Олжабай Сабырбек

Өмірдерек


Сабырбек ОЛЖАБАЙ Бәйдібек ауданы, Шалдар ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінде журналистік қызметін бастаған ол 1993 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке шақырылды.
Сабырбек Олжабайдың журналистика саласындағы еңбек өтілі – 44 жыл. Мамандығына адал кәсіби қаламгер. Үздік шығармалары үшін Қазақстан Журналистер одағының Грамотасымен марапатталды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі. Журналистика саласындағы ұзақ жылғы және жемісті еңбегі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Түркістан облысы әкімінің, мәслихатының Құрмет Грамоталарымен марапатталған. «Алтын қауырсын» сыйлығының иегері, 2005 жылдың «Ең үздік жазушысы». Ғабит Мүсірепов, Төлеген Айбергенов және Садықбек Адамбеков атындағы сыйлықтың лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың туылғанына 110 жыл толуына орай өткізілген республикалық байқаудың 1 орын иегері. Журналистер одағы тағайындаған Юрий Кунгурцев атындағы («Үздік публицистика») және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты. Ресейдің Халықаралық Психология академиясының Құрметті мүшесі. Қазақстанның құрметті журналисі. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Баспасөз саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Қазақ журналистикасының қайраткері. ТҮРКСОЙ-дың Құрмет грамотасының иегері. Мәдениет саласының үздігі. 2022 жылы Өскемен қаласында «Абай Құнанбаев» медалімен марапатталды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ Созақ, Мақтарал және Бәйдібек аудандарының құрметті азаматы.
Ол сонымен қатар жазушылық қырынан да жақсы танылып келеді. Қаламгердің «Ашутас», «Мүсәтір», «Емеурін», «Ұрланған тауық туралы хикая», «Жалдамалы құда», «Ақырзаманның ауруы», «Ғасыр машақаты» сияқты сатиралық, «Жылыбұлақ», «Ақсақ Темірдің алмас қылышы», «Ақілгек» атты прозалық, «Қыз жылаған түн», «Айбалталы айкезбе» атты детективтік, «Ай астындағы ару» атты поэзиялық кітабы бар. Сонымен қатар, «Бақыт құсы» атты ертегілер жинағы оқырмандарынан лайықты бағасын алды.
Сабырбек Олжабай қазір «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бұқарамен байланыс бөлімінің меңгерушісі. «Қара көзілдірікті келіншек» драмасы Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қойылды. «Тісіңнен шығарма,Тымпи» атты комедиясы Түркістан облысында қойылып жатыр. «Тұмарға тұмшаланған тағдыр» драмасын Шаян халық театры қойды. Қаламгердің «Ешқайда бастамайтын сүрлеу», «Жанардағы мұң», «Жұмақтан қашқан періште» әңгімелері түрік тіліне аударылған.