Олжабай Сабырбек

Туындылары


«Хадиша. Ағам және мен.»

Күннің көкке тырмысып көтеріліп қалғанына біраз уақыт болған. Тұратын уақыт әлдеқашан өтсе де әкемнің көне тонын жамылып алған мен ұйықтағансып жатырмын. Орнымнан әлдеқашан «әуп» деп көтеріліп кете салуға да болар еді. Бірақ әкемнің жылы алақанын, маңдайымнан еркелете сипағанын күтіп жатырмын. Қайдағы жұмсақ алақан. Күні бойы қолынан күрек, кетпен түспейтін әкемнің алақаны қашан да күс-күс болып жүреді. Бірақ та сол алақанының өзі мен үшін ыстық. - Тұра ғой, тентегім! Түс уақыты болып қалды. Жігіт деген тал үске дейін жатушы ма еді? Бүгін Наурыз, мереке. Менімен бірге тойға барасың. Есекті ерттеп қойдым, қане тұр! - деген әкем тонның бір шетін ептеп көтерді. Жыл сайын Наурыз келгенде ауыл іргесіндегі қырат басына шығып, әжелер наурызкөже пісіреді. Қыстан қалған сүр етке, құрт, ірімшікке тоятын күн бұл! «Алақай!» Орнымнан қарғып тұрдым. Төрткүл төңірек түрленіп шыға келген. Бәйшешектер бой көтерген. Арагідік біз атын біле бермейтін тағы бір көгілдір гүл ұшырасады. Барлық бала жабылып гүл теріп жүрміз. Араларымызда ересектеріміз де бар. Әне, Хадиша да гүл теріп келеді. Өзі бүгін тым құлпырып кетіпті. Көгілдір көйлегі, қызыл қамзолы тұла бойына жарасып-ақ тұр. Хадиша бізбен көрші. Біздің үйге жиі келеді. Сондайда оған ағам жиі қарағыштайтынын сеземін. - Сәуірбек, Наурыз құтты болсын! - Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Наурыз мерекесімен сізді де құттықтаймын! - деп үлкендерден үйренгенімді мен де айтып жатырмын. - Ағаң көрінбейді ғой. - Ол оқуынан келе алған жоқ. - Келемін деп пе еді? - Соңғы хатында Наурызға барып қаламын деп жазған. - Үлгере алмады ма, келмеді ғой. Қалада институтта оқитын ағамды сағынып жүргем. Көзім жасаурағандай болды. - Қой, үлкен жігіт жылай ма еекен? Ағаң ертең-ақ келіп қалар. Әлде анау келе жатқан сол ма екен? Біздің ауылға қарай жорға мінген екі-үш адам келе жатыр. Бәлкім, Хадиша айтпақшы, солардың бірі менің ағам болар. Олар ауылға бұрылмай, тура төбе басына келіп тізгін тартты. Көрші ауылдың ақсақалдары екен. Мен жүдә жүнжіп қалдым. - биыл ағаңа арнап «ұйқыашар» даярлап едім. Келмеді ғой, - деп мұңаяды Хадиша. - «Ұйқыашар» деген не? - Есейгенде білесің. Саған да бір қыз «ұйқыашар» пісіріп сыйлайды. - Сонда да айтыңызшы, «ұйқыашар» деген не? - Ол жақсы көретін жігітіне қыздардың пісіретін тамағы ғой. Соғымның соңғы етін уызға салып пісіреді. - Сіз менің ағамды жақсы көресіз бе? Хадишаның жүзі алаулап сала берді. Онысын маған байқатқысы келмегеннен, гүл жұлған болып теріс айналды. - Ой, тентек-ай! Сұрамайтының жоқ. Даусы соншалықты жұмсақ шықты. Әрі үнінен өзімсінген, жақын тартқан жылылықты аңғардым. - Хадиша, а, Хадиша! - Ау! - Маған жеңеше болыңызшы. - Ой, тентек-ай! Ол мені ұстап алмақ болып тұра қуды. Құлдыраңдап қашып келемін. Етегін жел кеулеген Хадишаның жүгірісі қандай әсем еді. Арқасындағы қос өрім бұрымы желмен желбірей түседі. Қызыл