Онсыз да қолын білегіне дейін жалаңаштап алған Жұпар еңкейіп жерден оқтауды көтеремін дегенде аппақ саны айнадай жылтыр ыдысқа шағылысып, жарқ ете қалды. Осы бір ілкі сәтте асханада қыстық соғымның тәтті иісі танауды қытықтағаны болмаса, саунадағы сұлуды сәулелендіргендей көрініс жігіт атаулының ындынын қоздырып, құмарлық оты бас көтергендей еді.
Кетік тістері арасынан сілекейі шұбатылған Артықбай сол арсалаңдаған күйі келіп, қолы қамыр-қамыр болып тұрған Жұпардың қыпша белінен қапсыра құшақтады. Жұпар жылан көргендей жиырылып қалғанымен, әулетті қолдардың қамытынан босап шыға алмады.
— Балдызым менің, жалбызым менің! Шіркін-ай, тамағыңның тәттісі-ай деп тамсанды қыдырма қонақ.
Осы бір сәтте оның тұмсығы Жұпардың аппақ тамағына барып та қалған еді. "Тамағыңның тәттісі-ай!" деп тамсанғанда екі түрлі ой тастап кетті кәпір. Қазандағы тамақ пен балдыздың бал татыған аппақ тамағын қоса меңзеп, бір оқпен екі қоянды қатар атты пәтшағар.
Әйел махаббаты құлағында. Осы аз ғана мадақ садақтан атылғалы тұрған жебені тежеп қалды. Ұрымтал сәттің соққанын сезіп қалған Артықбай мақтау-марапаттаудың тиек-тиегін, жиек-жиегін аяусыз ақтарды. Жұпардың жайлы мінезін, қонақжайлылығын, кеңпейілділігін, ізеттілігін сары майдан қыл суырғандай сыздықтатып суыртпалағанда бір көтерілсе Арыстанды-Қарабастың желіндей апталатып дауылдататын Жұпардың өзі жым болды.
—Төрлетіңіз жезде! Мақтап жүреді екенсіз, — деп төрді оқтаумен меңзеді келіншек.
Төрде талтиып жатқан Артықбай әу деп дем шығарып, бажасының қайда жүргенінен хабар алды.
—Бажаңыз қамыр илеп болғанда келіп те қалар. Теледидарды қоса салыңыз. Ұласпалы фильм жүріп жатыр еді. Мен үшін де көре отырыңыз. Кейін оқиғасын айтып берерсіз, — деп Жұпар алдындағы қамырын жұлмалай бастады.
—Осы балдыздың балтыры да тоқ, илеп жатқан қамыры да тоқ. Сосын екеуі де әппақ шіркін-ай... — деп ішіне жел біткен Артықбай сайтани ойға ерік беріп сілекейі шұбатыла түсті.
—Әй, төрімде шөккен нардай жайрап жатқан кім десем, бажа екен ғой. Қабырғаларыңыз арса-арса, алқынды болып бітіпсіз ғой, тегі, -- деп Әбен кіріп келгенде төрдегі тәкаппар орнынан ұшып тұрды.
Әбен оның езуіндегі шұбатылғанды тәтті етке деген шыдамсыздыққа жорыды.
Дастарханға үйме табақ ет келгенде Артықбай орнынан қозғалып-қозғалып қойды. Жұтқыншағы асты-үстіне қарай жылжып, еріксіз жүтынды. Әбен оның алдына сүбе қабырға қойды.
—Әй, мынау қылдырықтай сүйегің немене? Бажаңа төс қоймасаң да тоқпан жілік үстатпайсың ба? — деп Артықбай ежірейді.
Жұпар екі рюмкені аққудың сұңғағынан ұстағандай шымшып ұстап әкеліп, дастарханның шетіне қойғанда Артықбай өз-өзіне ие бола алмай қалды. Шікірадай шошаңдап орнынан бір тұрып, бір отырды. Балдызы тастаған жұмсақ қолорамалмен екі езуін кезек ысқылады. Әбен қонағының қолына жуан жілік ұстатты. Артықбай арсалаңдап жілікті мүжуге кірісті. Жарықтық жуық арада қолына жілік ұстап көрмеген бе, мүжи-мүжи сүйектің өзіне тісі батып кетті. Осыны бағамдаған Әбен:
—Бажеке, сізді можыған біреу ме десем, нағыз тасшайнардың өзісіз ғой, — деп астына көпшік тастады.
—Е-е, мені кім деп отырсың. Шүкір, күш-қуатым бойымда, әлі тоқал алу бар ойымда, — деп Артықбай насаттанды.
Рюмкелер ренжітпестен сыңғыр қағып тұрды. Артықбайдың екі езуінен шылқа-шылқа май ағып тұрды. Ол бажасына риза болып түннің бір уақытында аттанды.
Ол кеткеннен соң "осы албасты айналдырған бір айда оныншы рет қонақ болып кетті. Үйкезбе неменің кеш түссе аңдитыны ет пе, әлде қызыл шырайлы бет пе?" деп Әбеннің ішіне ішкілік салдарынан күдік кірді. Денесі тоңазып, бет-жүзі қабыршақтанды.
