Құрал Көмек

Туындылары


СҰҢҚАРЛАР


Мекендері тау мен шыңдар, заңғарлар,
Сыбағасы суық жел мен ызғарлар.
Басқа құстар жылы жаққа ауғанда,
Тас-ұясын тастамайды сұңқарлар.

Осылайша ұшар ма еді армандар,
Жалт береді жасандылар, жалғандар.
Басқа құстар жер бауырлап ұшқанда,
Көкті сызып тыныс алар сұңқарлар.

Көп қой жерде, көлеңке боп бұққандар,
Өшпес рухын алар сенен ұққандар.
Өлімің де өзге құстан өзгеше,
Шыңнан сорғып мертігеді сұңқарлар.

Сенен мәңгі естелікке жыр қалар,
Сендер қонған шыңға қарап қыр қалар!
Өзге құстың ләм үндері естілмес,
Шаңқылдаса көк аспанда сұңқарлар.

Ерлік біткен саған қарап сомдалар,
Бар сұлулық саған қарап таңданар.
Өзге құстар қорған болмас қаптаған,
Намыс туын қорғайтұғын «сұңқарлар».

* * *
Балапан ұшқан бақтарым,
Алаулап атқан ақ таңым.
Сағынышымды бойтұмар,
Кеудеме тақтым, сақтадым.

Жадырап күлген жаздарым,
Жанында жүріп маздадым.
Жұлдызбен өткен сырлы түн,
Жүрекпен бірге жазды әнін.

Қаңкылдап өткен қаздарым,
Жапырақ жанды наздарым.
Жаутаңдап қалған жағада,
Сағыныш қонған саздарым.

Аңқылдап аққан бұлағым,
Дәуренім — жастық пырағым.
Жасынның жолын жалғайды,
Кеудемде сыздап жыр ағын.

Қанаты - қалам аққуым,
Өлең боп ұштың, жоқ тыным.
Махаббат жеткен биікке,
Орнатсам енді бақ туын.

6 май 2010 ж.