Құрал Көмек

Туындылары


АҚЫНҒА СҰРАҚ


Ғашық болып көрдіңіз бе?
Ия, ия
Ғашық болып көргенмін.
Ғашық болмау ерге мін.
Гүл де барып тергенмін,
Жүрек те ашып бергенмін.
Аспанда едім ол кезде,
Қазір енді жердемін.

Нені ұнатасыз?
Ғашықтардың тілдерін,
Сағыныштың түндерін.
аз-үйректің үндерін,
Қырдың жасыл гүлдерін.
Төрт түліктің төлдерін,
Туған жердің көлдерін.
Сусап жатқан шөлдерін,
Толқып жатқан белдерін.
Алыстағы ауылды,
Сәуірдегі жауынды.
Жайлаудағы сауынды,
Алма өскен бауымды,
Аспан сүйген тауымды.
Санама сәуле салтымды,
Тілегі ырыс қартымды.
Тілегі құтты жұртымды,
Жауабым болсын тартымды.
Толғауым солай бітпейді,
Көңілде бәрі көктейді.
Кешірерсіз қарындас,
Бәріне уақыт жетпейді.

Өмір деген не?
Өмір білсең тоқтамайтын керуен,
Серік болар қысқа жолда сенімен.
Өмір деген мәңгі ұйқы алдында,
Жүретұғын азғантай бір серуен.
Бақыт дегенді қалай түсінесіз?
Бақыт деген....Бақыт деген.....
Сағаттардың сәттілігі,
Минуттардың тәттілігі.
Ай мен күннің пәктілігі,
Танымдардың тектілігі,
Өмірдің бар қат тірлігі.
Әрбір жылдың жақсылығы,
Шешімдердің дұрыстығы.
Тәуелсіздік тыныштығы,
Ел мен жердің ырыс құты.

Осындай, міне, талғам бар,
Осындай менде арман бар.
Кеудемнен ұшқан құсыма,
Сендер де қанат жалғандар.

2010 жыл