Соңғы кезде ауылда кешкі апақ-сапақта "Ассалаумағалайкум!" деп арсалаңдап кіріп келетін Артықбай туралы алып-қашты әңгіме желдей гулеп тұр. Жұрттың айтуына қарағанда бұл бетсіз тек балдыздарының үйіне барғыштайды. Балдыздарын қытықтап, ойнағанды ұнатады дей ме, бажалары жоқ болса, кемшіліктерін білмекке түрлі тақырыпқа бойлағанды ұнатады дей ме, соңынан "дейді-екесі" дауыл болып соғып тұр. Шіркіннің тәбетінен тәжірибе алып, теберік етіп қоюға болады деседі. Бір өзі бір табақ тамақты жұмырына жұқ көрмейтін көрінеді. Сосын кішісінен жиырма, үлкенімен он кесе сорпа ішетін сорақылығы тағы бар. Егер үй иесі жомарттық танытып «ақмағанбет» алдырса екі-үш бөтелкесін місе тұтпайды жарықтық. Осы мешкей жуырда Таңатардың, Серіктің, Тортайдың, Жандардың дастархандарын жайпап, Омарбектікінде он күн жатып кетті. Әйелі келіп, алдына салып, айдап кетпегенде әлі екі-үш күн жата тұрмақ еді. Құдай сақтады, әйтеуір. Бір қызығы -- әлгі қонақ болған үйлердің келіншектері Артықбайдың әйелімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа атаның қыздары. Заты орта жүздің қыздары болған соң Артықбай келін болып түскен күндерінен бастап еншілеп алған. Енді сол "жезделігінің" арқасында жілік мүжіп жүр.
Міне, бүгін сол Артықбай сойған түлкідей ыржақтап, Әбеннің үйіне көз байланар тұста тағы да жетіп келді.
—Қайырлы кеш, балдызжан, тілеуіңді тәңір берсін! Қос-қостап қошқардай ұл тап. Құдайы қонақ болып келіп қалдым, — деп үйреншікті төріне қарай төтесінен тартты.
Әбен моншада жуынып жатыр екен, сүлгісімен басын орап алыпты.
—Әй, қатындар сияқтанып басыңдағы мына орап алғаның не? — деді Артықбай өзімсініп.
—Ә-ә, Артеке, бажеке! Сіз екенсіз ғой. Бізді мына Жұман арнайы қонақ етіп шақырған екен. Соған дайындалып дегендей, — деп Әбен тізе бүкті.
—Қонағын жақтырмаған жан үйіне кісі келгенде меймандыққа жиналады. Жақтырмай отырғандарыңды білемін, — деп Артықбай артықтау кетті.
Сол сәт Жұпар жұлып алғандай:
—Жезде қонақ, осы үйдің дәм-тұзын сізден аяған кезіміз болды ма?
Қашан келсеңіз де иіліп жастық, төгіліп төсек боламыз. Барымызды аузыңызға тосамыз. Жұман жолдасымыз шақыра қалған екен, құдайы қонақты тастап кеттіңдер деп тыржиып жақтырмайсыз. Ал, өзіңіз үйіңізден ешқашан дәм таттырмайсыз. Яғни, ел үстінен күн көретін, барған жерде жоқты-барды айта беретін езбе қонақсыз. Сосын өз ошағыңыздың басын сыйламай, өзгенің отының басына өңменіңізді үзіп жүретін кезбе қонақсыз. Соңында бүкіл ауылдың қызын бір өзіңіз алғандай жұрттың бәрін балдыз санап, бары болса ішіп-жеп кететін жезде қонақсыз. Солай жездеке! Бір жолға ренжімеңіз. Біз шақырған жерден қалмаймыз. Сіз тағы басқа жерден өзек жалғайсыз, — деді тартпақтап.
Әбен келіншегіне көзін қысып, жұдырығын түйді.
Артықбай алды-артына алақ-жұлап қарап алды да ләм-мим деместен есікке қарай ұмтылды. Әбен келіншегінің бетінен сүйді.
Осы оқиға көп кешікпей алақандай ауылға шып-шырғасыз тарады. Жұпардың жұлынып айтқан сөзіне сөз ілесіп, түрлене түсті. Қазір екі кісінің басы қосылған жерге Артықбай жоламайтын болған. Оны көрген бала-шаға "жезде қонақ" деп қарқ-қарқ күледі.
"Ауру қалса да әдет қалмайды". Артықбай бүгінде басқа жүріс ашыпты. "Сырымды білмейді" деп шамалайтын болар, шалғайлау бір ауылда бірде құдайы қонақ болып, бірде жезде қонақ болып жүріп жатыр деседі.
Әй, қайдам! Ол ауылды да шуландай шулатып, шұлғауы шұбатылып шаршап-шалдығып келіп те қалар. Неғылыпты сонша. Құшақ жайып қарсы алар бір қонақжай қазақ табылып қалар, талай аунап, түгі қалған өзі туған ауыл емес пе?...

/p