қамзолы қызғалдақтармен бірге түрленіп, тым сұңғақтана түскен. «Ура! Хадиша маған жеңге болады! Сосын Сұлтан «менің жеңгем әдемі» деп көрсінші». Қашып келем, осыларды ойлап келем. - Тү-у. Өзің тіпті, желаяқ екенсің ғой. Жеткізбейсің. Мұндай тентек болармын ба? Қашу керек деп осыншама жанымды салармын ба, Хадиша тым алыста қалып кетіпті. Кері қайтуға тура келді. Хадиша мені ұстап алып, бауырына басты. Жүрегі атқақтап, тұла бойы жанып тұр екен... Ағам Наурыз тойынан соң біраз уақыт өткенде каникулға келді. Сағынышты қауышулар біткен соң мені оңашалап: - Мыналарды Хадишаға алып барып берші. Мен келді деп айт, - деді. Қолымдағы заттың орауын жазып қарасам, айна, тарақ және иіссу екен. - Тым қуанып тұрсың ғой, ағаң келді ме? - деді Хадиша. Өзінің көріпкелдігі бар ма, ағамның оқудан демалысқа келгенін қайдан біледі? - Иә, мынаны сізге беріп жіберді. - Кәне, көрелікші. Сыйлықтың орауын жазып жатқанда ішкі бөлмеден Хадишаның шешесі шықты. - Мәніқұл қайнағаның баласы, қайдан жүрсің? Мен «ағам оқудан келді» деп мақтандым сәлемдесу орнына. - Мына қыз неге тыштаңдап кетті десем, Кәдірбек келген екен ғой. «Селтеткізер» беріп жіберген-ау, шамасы. - Ағаңа айт, үйден келіп шай ішсін, - деді Хадишаның шешесі. Арада көп уақыт өтпей Құрбан айт басталды. Үйге айттап келген Хадиша мені оңашалап: - Мынаны ағаңа арнап тіктім. Конвертпен қалай жіберерімді білмеймін. Сендер қалаға барғалы жатыр екенсіңдер ғой. Мына жолдықты ағаңа көрсетпей бер, - деді. Қағазбен ораулы затты алып қарасам, көп кестелі беторамал. Өзіне әдемі бір әтір сеуіп қойыпты. - Бұл жолдық емес, кәдімгі беторамал ғой. - Бұны беторамал демейді. Осындай айтта жігіттер қыздардан жолдық сұрайды. Сонда бойжеткен қыздар өздерінің жігіттеріне жұрт алдында қысылып-қымтырылмай-ақ жолдық сыйлайды. Мұндай орамал менде көп. Сенің ағаңа солардың ең әдемісін ғана бермекпін, - деді Хадиша. Жаның неткен сұлу еді, жеңеше. Жалт қараған жанарыңа талай сырды жасырып тұрсың-ау. Осылардың бәрін ағама қалай жеткізермін. Әншейінде арқасында таудан құлаған қос өзендей толқын атып жататын қос бұрымына бүгін шашбау байлапты. Қызыл қамзолының қалталары толы орамал. Жүргенде шолпысы сыңғырлап, қыпша белі майысып, қыз Құртқадан аумай қалпы. «Шіркін, қандай бақыттысың, аға!» деп мен өз қиялыммен алысып қалдым. ... Желтимеске биыл да көктем ерте келді. Баяғы қыраттың басына құрбан шалынып, ниет қабыл болсын, айт құтты болсын айтылып, дін-мұсылмандық жоралғылар жасалынуда. Жер-ана бұрынғы көрікті келбетін қайта тапқан. Алайда, бүгін бұл төбеде менің бала кезімдегідей қыздар «ұйқыашар» пісіріп, «жолдыққа» деп кестелі орамал тігетін, жігіттердің жолдық сұрайтын әдемі бір әдеті, қазақы дәстүрі қайталанған жоқ. Сұлу сезімге шомылған сол бір шырын кез де, менің бейкүнә балалық шағым да қайта оралмады. Сол күні Ай толықсып туды. Мен Хадишаны еске алдым. Ол ағамды әлі күтіп жүргендей сезіндім. Ал, аға бейіті бір төбені томпитып жатыр...