Құрал Көмек

Туындылары


ЖЕЛБІРЕТІП КЕЛЕМ ӨМІР ЖАЛАУЫН


Өткен күндер елес түстей есімде,
Сағым шөлдің мұңын сығам төсімде.
Қайғыларын қашаймын да уақыттың,
Қуанышын деп ойлаймын бақытым.

Қимастықпен талай-талай батты күн,
Жұдырықтай жүрегімде шаттығым.
Қуат алып батасынан тілектің,
Сөндіргем жоқ махаббатын жүректің.

Бақытым бар ұқсамайтын өзгеге,
Көктем өтіп жеттім міне күзге де.
Сөндіргем жоқ жырларымның алауын,
Желбіретіп келем өмір жалауын.

Шыңдарынан, заңғарынан сүйіп кеп,
Тауға қарап қанат жайам биіктеп.
Қырға қонған қызғалдаққа бір қарап,
Менен қалған белгілерге жүр санап.

2008 жыл